Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласындағы арнайы әлеуметтік көмек орталығында болған оқиға бүкіл еліміздің назарын аударып, ақыр соңында салалық Білім және ғылым министрлігі республикадағы осындай интернаттарға жаппай тексеру жүргізіп, оларға қатысты нақты шешім қабылдауға мәжбүр болды. Тіпті, Аягөздегі төрт баланың өліміне қатысты 22 мамырда министрдің қатысуымен онлайн форматта ведомствоаралық комиссияның отырысы да өтті. Сонымен орталыққа қатысты шығарылған соңғы шешім қандай болмақ?
Орталық ғимараты қызметіне лайық емес
Брифингте Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімованың мәлімдеуінше, күні кеше ғана Ұлттық превентивті механизмге қатысушылар Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласындағы арнайы әлеуметтік көмек орталығын тексеруге барып, бірқатар кемшілікті анықтап қайтқан. – Біріншіден, орталық 1985 жылы салынған бұрынғы балабақша ғимаратында орналасқан. Соған байланысты тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға қызмет көрсетуге арналмаған. 2007 жылы қосымша тұрғын үй құрылысы салынған. Дегенмен ол да орталық қызметіне бейімделмеген. Айталық, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға аса қажетті бассейн жоқ. Спорт залы жертөледе орналасқан және жарығы мен ауа алмасуы сын көтермейді. Спорт залы ересектерге арналған құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бұл кішкентай балаларды спортпен айналысу мүмкіндігінен айырады. Орталық тәрбиеленушілерінің денсаулығын күтіп ұстауына септігін тигізетін спорттық құрал-жабдықтар жеткіліксіз, – деді Эльвира Әзімова. Уәкілдің айтуынша, асхана дәлізде орналасқан және келіп-кетушілер тамақ ішіп отырған балалардың көңілін аударады. Дұрыс жабдықталған балалар ойын алаңы, пандустар жоқ, ғимаратта екінші қабаттан бірінші қабатқа түсетін лифті орнатылмаған. Тексеруші органдардың тарапынан бақылау әлсіз. Себебі мүмкіндігі шектеулі балалар ем алатын мекеме облыс орталығынан тым шалғайда орналасқан. – Ұлттық превентивтік тетік қатысушыларының пайымынша, тәрбие жұмыстары жеткіліксіз жүргізіледі. Балалардың жас ерекшеліктерін ескеретін тәрбиелік шаралар саны өте аз. Балалардың өздері құқықтары бұзылғанын айта алатындай мүмкіндіктері жоқ. Олардың құқықтары қалай қорғалатыны және олардың кері байланысты қалай алатыны түсініксіз. Толықтай алғанда, Ұлттық превентивтік тетік қатысушылары мекеме өз қызметіне сай келмейді деген қорытындыға келді, – деді Эльвира Әзімова. Дәл осы арада айта кетер бір жайт, Өскемендегі мүгедек балалардың құқығын қорғау ұйымдары мен кейбір медициналық мекеме жетекшілері Аягөздегі орталықта қайғылы оқиғалар орын алған кезден бастап, мекемеге нақты көңіл бөлуді, дәлірек айтсақ, орталықты Семейге немесе Өскеменге көшіру жайлы мәселе көтерген болатын. Мәселен, облыстық Қоғамдық кеңес жанындағы денсаулық мәселелері бойынша сараптау жұмыс тобының жетекшісі Татьяна Чернышова бұл мүлде жол беруге болмайтын жағдай екенін және орталықта бірінші рет болған оқиға емесін айта келіп, өз тараптарынан облыс әкімінің атына нақты ұсыныстармен арнайы хат жазылғанын жеткізді. – Біз мамыр айының 20-сына дейін әзірленген хатта аталған мекемедегі балалардың жағдайын заман талабына сай жақсарту, ондағы қызметті қоғамға барынша жариялы әрі қолжетімді ету үшін Аягөз қаласынан Семейге көшіру туралы ұсыныс білдірдік. Солай ету арқылы мекеменің жұмысын тұрақты негізде қоғамдық бақылауға алуға болады. Орталық қоғам өкілдері, волонтерлар, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ үшін де мейлінше ашық болуы тиіс. Мекеменің жұмысын, балалардың өмірін көрсете алатын өзінің жеке сайты болса. Өкінішке қарай, қазір мұның бірі де жоқ. Біздің жұмыс тобымыз карантин толық аяқталысымен өңірдегі барлық балалар мекемесін тексеріп шығуды жоспарлап отыр, – деді ол. Татьяна Чернышованың ұсынысы артынша бірден еліміздегі уәкіл Аружан Саин тарапынан да қолдау тапты. Ол облыс әкімдігіне Аягөздегі мекемені Өскемен қаласындағы қазір бос тұрған бұрынғы Жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының (БСМП) ғимаратына көшіруді ұсынған болатын.Өңірде айтылған ұсынысты министр де қолдады
Облыста басталған бастама республикадан, тиісті министрлік тарапынан да қолдау тапты. Аягөздегі әлеуметтік көмек орталығын Өскеменге көшіру мүмкіндігін қарастыруды сол онлайн форматта өткен ведомствоаралық комиссия отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те айтты. Дәл осы Аягөз қаласындағы арнайы әлеуметтік көмек орталығындағы 4 баланың өліміне қатысты жайт қаралған отырыс барысында министр мұндай проблема еліміздің басқа да аймақтарындағы дәл осындай мекемелерде байқалатынын жеткізді. Сонымен қатар Аймағамбетов отырыста айтылған барлық ұсыныстар тағы қаралып, орындалуы үшін хаттамаға енгізілетінін атап өтті. – Ведомствоаралық комиссия атынан Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне мекемені облыс орталығына көшіру нұсқаларын қарастыруды тапсырамын. Ол ірі қаладан 300 шақырым шалғайда орналасқандықтан, балалардың денсаулығы үшін үлкен тәуекелдер болды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия қызметін де жандандыру қажет. Мұнан бөлек, үкіметтік емес ұйымдардың, азаматтық сектордың өкілдерін тарта отырып, медициналық-әлеуметтік мекемелердің, балалар мен қарттар үйлерінің ғимаратына кешенді тексеру жүргізу қажет деп есептейміз. Сондай-ақ қоғамдық бақылау институтын дамытуды жалғастыру керек, – деді Асхат Аймағамбетов. Ал Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі болса министрдің орталықты Өскеменге көшіру туралы айтқанына байланысты әзірше нақты шешім қабылдаған жоқ. Тек облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат бұл мәселені шешу үшін бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинмен және басқалармен бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін ғана мәлімдеді. Бұл шаруаға қатысты соңғы өзгерістерді білмек ниетпен хабарласқанымызда облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі жауап бермеді, дәлірегінде телефонын көтермеді.Дәурен АЛЛАБЕРГЕН, Шығыс Қазақстан