Алматы қалалық полициясының басшысы Қанат Таймерденовке қатаң сөгіс жарияланды, - деп хабарлайды Polisia.kz. Дереккөздің жазуынша, ІІМ өкілдері 25 мамырда Алматыда блокбекетте болған қайғылы жағдайға зерттеу жүргізді. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен Алматы қаласы полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденовке қатаң сөгіс жарияланды.
«Әр басшы қоластындағы қызметкеріне жауап береді. Ол жеке құрамда тәртіп пен заң сақталуын қадағалауы керек. Бірақ бұл жұмыс Алматы қаласы полиция департаментінде дұрыс деңгейде атқарылмаған. Салдарынан біз бірден екі қызметкерімізден айырылдық, тағы бір қызметкеріміз жарақат алды. Бұл – біз үшін, марқұмдардың жақындары мен туыстары үшін орны толмас қаза. Сондықтан осындай жағдайға жол берген басшыларға қатысты қажет шаралар қабылданды. Енді ІІМ басшылығы полицейлерден қызметтік тәртіп қатаң сақталуын талап етеді, полиция қызметкерінің кез келген заң бұзушылығына баға береді. Жаңа талаптарда жұмыс істей алмайтын немесе жұмыс істегісі келмейтіндерді қызметтен алып тастайды», - деді министр Тұрғымбаев.Мұның алдында ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жүргізген қызметтік тексерістің қорытындысы бойынша басшылық қызметтегі 9 қызметкерге қатысты тәртіптік жаза қолданылғаны хабарланған еді. Сонымен қатар үш шенді қызметінен кетті.