Экстрадиция туралы бірер сөз

Экстрадиция туралы бірер сөз

Жақында Қазақстан мен Украина іздеуде жүрген күдіктілерді экстрадициялау туралы нақты келісімге келді. Былтыр Парламент Мәжілісінің жалпы отыры­сында осыған қатысты заң жобасы мақұлданып, сәл кейінірек Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған. Бұл келісімнің астарында не бар? Мұндай шарт қылмыстық жа­уапқа тарту және сот үкімін орын­дау үшін адамдарды ұстап беру мә­селесін реттейді. Жасалған қыл­мыс үшін екі елде де ең кемі 1 жылға бас бостандығынан айыру көзделсе немесе сотталған адам­ның өтелмеген уақыты 6 айдан асса, қылмыскер экстрадиция­ла­на­ды. Әрине, кей жағдайда күдік­тіні ұстап беруден бас тарту не­гіздері қарастырылған. Мысалы, бір тарапта қылмыс деп саналатын әрекет екінші жақта олай болмаса, қудалау мерзімі өтіп кетсе, экстра­дициялау егемендік пен ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірсе, сон­дай-ақ заңнамаға немесе халық­а­ра­лық міндеттемелерге қайшы келсе, мемлекет экстрадиция жа­сау­дан бас тарта алады. Жалпы, соңғы 3-4 жыл беде­рін­де Қазақстан Украинадан 13 аза­­матты экстрадициялауға сұрау са­л­ған. Бүгінгі таңда алтауы қай­та­рыл­ған, біреуін Украина бермей қой­ған. Себебі Қазақстанда оған та­ғыл­ған айып Украинада қылмыс болып есептелмейді. Ал қайтарыл­ған 6 азамат қылмыстық және эко­номикалық құқықбұзушылық­тар істеген. Тағы 6 азамат Украи­нада жасырынып жүр. Осы уақыт­қа де­йін Қазақстан мен Украина ара­сын­дағы экстрадиция мәселесі Минск конвенциясымен ретте­ле­тін. Кон­венцияда сұрау салынған­нан кейін экстрадиция жасауға нақ­ты мерзім бекітілмеген. Ал екі елдің заңнамасы бойынша экстра­дициялау мерзімі 1 жылдан аспауы тиіс. Иә, «іздеуде жүрген 6 адам үшін арнайы заң қабылдаудың қажеті қанша?» деген сұрақ туын­дайтыны рас. Кей сарапшылардың пікірінше, бұл қадамның саяси астары бар сияқты. Былтыр Пар­ламентте осы заң жобасы талқыла­нып жатқанда Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин әлеуметтік желіде Қазақстан билігі туралы әртүрлі ақпарат таратып отырған ерлі-зайыптылар жайлы сұраған. – Ерлі-зайыпты бір жұптың қашып кеткенін білеміз. Олар YouTube-та іріткі салып жүр. Соттадық, енді жауапкершілігін елде өтеуі керек. Неліктен біз әлі күнге дейін азаматтардың елге қайтарылуын ұйымдастыра алма­дық? 1 жылдан асып кетті ғой, – деп ашынды спикер. Ал Бас проку­рордың орынбасары Марат Ахмет­жанов аталған заң жобасы қа­былданған соң мәселені тезірек шешуге мүмкіндік туатынын мәлімдеген. Шамасы, шенеуніктер «YouTube-тағы жұп» деп Сады­қовтар отбасын меңзеген секілді. Өйткені YouTube арнасында жур­налист Наталья Садықова мен Айдос Садықов «БАСЕ» арнасын жүргі­зеді. Наталья Садықова 2014 жылы «Адамды сыбайлас жемқор­лық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады» деп айыптап, жала жабу бабымен 3 жылға сырттай соттал­ған. Сол жылы наурыз айында Садықовтар отбасымен Украинаға қоныс аударған. Айтпақшы, ұзынқұлақтан естігеніміз, «БАСЕ» арнасын қаш­қын банкир Мұхтар Әблязов қаржыландырады деген қауесет бар. Құқық қорғау органдарының әлгі екеуіне қатты қадалатын се­бебі де содан болуы әбден мүмкін. Әблязов демекші, биыл наурыз айында Бас прокуратура мен Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері Біріккен Араб Әмірліктерінен «БТА Банкінің» бұрынғы басқа­рушы директоры Рустам Ибраги­мовты экстрадициялады. Ибра­гимов «БТА Банкінің» 250 миллион доллар ақшасын Әблязовтің ұйымдасқан қылмыстық тобымен бірлесіп жымқырған деседі. Ал атышулы банкирдің өзі Францияда тұрады. Франция мен Қазақстан арасында экстрадициялау туралы келісім жоқ болғандықтан, оны елге әкелу қиындау. Ресми дерекке жүгінсек, қазір 2 600 Қазақстан азаматына іздеу жарияланған. Оның 1 500-і – мемлекетаралық, 1 200-ге жуығы – халықаралық іздеудегі қылмыс­керлер. Бас прокуратура өкілде­рінің мәліметінше, экстрадиция­лауға байланысты екіжақты келі­сім Қырғыз Республикасы, Өзбек­стан, Болгария, Венгрия, Испания, Италия, Литва, Румыния, Түркия, Иран, Қытай, Солтүстік Корея, Оңтүстік Корея, Моңғолия, БАӘ сияқты 20-дан астам мемлекетпен бекітілген. Сондай-ақ Қазақстан осындай мәселелер бойынша 60-тан аса халықаралық конвенцияға қол қойған. Грекия, Кипрмен де осындай шарт жасалып жатыр. Алайда сондай келісім болса, қылмыскер міндетті түрде қайта­рылады деген қатып қалған қағида жоқ. Ол шешімді әр мемлекет өз мүддесі тұрғысынан саралайды. Мәселен, Қазақстан мен ҚХР ара­сында 2011 жылдан бері сотталған азаматтарды беру туралы келісім бар. Бірақ Қытай билігі 2014 жылы Гуанчжоу әуежайында есірткі кон­трабандасы үшін ұсталған Ақжар­­қын Тұрлыбайды бермей отыр. Неге екені белгісіз. Бәлкім, екі ел­дің заңнамасы екі бөлек болған­дықтан ба, әлде басқа себебі бар ма – басын ашып түсіндірген ешкім жоқ.  

Еркебұлан НҰРЕКЕШ