Nur Otan партиясы ІТ мамандарды оқыту партиялық жобасы аясында «Әлеуметтік мәселелердің ІТ шешімі» байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
Партия хатшысы Илья Теренченко жаңа технологиялардың игілігі қоғам өмірін жақсартуға елеулі ықпал ететінін атап өтті.
– ІТ технологиялардың жетістігі, жаңа құрылғыларды ойлап табатын мамандардың көбеюі, оқушылардың жаңалық ашуы – қуантарлық жағдай. Бұған мектептердің техникалық жағдайын жақсарту арқылы қол жеткіздік. Мектептерге ІТ технологияларды енгізу арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол аштық. Оқушылардың ойлап тапқан жаңа құрылғыларын күнделікті қолданысқа енгізуге партия тарапынан қолдау көрсетуге әрдайым әзірміз, – деді партия хатшысы Илья Теренченко.
Жиында аймақтар телебайланыс арқылы жеңімпаздар ойлап тапқан құрылғыларын көпшілікке таныстырды. Бірінші орынға ие болған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті көзі нашар көретін жандарға арналған 3D принтер ойлап шығарған. Құрылғының артықшылығы – қазақ, орыс тілінде ақпарат береді. Бағасы шетелден әкелінетін құрылғылармен салыстырғанда анағұрлым арзан. Салмағы жеңіл, қолдануға өте ыңғайлы. Жыл сайын көзілдірікті тұтынушылардың қатары көбеюде. Сондықтан Қазақстанда тұтынушылардың қатары көбейген.
Екінші орынға ие болған жеңімпаздар – Ұлан Айдос пен Аружан Чуйкенова құрастырған принтер жазу, сурет салу, әріптерді криллицадан Брайль қарпіне автоматты түрде аударып береді. Ұлан Айдос принтер арқылы көз жанары нашар көретін жандардың өміріне жарық сыйлаймыз деген пікірін айтты.
– Жер бетін 7 милллиард 33 миллионнан астам адам мекен етеді. Соның ішінде 36 миллион адамның көзі көрмейді екен. Біздің мақсатымыз – зағиптарға көмектесу. Жаңа құрылғы арқылы көзі нашар көретін адамдарға қуаныш сыйлағымыз келеді. Колледжде жаңа құрал-жабдықтар ойлап табуға, құрастыруға барлық жағдай жасалған. Біздің принтердің артықшылығы осының көмегімен жазуға, сурет салуға, қаласа кириллицадағы мәтінді Брайль қарпімен қағазға шығарып алуға болады. Бірнеше құрылғының фунциясын біріктіру арқылы біз оны қолданатын адамдарға жеңілдік сыйласақ дейміз. Оңай, қарапайым, түсінікті, қолдануға жеңіл құрылғыға қазірдің өзінде сұраныс көп. Кез келген ғылымның жетістігі адамзаттың өмірін жақсартуға ықпал етсе екен. Бір принтерді құрастырып шығуға 3 айдай уақыт кетті. Алдағы уақытта 1 ай көлемінде бір құрылғы жасап шығаратын жетістікке жетсек, жұмысымыз өнімді болар еді, – дейді Ұлан Айдос.
Үшінші орынға ие болған Шығыс Қазақстан облысының студенттері мобильді қосымша арқылы зағип жандардың техниканы қолдануын жеңілдетпек. Қазір барлық әлеуметтік көмек, қызмет көрсету саласын цифрландыру кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Сол себепті, Nur Otan партиясының «Әлеуметтік мәселелердің ІТ шешімі» жобасы келешекте де мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасауға бағытталмақ. Synergy ғылыми-зерттеу қорының жетекшісі Әділ Нысанов жаңа технологияларды қолдану аясын кеңейту, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін өте қажет екенін атап өтті.
– ІТ технологияны дамытуды жан-жақты қолдау арқылы көптеген жетістікке жеттік. Оның қоғам үшін пайдасы шаш етектен. Жаңа дүниені үйрену арқылы аз уақыттың ішінде нәтижелі еңбек еткен ІТ байқауына қатысушыларға алғысым шексіз. Қатысушылардың әрқайсысының құрастырған құрал-жабдық, құрылғылары Қазақстанда сұранысқа ие. Өйткені шетелден әкелінетін құрылғылар алуға, әсіресе, зағип жандар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қаржылай тұрғыдан ауыр тиеді. Осы байқауға қатысқан азаматтардың көпшілігі құлақ, мұрын, көз ауруларынан кемтар болып қалғандарға арнап құрылғы ойлап тапқаны қуантады. Зағиптардың әлеуметтік проблемасын шешуге ықпал еткенінің өзі үлкен жетістік, – деді Әділ Нысанов.
Жиында өзге аймақтардағы ІТ байқауға қатысқан үміткерлердің де жобасының маңызы талқыланды. Болашақта кем-кетігі толықтырылып, әрбір жобаға арнайы гранттар берілу мәселесі де шешімін таппақ. Сол арқылы қоғамда зағип, кемтар жандарға қоғамда жайлы өмір сүруге жағдай жасалады.