Осы күні тіліміздің шұбарланғаны сондай: Қаз дауысты Қазыбек, Төле би мен Әйтеке билер тіріліп келсе, қазіргі қазақтың сөйлеу қалыбын көргенде қу жанынан түңілер ме еді; түрлі кірме сөздермен әбден қойыртпақ болған қайран тілдің жайына қарап, қорланар ма еді; түйдек-түйдек шешендік тіркестердің орнына, түсініксіз, ұғынықсыз, ұсқынсыз қаншама сөздердің қаптап кеткенін көріп, қамшыларын екі бүктеп атып ұрар ма еді, кім білсін?!.
Қазіргі қазақ «Әй, жарайсың!», «Азаматсың!», «Бәрекелді!» деудің орнына – «Ай, мәледес!» дейді.
Жаңа киім кисе, жаңадан бір зат сатып алса, «Керемет», «Келіскен екен», «Әдемі» деудің орнына – «өлгенский» дейді.
Тапқыр сөзді тауып айтқан адамға «Беу», «Па, шіркін!», «Ғажап» деудің орнына «өлтірдің!» дейді.
Қалпақ кигенге, көзілдірік таққанға сүйсінген болып, «Мынауың жынды ғой!» дейтіні тағы бар.
Бәрін тізе беріп қайтейік. Күнделікті өмірде бәрін естіп, бәрін көріп жүрміз. «Тілімізді сонша шұбарлағанымыз қалай?» деп ойланып, бас қатырып, бұдан құтылудың амалын іздеп жатқан адам шамалы.
Күн сайын тіліміздің ұшында «давай», «уже», «сразу», «или», «пока», «обшым», «так», «просто», «хорошо», «ладно», «а то», «за то», «зачем», «да, ну», «блин», «е, мое» деген мың сан сөз жүреді. Одан қалды «заказат етсей», «звандасай», «гуляйттайық», «тансоваттайық», «таксоваттайық», «переводтайық» деген тәрізді небір шұбар сөз өріп жүреді.
Ақан серінің заманында «Астыма мінген атым сабраснай, ойнайды кемпір мен шал напраснай, ойнаса жас жігіт пен қыз ойнасын, екеуі полный пошым согласнай» дейтін әндер шыққан. «Он алты қыз» әні сол заманның туындысы. Отарлық сана соның бәрін сіңіріп алды. 300 жылға жуық отарлану кезеңінде қазақ тілі дәл тәуелсіздік тұсындағыдай шұбарланған жоқ. Бұл не сұмдық?
Бір кезде татарларға орыс тілінің ықпалы қатты болған. Сонда татар зиялылары кірме сөздерден құтылмақ ниетпен арнайы конференция өткізген екен. Күн тәртібін үлкен әріптермен жазып, төрге іліп қойыпты. «Татар тілін орыс тілінен чистарту туралы» деп...
Біз де сол «чистартатын» жағдайға жеттік.
«Жас Алаш» газетінде редакторлық қызмет атқарып жүрген кезімде «кім де кім сөз арасына бөтен сөз қыстырса – 20 теңгеден айыппұл салынады» деген бұйрық берген едім. Бір аптадан кейін редакция қызметкерлері «Мына тәртібіңізді тоқтатпасаңыз, айлығымыз шайлығымызға жетпейтін түрі бар» деп мұң шаққан еді. Тап сол тәсілді таяуда «Айқын» газетінің қызметкерлеріне қолдандым. Бұл жолы айыппұл мөлшері – 1 000 теңге. Бастапқы бір-екі күннің ішінде, басы менен бастап қаншама қызметкер «ұры сөздерді» абайсызда» айтып қалып, айыппұлдың астында қалдық. Тіпті кейбіреулер қуланып, жұмыс уақытында жақ ашпайтын халге түсті...
Мұның бәрін неге қозғап отырмын? Тазалық – тілден! Тілді журналистер таза қолданбаса, былайғы жалпақ жұрттан не сұрайсыз? Қазір қазақ тілін таза сақтап тұрған – тасқа басылатын газет-журналдар мен кітаптар ғана. Әлеуметтік желіде небір сорақы сөздер, бұралқы байламдар, тұрпайы тіркестер өріп кетті. Кім қалай жазғысы келсе, солай жазады. Бұрын марқұм Бекболат Әдетов, Сабыржан Шүкірұлы сияқты ағаларымыз «әй, бұларың қалай?» деп арнайы мақала жазып, ескертетін. Олардың көзі кетті. Көзі кеткесін сөзі де кетті... Қазір Қайнар Олжай, Асылхан Мамашұлы, Гүлнәр Салықбай, Сәкен Сыбанбай секілді азаматтар ғана шыр-пыры шығып, қорған болады. Олардың айтқанын қаперге алып жатқан адам шамалы. Сонда мына бетімізбен қайда барамыз? Қалай боламыз?
«Қызыл кітап» деген бар. Жер бетінен жоғалуға қараған аң мен құсты, жануар мен жәндікті тізімге алып, қорғайтын кітап. Қазақ тіліне де сондай бір «Қызыл кітап» керек болып қалғандай! Баяғы шешен де көсем сөйлейтін бабалар тілі қараптан қарап қор болды. Мылқау мен мақаудың, сайқымазақ пен сақаудың тіліне жол ашқандаймыз. Қайран тілді қор қылғанша, қорлағанша «Бұл елде көркем де кестелі тілде сөйлейтін қазақ деген ел болған, олардың керемет бай, құнарлы да шұрайлы тілі болған» деп жылы жауып, білген тілімізде сөйлеудің амалын жасау ғана қалғандай!
Солай ма, әлде мен қателесем бе?!.