Арыстағы алапат жарылыс

Арыстағы алапат жарылыс

Дүйсенбі дүрлігумен басталды: Арыс қаласындағы №44859 әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында алапат жарылыс болды. Сұмдық хабар, әдеттегідей, әлеуметтік желі арқылы тарады. Әскери бөлім маңындағы жұрттың мал-мүлкін тастай қашқан бейнежазбасы жүректі ауыртты. Жарылыс бір адамның өмірін жалмады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті орган­дарға Арыстағы әскери бөлім­нің оқ-дәрі қоймасындағы жа­рылыс зардаптарын жойып, тұрғындар қауіпсіздігін қамта­масыз етуді және жарылыс се­бебін анықтауды тапсырды.

Бір байқағанымыз, билік бұл жолы әбжілдік танытып әрекет етті. Халықты алаңдат­қан сауалға дер кезінде жауап беріп отырды. Бір мысал, ел ара­сында Бөген суқоймасын­дағы суды босату арқылы жа­рылыстан тұтанған өртті сөн­діреді-мыс деген алып-қашпа әңгіме тараған-ды. Арыс қала­сының әкімдігі бұл қауесетті жоққа шығарып, ресми мәлім­деме жасады. Алаңдаулы елдің көңілі орнына түсті.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қала­сына барып, жарылысқа қатыс­ты жағдайды түсіндіру үшін тікелей эфирге шықты.

«Әскери бөлімде жарылыс болды. Сағат 09.20 кезінде ха­барлама түсіп, төтенше жағдай жарияланды. Жақында орна­ласқан барлық аудан мен елді­мекен жұмылдырылды. Қазір оқиғаның ауқымына баға бере отырып, қаланы толығымен эвакуациялау керегін ұқтық. Сондықтан барлық бағыт бо­йынша көліктер легі өтеді. Кө­ліктер адамдарды арнайы ла­герьлерге орналастырады. Бар­лық аудан әкімдері лагерьлерді ұйымдастыруды қолға алып, келгендердің тізімін жасауы керек. Әрбір әкімге тапсырма: келгендердің бәрін үйге немесе қонақүйге орналастыру ке­рек», – деді өңір басшысы.

Аталған оқиғаға орай Шым­кент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті 8(7252) 44-94-72, 8(7252)35-33-66, Шығыс Қа­зақстан облысы 8 (7232) 55-38-19 және Алматы қаласы 8 (727) 278-20-83, 278-20-84 нөмір­ле­рімен жедел желілерді іске қосты.

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер апат орнына аттанды. Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөн­діру бөлімшесінің күштері мен құрал-жабдықтары, жеке құрамның 75 маманы мен 16 техникасы өрт сөндіруге жұ­мыл­дырылды. Шымкент қала­лық ТЖД-ның 118 маманы мен 7 техникасы да көмекке жетті. ҚР ІІМ бөлімшелерінен жеке құрамның 463 маманы мен 53 техникасы, оның ішінде аза­мат­тық қорғаныс органдары­ның 193 қызметкері мен 23 тех­никасы, полиция бөлімше­ле­рінің 270 қызметкері мен 30 тех­никасы жұмылдырылды.

Арыстағы төтенше жағдайға орай Ордабасы ауданында медициналық штаб құрылды. Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының бас­шы­сы Мұқан Егізбаевтың бас­қа­руымен Ордабасы аудандық орталық ауруханасынан және облыстық клиникалық ауруха­насында 200-ден астам науқасқа арналған орын дайындалды. 30 жедел жәрдем көлігі Шымкент қаласына кірер 3 жолға қойы­лып, қажет болған жағдайда, бірнеше аудандардан әкелінген қосымша жедел жәрдем көлік­тері дайын тұрды. Апат салда­рынан 31 адам түрлі дене жара­қатымен облысқа қарасты ауру­ханаларға жеткізілді.


Арыстағы оқиғаның сал­дары теміржол тасымалына да ықпал етті. «Шымкент – Арыс – Темір» жол телімінде пойыздар өз кестесінен кешікті. «Қазақ­стан темір жолы» ұлттық ком­паниясына қарасты барлық мекеме «Шымкент – Арыс –Темір» жол торабында қаты­найтын жолаушы пойызда­рының қауіпсіздігі үшін алдын ала шара қабылдап, пойыз­дардың кешігуі туралы ақпарат таратты.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қала­сын­да жарылыстан бүлінген әлеуметтік нысандарды – ба­лабақшаны, қалалық аурухана мен ІІБ ғимараты мен тұрғын үйлерді аралады. Келтірілген шығын алдын ала есептеліп, қала өміріне қажетті жедел шешімдер қабылданды.

Арыс қаласында полиция қызметкерлері қоғамдық тәр­тіпті сақтауға, эвакуацияланған азаматтардың мүлкін күзетуге тартылды. Жалпы, жеке құрам­ның 463 қызметкері мен Ішкі істер министрлігі бөліністерінің 53 техникасы Арыс қаласынан көшірілгендерге көмек көрсетіп жатыр. Қаладағы қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін Ұлттық ұланның әскери бөлімінен 500 жауынгер жетті.

Әскери бөлімдегі жарылыс дерегі бойынша Ішкі істер министрлігінің оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының Шымкент бөлімі Қылмыстық кодекстің 462-бабының 1-бөлігі (қару, сондай-ақ басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу) бойынша қылмыстық істі тіркеді. ІІМ баспасөз қызметі барлық жағдай ішкі істер ор­гандарының қадағалауында екенін айтып отыр.

«Әлеуметтік желілерде Арыс қаласында балалардың жоғалуы туралы ақпарат таралды. Бұл ақпарат тексеріліп жатыр. Оқиға орнынан көшіріл­ген­дер­дің орналасқан жерін анықтау шаралары жүргізіліп жатыр. Ішкі істер министрлігі тұр­ғын­дарды үрейге бой алдыр­мауға шақырады. Ресми ақпа­раттарға ғана сүйену қажеттігін ескер­теді», – делінген ІІМ таратқан хабарламада.

Шымкент қаласының тұр­ғындары Арыстағы жарылыстан көшірілген халыққа көмек көр­сетіп, сүрінгенге сүйеу, құла­ған­ға демеу бола алды. Шымкент қаласындағы орталық мешіт Арыстан эвакуацияланған ха­лықты қабылдады. Мешіт има­мының айтуынша, жеткізіл­гендер мешіттің медресесі мен жатақханасына орналас­ты­рыл­ған. Арыс тұрғындарына көмек­тесу үшін шымкенттіктер су, азық-түлік жеткізіп, барынша қолдау көрсетті.

Шымкент шаһарының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Арыс қаласының тұрғындарын сабыр сақтауға шақырды.

«Біз тұрғындарды эвакуа­циялау үшін жедел жәрдем кө­ліктері мен автобустарды жібер­дік. Қажет болған жағдайда көмек үшін волонтерлерді тарта аламыз. Әзірге оның керегі жоқ. Бәрін сабырға шақырамын», – деп жазды ол Instagram парақ­шасында.

Кеше кешкісін Арыс қала­сында әскери бөлімдегі жары­лысқа қатысты брифинг өтті. Сол жерде Түркістан облысы­ның әкімі Өмірзақ Шөкеев әс­кери бөлім қоймасында болған жарылыстан бір адам мерт болғанын хабарлады.

«Қазіргі уақытта жарылыс­тан зардап шеккен 31 адам ме­дициналық мекемелерге келіп түсті. Оның ішінде екеуінің жағдайы ауыр, қалғаны орташа және жеңіл деңгейде. Бір адам қаза тапты. Оның автокөлігіне снаряд келіп түскен», – деді әкім.

Арыс қаласының жай-күйін баяндаған Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, ең алдымен, қаза тапқан тұрғынның жа­қын­дарына көңіл айтты. Оның айтуынша, әскери оқ-дәрілер арсеналы қоймаларының бі­рінде басталған өрт жарылысқа ұласып, басқа қоймаларға жал­ғасқан. Сондықтан бірнеше қойма жарылып кеткен.

«Өңір әкімдігі пен Төтенше жағдайлар комитетінің іс-әре­кетінің арқасында елді­мекен­дерден барлық тұрғын шыға­рылды. Бұл арсеналда қауіпті оқ-дәрілер мен бомбалардың сақталмағанын ресми мәлім­деймін. Барлық оқ-дәрі сақтық үшін далаға қарай бағытталып қойылған және негізгі соққы толқыны далаға қарай жүрді. Толқынның бір бөлігі елдіме­кенге әсер етіп, бірнеше баспа­наның шатыры мен терезесіне зақым келді. Қауіпсіздік үшін Арыс тұрғындарына жақын арада жедел штабтың рұқса­тынсыз үйлеріне келмеуді сұ­раймыз. Себебі, Арыстың кө­ше­лерінде жарылмай қалған оқ-дәрілер болуы мүмкін. Қазір бір топ сапер тазалау жұмыс­тарын жүргізіп жатыр», – деді министр.

Тұрғындар саперлер жұ­мы­сы аяқталған соң ғана үйлеріне орала алады. Қазір барлық үй мен квартал полиция мен қа­рулы күштердің жіті бақы­лауында.