2019 жылғы 1 мамырға еліміздегі халық саны 18 468,9 мың адамға жетті. Былтыр бұл уақыттағы көрсеткіш 18 321 606 адам еді. Араға бір жыл салғанмен демографиялық ахуалда айтарлықтай жаңалық болмай тұр. Мамандар, қоғам белсенділері осыған алаңдауда. Енді қайтпек керек? Халық санының өсуі мен тұрақтылық мәселесін қалай реттейміз? «Қазақстан халқының демографиялық даму бағыттары және әлемдік тәжірибе» атты халықаралық ғылыми конференцияда бас қосқан ғалымдар бірауыздан «Бізге демографиялық институт» керек деді. Бұл институттың жұмысы қалай жүреді? Бұл орда шын мәнісінде халық санының өсуіне мұрындық бола ала ма? Саналы ұрпақ тәрбиелеуге үлес қоса ала ма? Зерттеуші мамандардан сұрап білдік.
Жұматай ӘЛИЕВ,
«Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
– Бұл бір адамның ғана қолынан келетін іс емес. Бұған ел, халық болып жұмылуымыз керек. Әр аймақтан орталықтар ашу керек. Қыз бен жігітті таныстыратын орындар да артық етпес еді. Өйткені қазір, әсіресе, үлкен қалаларда жастар көбіне жұмысбасты боп кеткен. Олардың уақыттары бола бермейді. Еңбексүйгіш жастардың көбісі үйленбей жүр.
Сосын еліміздегі бала өлімі халық санының өсуіне кері әсерін тигізіп тұр. Еліміздегі жыл сайынғы бала туу көрсеткіші – шамамен 400 мың. Дүниеге келген әрбір 1000 нәрестенің 19-ы өлі туады екен. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 4-5 саннан аспайды. Оған қоса қарагөз қыздарымыз жыл сайын 95-100 мың аралығында түсік жасатады екен. Бұл – үлкен қасірет.
Біз айтып отырған ұсыныстың барлығын жергілікті әкімдіктер өз қарамағына алу керек. Қазақ ұлтының сандық көрсеткішінің жоғарылауы, сапалық өрлеуге апарады. Ал сапалық өрлеу биік өркенге алып келеді. Осы мәселені ғалымдарымыз диалектикалық тұтастықпен байланыстыра қарайтын кезі келген сияқты. Бұл салада тындырғанымыздан алдағы тындырарымыз көп. Айталық ана тіліміздің мәртебесін көтеру үшін өзіміз республикада кемінде жартыға жетуіміз керек. Міне, осы тұрғыдан алғанда бізге бұл институт ауадай қажет.
Нұрсәуле КӨМЕКБАЕВА,
әлеуметтанушы:
– Мен мұны қолдаймын. Себебі, қазір «көбейдік» деп ауыз толтырып айтқанымызбен біз жететін меже әлі алда. Жалпы, әлем бойынша 100-ге жуық демографиялық институт бар екен. Олар өз халқының өсуіне саналы ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосып келеді. Онда неге бізге де осындай институт құрып, халық санының көбеюі жолында жүйелі жұмыс жүргізбеске?!
Негізінен, біздегі демографиялық өсім 2001 жылға дейін қарқынды болды. Ал одан бергіде демографиялық ахуал жақсарғанымен әр жанұяда баланың туу деңгейі төмендеп кетті. Мысалы, көп отбасы 1-2 баламен ғана шектеліп қалатын болды.
Енді мұның себептерін саралайтын болсақ, сан түрлі. Зерттеулердің нәтижесі бойынша, оған отбасының ажырасуы, еркектер арасындағы өлім көрсеткішінің жоғары болып отырғандығы да әсерін тигізуде. Бірақ республика бойынша кейбір облыстарда бала туу деңгейі өте жақсы деп айта аламын. Мысалы, Түркістан сияқты оңтүстік облыстарда бала туу жылдан-жылға көбейеді. Өкінішке қарай, Солтүстік Қазақстан облысында жағдай керісінше.
Негізінен, біздегі демографиялық өсім 2001 жылға дейін қарқынды болды. Ал одан бергіде демографиялық ахуал жақсарғанымен әр жанұяда баланың туу деңгейі төмендеп кетті. Мысалы, көп отбасы 1-2 баламен ғана шектеліп қалатын болды.
Мұның тағы бір себебі – қазіргі жас отбасылар арасында батыстың сәнімен некеге отырмай, тіркеусіз тұра беретін «азаматтық некенің» көбейгендігі. Олар қашан «жарасып» кеткенше балалы болудан сақтанады. Ал оның соңы түрлі оқиғаларға себеп болады. Міне, демографиялық институт халықты санап қана отырмай, осындай маңызы бар, мәні бар әлеуметтік мәселелермен қоса айналысуы керек. Ұлтты көбейтуге үлес қосатын керемет бағдарламалармен жұмыс істеуі керек.
Қамқа ЖАСАНОВА,
«Жан» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
– Жылда елімізде 395-390 мың бала туылады. Ал 2016 жылы Тәуелсіз Қазақстан тарихында ең көп көрсеткіш 400 мың балаға жеткен еді. Ең қызығы, рекордтық көрсеткіш 1987 жылы болыпты. Онда Қазақстанда 417 мың бала туылған. Содан бері халық саны қарқынды түрде артқан жоқ. Еселеп көбейген жоқпыз. Міне, бізге сондықтан да осы бағытта жұмыс істейтін арнайы орын керек. Демографиялық институт ашу идеясын қолдаймын. Бізге қажеті – осы. Бізде көпбалалы отбасылар баршылық. Шүкір. Халық баяу көбейіп жатыр дей алмаймын. Біздегі негізгі мәселе түрлі аурулардың шамадан тыс артып кетуімен байланысты. Жап-жас адамдар түрлі жаман аурулардан дүние салуда. Зерттеулер спирттік ішімдіктермен әуестену, нашақорлық деген факторлардың да бұған әсері үлкен екенін анықтап отыр.
Ауруға байланысты айтар болсақ, бұл жерде жүрек дертінен қаза табатындардың саны бірінші орында тұр екен. Сонымен қатар Семей сияқты түрлі экологиялық апат аймақтарының зардабын шеккендердің әртүрлі деңгейдегі онкологиялық ауруға ұшырауы, одан қаза табуы әсер етуде. Осының барлығы біздің көбеюімізге өз әсерін тигізуде.