Алматыдағы перзентхана дәрігерлері ана мен бала өлімін жасырып келген

Алматыдағы перзентхана дәрігерлері ана мен бала өлімін жасырып келген

Қайғылы оқиға Алматыдағы Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында мамыр айының ортасында болғанымен, дәрігерлер оны бүгінге дейін жасырып келген, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы. Перзентхана басшыларының жасырып келген «құпиясын» Алматының санитар дәрігерлері айтып қойған. Алайда, олардың өзі оқиғаға қатысты толыққанды ақпарат бермепті. Айтуларынша, оқиға 16 мамырда болған. Марқұм – 26 жастағы келіншек. Туыстары оның аты-жөнін атамауды сұрады. Ол операциясыз өзі босанған екен, дүниеге салмағы 4 келіден асатын сәби алып келген. Алайда, арада аз уақыт өткенде келіншек қайтыс болыпты. Көп ұзамай оның баласы да шетінеп кеткен. Орталыққа барған телеарна тілшілерін күзетшілер кіргізбей қойыпты. Директоры да, баспасөз хатшысы да пікір білдіруден бас тартқан. Директор орынбасары Әлия Айымбетова тергеу-тексеру жұмыстарының жүріп жатқанын, марқұмды босандырған дәрігердің қызметтен шеттетілгенін айтты. Алайда, ана мен баланың неден көз жұмғанын сол күйі мәлімдеген жоқ.