«Бүлік шығару – кісі өлтіруден де ауыр күнә», – делінген қасиетті Құранда. Бұл аят ел ішіне іріткі салып, тыныштықты бұзудың қандай үлкен қылмыс екенін білдірсе, "Күмәнсіз, мұсылмандар бір-бірімен бауыр" деген келесі бір аят әр біріміздің ел бірлігіне үлес қосу керегімізді паш етіп тұр. Сондықтан ауызбіршілікте болайық. Бұл – еліміздің тұтастығы мен тұрақтылығы үшін аса маңызды әрі өте қажет. Осы ретте Сириядағы жағдай бәрімізге сабақ болса игі.
Атап айтқанда, сол елдегі қарапайым наразылықтан басталған оқиға жаппай бас көтеруге ұласып, ақыр соңы азаматтық соғысқа әкелді. Орын алған қақтығыстар салдарынан Сирия экономикасы 275 миллиард доллар жоғалтып, әбден тұралады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Сирия жөніндегі елшісінің дерегі бойынша соңғы сегіз жыл ішінде елде 400 мыңға жуық тұрғын қаза тапқан. 5 миллионнан астам халық елін тастап, босқынға айналса, 7,6 миллион тұрғын ел ішінде қоныс аударуға мәжбүр болыпты. Бір сөзбен айтқанда, әлемдік өркениетке елеулі үлес қосқан алып мемлекеттің бүгінгі кейпі адам аярлықтай. Осыған ұқсас жағдайды кезінде әлеуметтік мәселесі түбегейлі шешіліп, өзгеге өнеге болған Ливия мемлекеті де қазір басынан кешіріп отыр.
Міне, осындай дүрбелең дәуір дүбірлеп жатқан сыни тұста халық қамын ойлағансыған сөз сауда, шындап келгенде, елдік мүдделерді етектен тартары анық. Бұл кемшілікті көрме, ешкімді сынама, мінеме деген сөз емес. Баяғыда біреу: «Отырсам опақ, тұрсам сопақ дейді; қатты жүрсем қу аяқ дейді, ақырын жүрсем шуаяқ дейді; сөйлесем тақ-тақ дейді, сөйлемесем ақымақ дейді; жоғары қарасам шапыраш дейді, төмен қарасам сүзбе көз дейді», – деген екен. Сол айтқандай, еліміздегі өзгерістерге тек жала жаба берушілер де жоқ емес сияқты. Ендеше мұны мен олардың жаны ашығаны деп айта алмаймын.
Олай болса бүгінгі таңдағы төзім мен сабыр, ертеңге жетелеген үміт пен сенім, бойымыздағы кісілік пен біліктілік елімізге қалай қызмет еткенімізбен өлшенбекші. Ежелгі грек қаһарманы Аристид айтқандай: «Енді біздің арамызда қайткенде отанымызға көбірек қызмет ете аламыз дегеннен басқа талас болмауға тиісті» дейтін кез келді.
"Он адам жүрген жерде із қалады, жүз адам жүрген жерде – соқпақ, мың адам жүрген жерде жол қалады" дейді. Ендігі жерде жаңа сайланған Президентіміздің айналасына топтаса отырып, тонның ішкі бауындай бірлігі жарасқан халық ретінде қазақстандық жолдан еш таймауға тиіспіз.
Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ, саясаттанушы