Перинаталды орталықтың экс-басшысы өзі магистратурада оқу үшін қомақты қаржыға КАЗГЮУ университетімен келісім жасаған

Перинаталды орталықтың экс-басшысы өзі магистратурада оқу үшін қомақты қаржыға КАЗГЮУ университетімен келісім жасаған

Атырауда перинаталды орталықтың бұрынғы басшысы қомақты қаржыны талан-таражға салған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Қанат Қожахметовтің хабарлауынша, 2018-2019 жылдары жемқорлық қылмысқа қатысты денсаулық сақтау саласында ­– 25, білім беру саласында 68 дерек тіркелген. Білім беру, денсаулық сақтау және оған бағынышты мекемелердің басшыларына қатысты тергеуде заң талаптарын бұзудың көптеген өрескел факті анықталған.

«Мәселен, Атырау облысы Перинаталдық орталығының басшысы өзі басқаратын кәсіпорынмен «КАЗГЮУ Университеті» АҚ «Mini Master of Business Administration (MBA)» бағдарламасы бойынша «Әкімшілік істер магистрі» мамандығында өзі оқу үшін 1 800 000 теңгеге келісімшарт жасаған. Оқу шығыны үшін демеушілік, қайырымдылық көмектер есебінен аударылған қаржыны талан-таражға салу жолымен иемденген. Сондай-ақ, ол қызметкерлеріне сыйақы, ынталандыру сыйлығы және ақылы қызметтер жасағаны үшін қосымша ақы ретінде барлығы 6 978 000 теңгені негізсіз артық аударып, арадағы бір қызметкеріне тапсырма беру арқылы қайта жинап алған», ­– деді Қанат Қожахметов.
Оның мәлім етуінше, неонтолог дәрігердің Португалия Республикасында кәсіби біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасуға баруы үшін 1 490 000 теңге қаржылық көмек бөлінген. Алайда, неонтолог дәрігерді іссапарға жібермей, оның орнына өзі шет мемлекетке негізсіз барған.
«Облыстық перинаталды орталық басшысының лауазымына конкурсқа қатысқан кезде оның еңбек өтілі 4 жыл 10 ай 24 күн болған. Алайда, денсаулық сақтау ұйымдарының басқару лауазымындағы еңбек өтілі 5 жылдан кем емес болуы қажет еді. Ал, бұл лауазымға директорды Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы негізсіз ұсынған», ­– деді Қанат Қожахметов.