Nur Otan партиясы барлық аймақтық филиалдарында Арыстың тұрғындарына көмек көрсету мақсатында арнайы орталықтар жұмыс істейды. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев бүкіл елдің көрсетіп жатқан көмегі жіті қадағалауда болатынын айтты.
«Айтпай келген апат Арыстағы ағайынға ғана емес, бүкіл Алашқа ауыр соққы болып тиді. Әп-сәтте әбігер күйге түстік. Бірақ байбалам салмай, осы келеңсіздікті өздерінің жеке мақсатына пайдаланғысы келетіндерге жол бермеуіміз керек. Ол үшін әрине, қандай жағдай болса да елдік пен бірлікті ту етіп әрекет ету үшін жұдырықтай жұмылуымыз қажет. Өйткені «жұмыла көтерген жүк жеңіл».
Қазірдің өзінде еліміздің барлық өңірінен Арысқа қарай көмек керуенінің лек-легімен ағылып жатқанын көріп отырмыз. Сын-сағатта біртұтастықтың биігінен көріне білген халықтың бұл әрекеті көңіл қуантады.
Осы игі істе Nur Otan партиясы да белсенділік танытып, жүйелі түрде көмек көрсетуде. Нәтижесінде, алғашқылардың бірі болып кеше партиямыздың Қарағанды облыстық филиалы азық-түлік, киім-кешек және басқа да керек-жарақтардан тұратын 10 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Партияның мұрындық болуымен Қызылорда, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарынан да автокеруендер жолға шықты.
Сонымен қатар партиямыздың Ақмола облыстық филиалы Щучинск-Бурабай демалыс орындарында арыстық 100 баланың демалысын қамтамасыз етеді. Павлодар облысы да жазғы маусымда 300 баланың демалысына жағдай жасауға дайын. Осыған байланысты балалардың тізімін жасақтау жұмыстары да басталып кетті.
Партия жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің өкілдері, соның ішінде білікті психолог мамандар апат болған өңірге арнайы барып, зардап шеккен ата-аналар мен балаларға жан-жақты көмек көрсетуде.
Осы ретте жасотандықтардың белсенділігін де ерекше атап өткім келеді. Қазіргі таңда Jas Otan Жастар қанатының өкілдері аймақтағы еріктілердің басын қосып, білек сыбанып әрекет етуде. Алдағы уақытта да партия тарапынан қолға алынған ауқымды жұмыстар қарқынды түрде жалғасады.
Партиямыздың барлық облыстық филиалдарында гуманитарлық көмек қабылдайтын орындар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр», – деді Мәулен Әшімбаев.
ПОЙЫЗДАҒЫ ЖОЛАУШЫЛАРДЫ ЖЕТКІЗЕДІ
Арыстағы төтенше оқиғаға байланысты Қызылорда облысы тарапынан арнайы автокеруен жасақталды. 14 жарым тонна күріш, 10 тонна ұн, 5 тонна қарақұмық, 1,5 сүт жіберді. Облыс бойынша жергілікті атқарушы органдардағы екі мыңнан астам мемлекеттік қызметші біркүндік жалақысын аударады. Зардап шеккендерге азаматтық қоғам институт өкілдері, кәсіпкерлер және жеке азаматтар да өз еркімен қолдау көрсетуде. Теміржол стансаларында апат салдарынан 5 жолаушы пойызындағы 1 200 жолаушыға ыстық тамақ пен салқын су тегін таратылды. Сондай-ақ 15 жолаушыға медициналық көмек көрсетілді. «Мәскеу – Бішкек», «Атырау – Алматы» бағытындағы екі жолаушы пойызы «Сексеуіл» стансасы арқылы Жезқазған бағытымен Алматы, Бішкек қалаларына сапарын үзіліссіз жалғастырды. Пойыздың бағыты өзгеруіне байланысты «Сексеуіл» стансасынан Қызылорда, Түркістан облыстарына баратын 500 жолаушыға жетер жеріне жетуі үшін арнайы 14 вагондық стансааралық пойыз бен 6 автобус қызмет көрсетті. Жолаушыларды Шымкентке тасымалдау үшін үлкен 5 автобус жіберді. Шиелі стансасынан 82 жолаушыны Алматы қаласына автобуспен, 22 азаматты Луговой, Тараз және Шымкент қалаларына шағын көліктермен жөнелту ұйымдастырылды.
Жергілікті атқарушы органдардағы 2 083 мемлекеттік қызметкер біркүндік жалақысын аударуға ниет білдіруде. Зардап шеккендерге азаматтық қоғам институт өкілдері, кәсіпкерлер және жеке азаматтар да өз еріктерімен қолдау көрсетіп, азық- түлік, киім-кешек секілді қолда барын Nur Otan партиясы облыстық филиалындағы қабылдау бекетіне әкеп тапсырды.
Облыс әкімі жанынан жедел штаб құрылып, кез келген уақытта түрлі көмек көрсетуге дайын. Қолдау жұмыстары жалғасады.
ЖҮК КЕРУЕНІ ЖЕТТІ
Күні кеше болған апатқа орай «Сарыарқа» әуежайынан 10 тонна жүк тиеген ЯК-40 маркалы ұшағы жедел түрде Арысқа аттанды. Ең қажетті азық-түлік, киім-кешек, тұрмысқа қажетті заттар жөнелтті.
Қарағандыда Nur Otan партиясының филиалы жанынан арнайы гумманитарлық көмек жинау орталығы ашылды. Облыс тұрғындары, кәсіпкерлер жылу жинап, Арыс қаласына тәулік бойы жіберіп отырады. Арыстық ағайынға қолдау көрсетуде «Қызыл ай» қоғамының облыстық бөлімшесі де белсене атсалысуда. Есепшот ашып, қаржылай көмек жиналды. Апаттар кезінде белсенді жұмыс істеген тәжірибелі қарағандылық мамандар да Түркістан облысына жолға шықты.
Облыста қазір төтенше жағдайлар департаменті жанынан Арыс қаласы бойынша «Жедел желі» қызметі жұмыс істеп жатыр. Қарағандыдағы 6 тұрғын Арыстағы туыстарына хабарласып, хал-жағдайын білген. Төтенше жағдайға байланысты Қарағандыдан Түркістан облысына қатынайтын №252 «Самарқанд – Нұр-Сұлтан» пойызы уақытша жұмысын тоқтатты. Шымкентке қатынайтын өзге жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесі өзгерген жоқ. Қарағандылықтар да Арыстағы төтенше жағдайды қалпына келтіруге бір кісідей атсалысады.
300 БАЛАНЫ ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬГЕ ҚАБЫЛДАЙДЫ
300 баланы жазғы лагерьге тегін қабылдауға дайын екенін мәлімдеді
– Арыс қаласында болған оқиға туралы барлығымыз xабардармыз. Дәл осындай қиын сәтте барлық ел болып қол ұшын беруіміз керек. Сондықтан Павлодар облысы Арыстың 300 баласын аймақтың жазғы сауықтыру лагерьлерінде қабылдауға дайындығын білдіреді. Сонымен қатар Арыс тұрғындарына көмек жинау үшін арнайы пункт құрылды. Арыс тұрғындарының өз үйлеріне аман-есен оралуларына тілектеспін! – деді Болат Бақауов.
Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың тапсырмасымен жазғы демалыс лагерьлері 5 және 9 сынып аралығындағы арыстық 300 баланы қабылдайтын болды. Демалу мерзімі – 15 күн. Бүлдіршіндерді алып келуге Түркістан облысына аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары аттанып кетті. Балалармен жұмыс істейтін еріктілер тобы құрылады. Бұл іске оңтүстік өңірлерден «Серпін» бағдарламасы бойынша оқып жатқан студенттер де атсалысады. Олардың арасында Арыстың да жастары бар. «Арыс, бiз бiргемiз!» акциясына Павлодар облысының полиция департаменті де белсенді қатысуда. Облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Жанар Белялованың мәліметінше, 2 000-нан астам полиция қызметкері біркүндік жалақысын аударды.
– Ауыр жағдайға тап болған Арыс қаласының тұрғындарын бүкіл ел болып қолдап жатқанда біз, Павлодар облысының полициясы, шет қалмауға тырыстық. Полиция департаментінің барлық бөлімшесінде офицерлік, полицейлік жиналыстар өткізілді. Біз біркүндік жалақымызды аударуға бірауыздан шешім қабылдадық, – деді Жанар Белялова.
50 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ҚАРЖЫЛАЙ КӨМЕК АУДАРДЫ
Ақтөбеліктер Арыс қаласының тұрғындарына көмек беріп жатыр. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ 50 миллион теңге қаржылай көмек аударды. Арыстағы жағдайға байланысты Nur Otan партиясы филиалы ғимаратында гуманитарлық көмек бекеті ашылды. Әлеуметтік желі арқылы үздіксіз ақпарат таратылуда.
– Халық күні-түні хабарласып, қандай көмек қажет екенін сұрап білді. Алғашқы көмек ретінде Арысқа екі жүк көлігі аттанды. Су, өсімдік майы, макарон секілді ең қажетті азық-түлік жіберіліп жатыр. Біздің облыста төтенше жағдай болғанда өзге облыстар көмектесті. Біз де қол ұшымызды созамыз, – деді Jas Otan Жастар қанатының жетекшісі Асылжан Бүркіталин.
Ақтөбеліктер қолынан келгенше көмектесіп жатыр.
– Әлеуметтік желі арқылы ақпараттан құлағдар болып отырмыз. Nur Otan партиясы филиалы ғимаратына жинап жатқан көмекке үлесімді қоссам деймін. Отбасымызбен ақылдасып, азық-түлік әкелдік. Біз бір ел болып, басына іс түскен тұрғындарға көмек беруіміз керек, – дейді Клара Мәмбетова.
Ең көп қаржыны «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ аударып отыр. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары, «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің мүшесі Тахталифум Есенғұлов компания көмекке қашан да әзір екенін айтты.
– Компания басшысы іссапарда жүргеніне қарамастан, қолдау көрсетіп жатыр. Сын сағатта халыққа көмек көрсетіп, 50 миллион теңге ақша аударылды. Мұнай-кен орнындағы жұмысшылар да аударып жатыр, – деді Тахталифум Есенғұлов. Nur Otan партиясының облыстық филиалы біркүндік жалақысын аударды.