Кез келген білікті дәрігер біледі: дертті емдеу жолындағы ең бірінші қадам – проблеманы нақты айқындап алу. «Қай айлаққа бет алғанын білмейтін кеменің желі де оңынан тұрмайды» дейді Сенека. Осы орайда биылғы 12 маусымда Қазақстан Президенті қызметіне кірісу рәсіміндегі сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі шешілуге тиісті басты әрі көкейкесті проблемаларды нақты көрсетіп берді.
Енді мемлекет сол қиындықтарды жеңіп, ауыртпалықтарды тегіс еңсерсе, ауқымды жаңғыруларға, ел ырысын еселеп, Қазақстанды өркендетуге қол жеткізбек. Қазіргі кезде Үкімет Мемлекет басшысы қолмен қойғандай белгілеп берген он басымдықты бағыттағы жұмыстарды белсенді жүзеге асыруда.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, ел Президентінің «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасын және «Бірге» жалпыұлттық акциясы барысында жиналған ұсыныстарды іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының міндеттері ең алдымен, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және табысын арттыруға бағытталған.
– Мәселен, «Табысты кәсіпкерлік» бағытында бизнесті дамыту және қолдау, атап айтқанда, кәсіпкерлік бастаманы дамытуды ынталандыру және бизнес-ахуалды жақсарту бойынша шаралар қабылданады. Бизнеске қолдау көрсететін шаралардың тиімділігін бағалау мақсатында осы жылы мемлекеттік бағдарламаларға жаппай талдау жүргізіледі. Оның қорытындысында кәсіпкерлердің өз мойындарына алған міндеттемелерін де ескеретін жаңа тәсілдер әзірленбек. Биыл сондай-ақ «Бизнестің жол картасы – 2025» мембағдарламасы әзірленеді, оның шеңберінде бизнесті жаңа форматта қолдау жалғаспақ, – дейді Ә.Смайылов.
Негізгі тауар нарықтарындағы жағдайға талдау жүргізіліп, бәсекелестік үшін кедергілерді жою және монополиялық жағдайды теріс пайдалануға жол бермеу үшін «Жол картасы» түзіледі.
– Біз Президент қойған міндетке сәйкес, қазір ЭЫДҰ елдерінің үздік тәжірибелерін қолдана отырып, «Оңалту және банкроттық туралы» заңды жаңа редакцияда қабылдау мәселесін пысықтаудамыз. Бүгінде банкроттық және оңалту мәселелері бойынша заңнамаға түзетулердің үлкен блогы да дайын, ол заң жобасы ретінде Мәжіліс қарауына енгізілді. Салық түрлерін оңтайландыруды жүзеге асыру және салықтық әкімшілендіруді цифрландыру қажет. Салық кредиттерін беру тетігі енгізілетін болады, – дейді бас қаржыгер.
«Тиімді қаржы жүйесі» бағытында Ұлттық қордан трансферт қаражаттар тартып, оны шығындай беруді шектеу және бюджеттің шикізат секторына тәуелділігін төмендету мәселесі пысықталмақ.
Бірінші вице-премьердің байламынша, дәл осы шараларды іске асыру үш салада ұтуға жол ашпақ: яғни, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, бәсекеге қабілетті бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасайды және халықтың әл-ауқатын жақсартады.
Қазақстан Президенті ұлықтау салтанатындағы сөзінде әлеуметтік салаға жеке мән беріп, тың тапсырмалар жүктеді. Әлихан Смайловтың мәліметінше, «Әлеуметтік қамсыздандырудың тиімді жүйесі» бағытында әлеуметтік көмектің ашықтығы мен атаулылығын қамтамасыз етуге, әлеуметтік қолдаудың кепілдік берілген көлемінің бірыңғай стандарттарын белгілеуге баса назар аударылады. Ұзақмерзімді актуарлық модельдерді құру негізінде зейнетақы жүйесі одан ары жаңғыртылады.
«Саламатты ұлт: медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігі» бағытында медициналық қызмет көрсетудің жаңа форматтары енгізіледі, кадрлар тапшылығы азайтылады. Медициналық көмек алу мүмкіндіктерін кеңейтуді қарастыратын Денсаулық сақтауды дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа мемлекеттік бағдарламасы жасалады.
Нәтижесінде, жалпы практика дәрігеріне жүктеме 1 700 адамға дейін төмендейді, бұл Қазақстанды дамыған елдер кіретін ЭЫДҰ стандарттарына (1 500 адам) жақындатады. Таяудағы 3 жылда медициналық-санитарлық алғашқы көмек объектілері 11 мың медициналық техникамен жарақтандырылады, жаңа 595 МСАК нысаны ашылады, тағы 228 объектіге күрделі жөндеу жүргізіледі.
Үкімет жетекшісінің бірінші орынбасарының айтуынша, дәрі-дәрмектердің сапасын бақылау күшейтіледі, көтерме және бөлшек сауда бағаларын төмендетуді ынталандыру шаралары қабылданбақ.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуді ескере отырып, 2020 жылы 1 тұрғынға медициналық көмек көрсетуге арналған шығындар
92 мың теңгеге дейін ұлғаюға тиіс.
Жалпы, білім беруге және денсаулық сақтауға арналған шығыстар 2025 жылға қарай ЖІӨ-ге шаққанда 10% көлеміне дейін жеткізілмек.
«Жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындары» бағытында «Еңбек» мембағдарламасында жұмыспен қамтуға жәрдемдесу тетіктері жетілдіріледі. Жұмыс берушілерді өз қызметкерлерінің жаңа білім алуына мүмкіндік беруге ынталандыру, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша шаралар қабылданады.
– Тұтастай алғанда, шамамен 370 мың жаңа жұмыс орнын ашу, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен жыл сайын 500 мың адамды қамту жоспарлануда. Жалпы, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыру әр мемлекеттік орган басшысының және әкімнің жеке жауапкершілігімен тұрақты бақылауда жүзеге асырылуға тиіс, – дейді Ә.Смайылов.
Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек іс-шаралар жоспарының «Өрлеу» бөлімінде экономиканы, инфрақұрылымды, қолжетімді тұрғын үйді, қоршаған ортаны дамытуға және заманауи ауылды құруға бағытталған іс-шаралар қарастырылғанын айтады.
– «Серпінді экономика – әр адамның әл-ауқаты негізі» бағытында осы жылдың соңына дейін 2020-2025 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық дамудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы қабылданады, ол өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін одан ары жақсартуға бағытталмақ. Бағдарламаны іске асыру еңбек өнімділігін 1,7 есеге, шикізаттық емес экспорт көлемін 2,3 есеге, негізгі капиталға салынатын инвестицияларды 2,3 есе, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар санын 1,6 есеге ұлғайтуға әкеледі, – деді Ж.Қасымбек.
«Қолжетімді баспана, таза экология» бағытында баспананы қолжетімді ету және тұрғын үй саясатының ашықтығын арттыру мақсатында 2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін барлық қолданыстағы тұрғын үй бағдарламалары біріктіріледі. Жыл соңына дейін Үкімет жаңа «Нұрлы жер – 2025» тұрғын үй бағдарламасын мақұлдайды.
Көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселелерін шешу үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін 40 мың жалдамалы тұрғын үй бой көтермек. Биылғы мамыр айынан бастап инвестициялар мен демеушілерді тарту арқылы 1 480 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Жалпы, жыл соңына дейін 7 мыңнан астам отбасы баспаналы болмақ. Жұмыс істейтін жастардың баспана мәселелерін шешу үшін 3 жылда 3 мың пәтер салынады.
Нәтижесінде, 650 мың отбасы немесе 2 миллионнан астам азамат жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Осы мақсатта бағдарлама аясында жыл сайын кемінде 12-13 млн шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарлануда.
Қазіргі уақытта Экологиялық кодекс әзірленіп жатыр, оған сәйкес өнеркәсіптік кәсіпорындардың қолда бар ең жақсы тазарту технологияларын енгізуге ынталандыру және шығарындыларды түбегейлі азайту жоспарлануда.
«Қуатты өңірлер – қуатты Қазақстан» бағытында 2019 жылдың 1 желтоқсанына дейін Үкімет 2025 жылға дейінгі өңірлерді дамытудың мембағдарламасын бекітеді. Негізгі мақсат – бақыланатын урбанизация арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыру, «қадамдық қолжетімділік» қағидаты бойынша халыққа қоғамдық және әлеуметтік жеңілдіктерді арттыру болмақ.
Ауылдық елдімекендерді дамыту бойынша «Ауыл – ел бесігі» кешенді бағдарламасы қолға алынуда. Үкімет облыс әкімдіктерімен бірлесіп, биыл 52 ауылдық елдімекенді таңдапты. Оларда 452 іс-шара жүзеге асырылады. Осылайша, мемлекет «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы 700 мың адамды, ал 2025 жылға қарай – ауыл халқының 83%-ын немесе 6,5 млн адамды қамтуды жоспарлап отыр.
Азаттықтың алғашқы жылдарында-ақ қазақ елі алапат дағдарыстарды бастан өткере келе, кез келген қиындықты еңсере алатынын дәлелдеді. Демек, Мемлекет басшысы қойып отырған басымдықты он міндетті де лайықты орындау еліміздің қолынан келетіні сөзсіз.
Елдос СЕНБАЙ