Жемқорлық – қоғамның дерті. Nur Otan партиясының бастамасымен сыбайлас жемқорлықпен күрес күшейеді.
Партия өкілдері әр саладағы жемқорлықты түбегейлі жою мәселесінің нақты жоспарларын әзірледі. Атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау, мемлекеттік қызмет көрсету органдарында сыбайлас жемқорлық дерегі анықталса, оны жария ету, зерттеу, нәтижесі жайында жан-жақты ақпарат беру мәселесі талқыланды.
Nur Otan партиясының хатшысы Илья Теренченко жемқорлықты жоюға қоғамдағы әрбір азамат партия арқылы үлесін қоса алатынын жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бағдарламасында нақты айтып өтті. «Біз жемқорлықтың түп-тамыры жойылғанша күресеміз. Жемқорлық мемлекет пен қоғамның іргесін сөгіп, ұлттық қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіреді, мемлекеттің дамуына тосқауыл қояды. Мемлекет пен азаматтардың күшін біріктіреміз. Тек қана жазалау шаралары жеткіліксіз. Жемқорлықтың кез келген түріне мүлдем төзбеушілік таныту маңызды. Қоғамдық бақылауды күшейтеміз. Басқарудың барлық деңгейінде құқықтық-нормативтік актілердің жемқорлыққа қарсы сараптамасына үкіметтік емес ұйымдарды тартамыз. Парламенттің, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының белсенді қатысуымен мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етеміз» деген болатын. Сондықтан бір кісідей жұмылып атсалысайық, – деді Илья Теренченко.
Сонымен қатар жиында Nur Otan партиясы Республикалық жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық кеңесінің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов жемқорлықты жоюдың нақты механизмдерін атады. Алдағы уақытта атқарылған жұмыстардың қорытындысы талқыланады.
– Қазір кез келген салада, оның ішінде лауазымды тұлғалардың жемқорлықпен ұсталуы халықтың билікке сенімін азайтты. Мұны шешудің бір-ақ жолы бар. Ол – жемқор шенеуніктің жымқырған қаржысын, мемлекетке төлеген айыппұлын, жазасын қалай, қайда өтегенін толық халыққа ашық жариялап отыру керек. Әсіресе, соңғы кездері қоғамның назарын ерекше аударған білім беру, экономиканың дамуына жауапты министрліктердің бір емес, бірнеше орынбасарлары қайта-қайта үлкен көлемдегі қаржыны жымқырды деген күдікке ілінуі – сол мекемелердің жұмысына сын. Мемлекеттің қаржысы – халықтың қазынасы. Халықтың қаржысына қол сұғуға ешкімнің құқы жоқ. Жазаны күшейтіп, жемқорлар жайлы мәліметті дер уақытында халыққа хабарлап отырайық. Қажет болса, әр министрліктің дәлізіндегі ақпараттық қабырға газетіне суретін, жеке дерегін іліп қою қажет, – деді Оралбай Әбдікәрімов.
Жиын қорытындысында комиссия мүшелері нақты ұсыныстар негізінде жұмыс істеуге бір ауыздан келісті.