Орталық комуникациялар қызметінде Nur Otan партиясы тарапынан Арыстың тұрғындарына көрсетіліп жатқан көмек жайы жария етілді.
Nur Otan партиясының хатшылары Тамара Дүйсенова мен Илья Теренченко Арысқа бүкіл қазақстандықтың көмектесіп жатқанын айтты.
Бұған дейін Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерге Nur Otan партиясының көмегімен 518 тонна азық-түлік, киім-кешек, құрылыс материалдары жеткізілген.
Nur Otan партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова халыққа материалдық көмекпен қатар психологтар да көмек көрсетіп жатқанын атап өтті.
– Апат болған күннен бастап партия барлық 17 өңірде гуманитарлық көмек орталықтарын ашты. Бүгінгі таңда осы көмек орталықтары арқылы Түркістан облысының Әлеуметтік даму корпоративтік қорына жарты миллиардқа жуық қаражат жиналды. Бұл біріншіден, барлық қазақстандық азаматтардың атынан, екіншіден, Шымкент қаласындағы Түркістан облысы штабының қоймасына 518 тонна азық- түлік, киім-кешек, құрылыс материалдары жеткізілді.
Сонымен қатар партия жанынан Балалар құқығын қорғау кеңесі ашылды. Оның Шымкент қаласында мобильді кеңсесін аштық. Бірінші күннен бастап кеңестің мүшелері Қазақстанның психологтар ассоцияциясы Психологтар кеңесімен бірге 25 психолог балалармен жұмыс істеді. Үлкен азаматтарға да психологиялық көмек алу керек болғандықтан, 19 психологты барлық Қазақстан бойынша жібердік. 700 бала жазғы лагерьде демалады. Қазір олар сол жерде жұмыс атқарып жатыр, – деді Тамара Дүйсенова.
Оның айтуынша, Арысқа көмек төрт тараптан қаржыландырылуда. Біріншіден, Үкімет қазына қаржысынан қомақты қаражат бөледі. Екіншіден, сақтандыру қоры да көмектеседі. Үшіншіден, жергілікті әкімшіліктен қаржы қарастырылған. Төртіншіден, халық заттай және қаржылай көмектесіп жатыр.
Жиында Nur Otan партиясының хатшысы Илья Теренченко жарылыс болған күні зардап шеккендерге азық-түлік уақытылы жеткізілгенін, қазіргі уақытта қираған үйлерді қалпына келтіру үшін құрылыс материалдары жеткізіліп жатқанын айтты.
– Алматыдан 100 тонна құрылыс материалы Арысқа жөнелтілді. Жеткізуге партиялықтар мен кәсіпкерлер үлес қосуда. Қазіргі уақытта 600 миллион теңге қаржы жиналды. Бірыңғай есепшотты бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желі арқылы жариялаған болатынбыз, – деді Илья Теренченко.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы жағдайды тікелей қадағалап отыр. Жарылыстан кейінгі Арысты қалпына келтіру – Үкімет, жергілікті әкімдік, Нұр Отан партиясының міндеті.
Ерекше айтып өтер жайт, Nur Otan партиясының бастамасымен #АрысБізБіргеміз жалпыхалықтық акциясы өткізілуде. Партияның аймақтағы филиалдарында гуманитарлық көмек жинау орталығы күні-түні жұмыс істеп тұр.