Бұқараның борышы кешіріледі

Бұқараның борышы кешіріледі

Ел Үкіметі өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша шұғыл шаралар топтамасын әзірледі. Үкімет үйінде өткен баспасөз конференциясында Президент Қ.Тоқаевтың азаматтардың борыш жүктемесін азайту шаралары туралы Жарлығын іске асыру жайында Министрлер кабинетінің мүшелері түсініктеме берді.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуын­ша, осы жылдың соңына дейін 300 мыңнан астам жұмыссыздар, фрилансерлер жұмыспен қам­туға жәрдемдесу шараларына тартылады, «Бастау Бизнес» және «Жас кәсіпкер» бағдар­ла­малары аясында қысқамерзімді кәсіптік оқытудан өтеді.

Өз ісін ашқысы келетіндерге жеңілдікті несие мен гранттар беруге үлкен көңіл бөлінеді. Халықтың осал топтарына атаулы әлеуметтік көмек беру тиімділігін арттыру көзделген.

– Үкімет пен Ұлттық банктің маңызды міндеті – баспана қолжетімділігін арттыру. Осы мақсатта аз қамтылғандарға ұсы­нылатын арендалық тұрғын үй көлемі 2 есе ұлғайтылады: жы­лына 20 мың пәтерге жеткі­зіледі. Ал жұмыс істейтін жастар­ға ар­налған баспана көлемі 3 есе­ге – жылына 1 мыңнан 3 мыңға дейін өсіріледі, – деді Ә.Смайылов.

Барлық өңірде аз қамтылған отбасылардың балаларын әлеу­меттік қолдау шаралары жүйе­лендіріледі: оған ыстық тамақ бе­ру, тегін жол ақысы, мектепке қажетті заттармен қамтамасыз ету кіреді. 1 қыркүйектен бастап аз қам­тылған және көпбалалы отба­сылардағы жастарға қосым­ша 5 мың нысаналы білім грант­тары бөлінеді. 1 қыркүйекте кол­­ледж­дерде жұмысшы маман­дықтарына оқитын 123 мың жастың шә­кіртақылары 30%-ға көбейтіледі.

– Осы шаралар халықтың тұрмыс сапасы мен әлеуметтік көңіл күйінің жақсаруына жаңа серпін береді, – деп түйді Әлихан Смайылов. Оның мәліметінше, борыш жүктемесін азайту арқы­лы мемлекет 500 мың қазақ­стандықтың қаржылық жағда­йын жақсартады.

Вице-премьер Гүлшара Әбді­қалықова кепілсіз тұтынушылық несиелері бар азаматтардың бар­лығының бірдей кредиті кеші­рілмейтінін, бұл шара тек белгілі бір санаттарға ғана қатысты екенін ескертті.

– Көмек көрсетілетін тұлға­лар санатына көпбалалы отба­сылар; асыраушысынан айырыл­ған отбасылар; мүгедек балалары бар отбасылар; 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедек адамды тәрбиелеп отырған отбасылар; АӘК алатындар; жетім балалар; ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, 29 жасқа де­йінгі ата-ананың қамқорлығын­сыз қалған балалар жатады. Бұ­лардың барлығы деректер база­сында бар. Енді сол база бойын­ша банктермен бірге бұлардың несиесінің бар-жоғын қараймыз. Алдын ала деректер бойынша мемлекет көмегіне аса мұқтаж әрі несиелері бар азаматтар саны 443 мыңды құрайды, – деді
Г.Әбдіқалықова.

Ол осы қаржылай көмекті көрсету кезінде несиенің қандай мақсатта алынғанына қатысты ешқандай да тексеріс жүргізіл­мейтінін қосты.