«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы компаниялар тобы мен Денсаулық сақтау министрлігі, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың Әлеуметтік жобалар қоры және Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры бірлесіп, «Медициналық пойыз» жобасын шалғай ауыл тұрғындарына жүзеге асырып жатыр.
Негізгі мақсат – еліміздің әр облысының шалғай бекеттерінде тұратын тұрғындарды тегін медициналық қызметпен қамту.
Қазақстанның шалғай бекеттерінің 7 мыңнан астам тұрғыны мамандандырылған пойызда тегін медициналық көмек алды. «Медициналық пойыз» Алматы, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының шет аймақта орналасқан бекеттерінде болды. Қазіргі уақытта ол Ақмола өңіріне келді. Медициналық пойыз шалғай станция тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсететінін ерекше атап өткен жөн. Медициналық пойыздың бас инженері Асқар Өмірбайдың айтуынша, вагондар С.Асфендияров атындағы ұлттық медицина университетінің заманауи диагностикалық құрал-жабдықтарымен жабдықталған. Аппаратуралар пациенттерге қажет болған жағдайда толық жалпы және биохимиялық талдау жасауға, ренгенография және флюрографиядан өтуге, ішкі органдарға және қан тамырларына УДЗ жүргізуге, электрокардиограмма, гастрофиброскопия жасауға және басқа да диагностикалық зерттеу жүргізуге барлық жағдай жасалған.
Бұған дейін медициналық пойыз Алматы, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының ең шалғай бекеттерін аралап келген. 7 шілдеге дейін пойыз Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының 24 теміржол бекетін аралайды. Акция басталғалы бері 7 420 адам, оның ішінде 1 465 бала дәрігерлердің қабылдауына келген. Жалпы, дәрігерлерге қаралғандардың саны 20 000-нан асады, 623 кіші хирургиялық ота, 283 ФГДС процедурасы, 2 416 УДЗ жасалған. Флюрографиядан 1 324 адам өткен.
Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры бас директорының орынбасары Әсел Шілдебаева шалғай аймақтардың тұрғындарының денсаулығын жақсарту негізгі мақсат екенін айтып өтті.
– Былтыр 124 шалғай бекетте тұратын 40 000-нан астам тұрғын тексерілген болатын. Биыл біз аралайтын облыстардың санын көбейттік. Егер бір жыл бұрын пойыз 9 облыстың ғана тұрғындарын тексерсе, биылғы маусымда дәрігерлер бригадасы 21 желтоқсанға дейін жолда болады. Қазақстанның 14 облысының 195 бекетін қамту жоспарда бар. 60 000-нан астам адамды медициналық тексеруден өткізу жоспарда бар, – деді Әсел Шілдебаева.
Ал бригада жетекшісі Гүлнәр Мадиеваның айтуынша, алыс елдімекен тұрғындары арасында қатерлі ісік, туберкулез, жүрек аурулары көбейген.
– Қазақстан бойынша ең шалғай бекеттердің тұрғындарына мұндай медициналық көмек ауадай қажет. Әсіресе, дәрігерлер тапшы аймақтарда педиатр, кардилог, онколог, лор мамандар жетіспейді. Тұрғындар да денсаулығына жауапкершілікпен қараса деймін. Себебі, ауру асқынғанша, уақыт өткізіп алатын науқастар көп. Диагнозын айтсақ, психологиялық тұрғыдан диагнозды қабылдай алмайтындар да кездеседі. Соңғы жылдары қатерлі ісік аурулары, туберкулез, жүрек аурулары көбейгені байқалады. Оның түрлі әлеуметтік себебі көп. Азаматтарға жылына бір рет дәрігерге қаралуға кеңес береміз, – деді Гүлнәр Мадиева.
Биыл медициналық пойыз Алматы қаласынан бастап, Қазақстанның барлық облыстарын аралайды. Шалғайдағы тұрғындарға алдын ала пойыздың келер уақыты хабарланады. Жоба аясында еліміздің медициналық қызмет қолжетімсіз шалғай аудандардың тұрғындарына тегін медикалық-санитарлық, консультативтік-диагностикалық көмек көрсетіледі. Медициналық бригадалардың құрамында терапевт, стоматолог, окулист, маммолог, невропатолог, кардиолог дәрігерлер бар.
Журналистер медициналық пойыздың жұмысын Ақмола облысы Елтай стансасына барып көрді. Медициналық бригада жұмысымен танысты. Жергілікті тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдады. Тұрғындар медициналық пойыздың дәрігерлеріне алғысын айтты.