Алматыда ХҚО маманы екі адамды ажалдан арашалап қалды. Осынау ерлікті жасаған ердің есім-сойы – Ержан Әбдіразақов. Ержан – Алматы қаласы Наурызбай ауданының халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері. 1 маусым күні жұмысына бара жатқан ол жол бойындағы кәріз құдығының маңында жиналып қалған адамдарды байқайды. Арнайы бұрылып барып, болған жаймен таныса келе құдықтың түбінде ес-түссіз жатқан екі адамды байқайды. Олардың бірінің киімінде «Алматы Су» деген жазу болады. Ержан құтқарушылардың келуін күтіп тұрмай, ақ жейдесін шешіп, жиналып тұрған әйелдердің бірі берген дымқыл орамалмен аузы-мұрнын тұмшалап құдыққа түседі. Сол жерде оған тағы бір азамат көмектеседі. Осылайша, жедел жәрдем қызметі жеткенде екі адам да құдықтан шығарылған еді. «Олар есін жимағанымен, тыныс алып жатты», – дейді куәгерлер. Ержанның айтуынша, құдыққа түсу керек пе, жоқ па деген сауал ойына да келмеген, тез арада қос азаматтың өміріне араша түсу керек екенін ұққан. Оның мұндай батылдығына әлеуметтік желі қолданушылар қуанышын білдіріп, ХҚО маманының атына жылы лебіздерін жолдап жатыр. «Рақмет саған, Ержан!», «Сен нағыз батырсың!» деген сыңайдағы тілектер желіде жаңбырдай жауды. Айта кетейік, Ержан Әбдіразақов мемлекеттік корпорацияда 2007 жылдан бері қызмет етеді. Ол үш бала тәрбиелеп отырған үлгілі отбасының иесі.
Б.БАЗАР