"Бірақ алдымен лимит мәселесін шешу керек"
«Қайрат» футбол клубы бақылаушылар кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев ЦСКА президенті Евгений Гинердің сөзіне қатысты пікір білдірді. Ресейлік маман Ресей премьер-лигасының аясын кеңейтіп, оған «Астана», «Қайрат» секілді клубтарды тарту қажеттігін айтқан болатын.
Гинер РПЛ аясын кеңейте түсу үшін белорусиялық «Динамо», армениялық «Арарат» және қазақстандық топ-клубтарды шақыру керегін мәлімдеген. Оның айтуынша, бұл командалардың РПЛ-ға келуі футболшылардың кәсібилігін арттырып, бәсекелестікті күшейтеді. Бұған орай Боранбаев та пікір білдірген.
«РПЛ-ға қатысуға ешкім қарсы емес. Қазақстанға «Спартак», «Зенит» сияқты клубтар келіп жатса жақсы емес пе. Бұл алға қадам басу деген сөз. Оның үстіне атақты ресейлік клубтардың келуі көрермендерді де көбейтеді әрі демеушілік тұрғыдан да пайда әкеледі. Сондай-ақ сөзсіз қазақстандық футболшылардың деңгейі өседі. Бұдан соң Қазақстан құрамасы да сенімді ойнай бастайды.
Бірақ алдымен лимит мәселесін шешу керек. Еуразиялық кеңістік ойыншылары Ресейде легионер болып саналмауы тиіс. Өкінішке қарай, бізде де Ресейдегідей шетелдіктерге деген легионер мәртебесі бар. Еуропаны мысалға алайық. Ол жерде тек Еуропалық одақ азаматтары емес ойыншылар ғана легионер болады. Нарық ашық болғандықтан бәсекелестік те артады. Сондықтан бізге бірінші кезекте осы мәселені шешу керек. Сол себепті: «Қайрат» РПЛ-ға қатысуға қызығушылық танытады, дегенмен бұл талқылауды қажет етеді» деп жауап берер едім.
Мәселен, біз еурокубоктардағы кепілденген орынымыздан айырылуымыз мүмкін. Біз Қазақстанда ойнап жүргенде бұл орындарды сенімді түрде иеленеміз. Сондықтан бұл мәселе бойынша УЕФА-мен ақылдасу керек. Еурокубоктар өте маңызды, өйткені ол ақша әкеледі. Еуропа лигасында ойнау арқылы біз 8 миллион еуро шамасында ақша аламыз. Қазақстан үшін бұл өте жақсы ақша» дейді Боранбаев.