Тоқаев: Қазақстандағы орыстар – еліміздің ажырамас бөлігі

Тоқаев: Қазақстандағы орыстар – еліміздің ажырамас бөлігі

Ресейлік "Комсомольская правда" газетіне берген сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстандағы орыстар құқығы қаншалықты қорғалады" деген сұраққа жауап берді. Ол қазақстандықтар этникалық шығу тегіне қарамай, өздерін бір халық деп санайтынын айтты.

"Этносаралық келісім – бұл ішкі саяси тұрақтылықтың маңызды факторы, онсыз елдің тұрақты дамуы мүмкін емес. Қазақстан – Ресей сияқты көпұлтты мемлекет. Мен мұны үлкен стратегиялық артықшылық деп санаймын, біз "әртүрліліктегі бірлік" қағидатын негізге аламыз. Шын мәнінде, қазақстандықтар этникалық шығу тегіне қарамай, өздерін біртұтас халық, біртұтас ұлт санайды", – деді Тоқаев.
Ол Қазақстанда "ұлттық азшылық" түсінігі жоқ екендігіне назар аударды. "Қазақстанда 3,5 миллионнан астам орыстар тұрады, олардың жалпы халық санындағы үлесі 19%-ті құрайды. Жақында шетелдік сараптамалық материалдардың бірінде мен "Қазақстандағы орыс диаспорасы" деген сөйлемді кездестірдім. Кейін шынайы жағдайға түбегейлі қайшы келетін мұндай пікірді қолданбау керектігі туралы идеологтарымыз бен сарапшыларымызға ескерту жасадым. Орыстар – біздің халқымыздың ажырамас бөлігі, олардың Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі өте зор және ұмытылмайды", – деді Тоқаев.