Кең-байтақ өлкеміздің қойнауын табиғат байлығы бөктіріп жатыр. Олардың қатарында нулы орманымен, хош иісті шөбімен белгілі Зеренді де бар. Қарағайдың балтырын өбіп, батар күннің жалқынымен жарысатын айдын көлдің сұлулығын тек көзбен көру керек. – Толқыныңның келбеті, Тау түсіндей көк мұнар. Кең болса да жер беті, Өзіңдей көл жоқ шығар, – деп ақындардың кеудесіне дәл өзіндей өлеңді құя салған белгілі өлкеге «Айқын» газетінің ұжымы да аяқ басты...
Нұр-Cұлтаннан шыққан тобымыз Зерендіге дейін жеңіл көлікпен 4 сағатта жеттік. Зеренді Көкшетау қыратының солтүстігін алып жатыр екен. Бұл өлке ну тоғай-орманымен, шатқалы мен таулы күмбездерімен әйгілі екені мәлім. Бізді де жасыл аймақ тынық ормандарымен, хош иісті шөптерімен және қайын-қарағай сұлулығымен қарсы алды.
Байқағанымыз, мұндағы табиғат Бурабайға өте ұқсас. Өңірге өздерінен жоғарыда арнайы төбелер мен тау жүйелерінен тұратын жазықтар тән болып келеді. Зеренді – теңіз деңгейінен 370 метр биіктікте орналасқан, құрылымы тектоникалық болып келетін көл.
Құрамында озоны бар шипалы ауа, саф ауаның барлығы мына тұрған бал қарағайлардың еңбегіндей көрінді. Орман ішінде туристер сүрлеу жолдар бойымен ілби басып келеді. Машина және жаяу жолдардан басқа мұнда ат және велосипед жүретін жолдар салыныпты. Жолбасшымыздың айтуынша, мұнда қыстыгүні шаңғы тебуге болады. Құстар мен балықтарға бай көлдер мен ормандар, шүйгін жайылымды жазық дала көне дәуірден бастап-ақ адамдардың назарын өзіне аударған. Жаз болса өзінің ыстық лебін әкеліп, жеміс-жидек пен саңырауқұлақтарын кең дастарқандай жаяды. Ал көл сулары балықтардың түр-түріне молаяды.
Зерендідегі туристік нысандардың барлығы Зерен көлін жағалай орналасыпты. Былтыр мұнда тамашалауға 300 мыңға жуық турист келсе, биыл бұр көрсеткіш 400 мың адамға көбейген. Келушілердің жыл сайын артып отыруы таңғаларлық жағдай емес. Өйткені бұл жердің ауасының өзі ерекше. Тылсым табиғаты адамды өзіне еріксіз баурап алады.
Көкше жеріндегі аңызға айналған, Сәкен әнге қосқан атақты сексен көлдің біразы да осы төңіректе. Батысы таулы орман, шығысы кең жазық дала Зеренді, жағалауын түп-түгел қарағай қоршаған Қарағайлы, кең жазықта шалқып жатқан Айдабол, Шымылдықты тауының етегіндегі Шымылдықты, суы да, балшығы да жаңға шипа Жамантұз сортаң көл бар бұл жерде. Ал батысында суы тұщы Қараүңгір, балығы шоршыған Құмдыкөл сияқты да көлдер бар. Жасыл орман, алқапты кернеген жасыл шалғын, гүл бәйшешектің хош иісі араласқан таза ауаны айтсаңызшы. Оны тұшына жұтудың өзі жанға – шипа, дертке – дауа. Келгендер мен келем деушілер бойға қуат беретін осы таза табиғатта серуендесе, құр аттай жұлқынары сөзсіз.
Айта кетерлігі, Зерендінің орманын, тау тасын аралаймын дегенге маршрут жасалған, жүретін, жүгіретін жасанды және табиғи сүрлеулер көп. Келушілерге ыңғайлы қонақүйлер қызмет көрсетеді. Әрбір номер климатты реттеу жүйесімен, спутникті TV, телефон және шағын бармен жабдықталған. Мәселен, «Зерен», «Тұлпар» демалыс орталықтарының мәжіліс, семинар, іскери шаралар мен бизнес-кездесулерді өткізуде тәжірибесі мол. Белсенді демалысты қалайтын адамдар үшін кәсіби теннис корты, бильярд, жабық бассейн, тренажер залы, үстел үсті теннис, волейбол және баскетбол алаңдары, салт атпен серуендеу, велосипед тебу, су скутерлері, катерлер қарастырылған. Қыс кезінде шаңғымен, шанамен сырғанап, қарда жүргіштермен және салт атпен серуендей аласыз. Кез келген уақытта орман алқаптарында дайындалған маршруттарға саяхат жасауға және аңға шығуға немесе балық аулауға болады. Әсіресе, көлде мекендейтін шортан, рипус, тұқы, мөңке балық, алабұға, торта балықтары өлкенің барлық балықшының көзін қыздырады.
Мұндағы мейманханалар Еуропа және ұлттық асхана тағамдарын ұсынады. Орман жидектері мен саңыраукұлақтар да қашанда дастарқаныңыздан табылады. Біз де бұл демалыс орындарын аралай жүріп, бұған көз жеткіздік. Шоу-бағдарламалардың, би кештерінің куәсі болдық. Қайың ағаштарынан жасалған бассейні мен денсаулық кабинеттерінің орны, тіпті ерекше. Денсаулығыңызды қалыпқа келтірудің таптырмас мүмкіндігі.
Біз табан тіреген тағы бір демалыс орны – Aurora garden. Алдыңғы екеуінде келушілер емдік шаралар қабылдауға көбірек көңіл бөлсе, мұнда нағыз отбасылық серуенге үлкен мүмкіндік бар. Ең алдымен, қайыққа отырып, Зерендінің о шеті мен бұ шетіне саяхат жасай аласыз. Бұдан бөлек, балаларға арналған түрлі саябақтар бар. Нақтырақ айтқанда, отбасылық демалыс орны деуге көбірек келеді.
Демалыс орындарын бүйірлеп кететін жалғыз аяқ жолмен Зерендінің биігіне қарай бет алсақ, алдымыздан шебер табиғаттың құдіретімен құйылып түскендей қамал шығады. Бұл ғажап орында бар қазаққа ортақ барлық құндылықтар сақталған. Біздің көзімізге иен даланың байлығы қасиетті аңдардың терілері мен 300 жылдан бері келе жатқан самаурын түсті. Болашақта бұл орынды музейге айналдыру мүмкіндігі бар екеніне көзіміз жетті.
Осындай әсерлі көріністер сыр мен сымбатты үйлестіріп, сұлулық атты қымбаттың қадірін арттырды. Көкірегіміз керемет көңіл күйге шүпілдеп толды. Көңіліміз ғажап сезімге бөленді. Зерендіден зердемізге зерлі дүние тоқып қайттық.