Аудан әкімі оқыған мектепті биыл 8 түлек бітіріп шықты

Аудан әкімі оқыған мектепті биыл 8 түлек бітіріп шықты

Кейінгі жылдары еліміздің білім саласында көп өзгерістер орын алғаны белгілі. Сондай-ақ 9-сыныптан кейін колледжге оқуға түсіп, 11 жылдық мектеп бітіруші түлектердің саны күрт азаюда. Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңаарық ауылдық округіне қарасты Ақтоғай орта мектебін биыл тіпті 8 оқушы ғана тәмамдаған. Десе де, сегіз оқушы «сенсация» жасап отыр. Түлектердің біреуі «Алтын белгі» алса, екеуі «Үздік аттестат» иеленген. – Бұл – білімді ұрпақ тәрбиелеу жолындағы мектеп ұжымының еңбегі. Осы орайда біз «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында биыл 150 миллион теңгеге мектепті күрделі жөндеуден өткізіп беруді жөн көрдік. Мектептің ішкі жабдықтары да жаңарады. Осылайша алдағы уақытта да үздіктер қатарын көбейтуге барлық мүмкіндіктер жасалады, – дейді Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек.

Аудан әкімі кезінде осы мектепте өзі де оқығанын жасырмады.

– Біз оқығанда бұл мектеп бір қабатты, ағаш қабырғалы болатын. Спорт залы жоқ шағын ғимарат еді, – деп әкім өткен күнді еске алды. Осыдан болар әкім биыл білім нысанын күрделі жөндеуден өткізіп беруді жөн деп тапқан. Жалпы биыл Сарысу ауданында 273 оқушы мектеп бітірсе, оның 249-ы Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыруға ниетті. Ал ауданнан 11 оқушы «Алтын белгі» алып отырса, 9 оқушы «Үздік аттестат» иеленген. Оның ішінде Қанатбек әкім білім алған мектептің түлектері де үздіктер қатарында.

Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы