«Шекараны делимитациялауда ұтылған жоқпыз» – саясаттанушы Айдос Сарым

«Шекараны делимитациялауда ұтылған жоқпыз» – саясаттанушы Айдос Сарым

Жуырда қырғыз-өзбек шекарасында болған қақты­ғыс – бір ай ішінде Орталық Азияда болған үшінші шекаралық инцидент. Мамырдың басында жайылым үшін атыс болса, бір апта бұрын тағы да сол жайылым үшін қырғыз-тәжік шекарасында екі жақ бір-біріне оқ атты. Енді тағы да өзбек пен қырғыз шекісіп қалды, бұл жолы су үшін ерегісті. Бұл шекара мәселесінің жүйелік дүниеге айнал­ғанын көрсетіп тұр. Ал Қазақстан өзінің шекарасын шегендеп, мұндай кикілжіңдердің алдын алуда зор та­бысқа жеткен еді. Біз белгілі саясаттанушы Айдос Са­рыммен сұхбаттасып, мемлекеттік шекара, Орталық Азиядағы шекара мәселесі, Қазақстанның артықшы­лықтары туралы пікірлескен едік. – Әдетте, шекараны белгілеу, оны бекіту мәселесі өте күрделі екені айтылады. Кейде шекара дегеніңіз картаға сызылған жай ғана сызық еместей көрінетіні бар. Сіз қалай бағалайсыз? – Шекара мәселесі, оның бел­гіленуі, келісімдердің аяқталуы, мойындалуы мен легитмділігі – өте терең әрі ауқымды мәселе. Шекара – бұл тек белгілі бір гео­гра­фиялық координаттары мен шекара бағандары бар, картаға түскен сызықтар емес. Ең алдымен, шекара – менталды, тіпті филосо­фиялық-саяси астары бар дүние. Мысал ретінде екі тарихи жағдайды алға тартуға болады. Олар: Афри­каның деколонизациялануы мен Таяу Шығыстағы мемлекеттердің пайда болу тарихы. Африкадағы мемлекеттерді бөлу мен шекараларын белгілеу, әсіресе Сахарадан төменгі ай­мақтарда мүлдем жабайы әдіспен жүргізілді: еуропалық держава­лардың колониалдық офицерлері қолдарына сызғышты алды да, көңілдері қалай қаласа, шекараны солай белгілеп бере салды. Сөйтіп, тайпалар мен халықтардың тарихи, мәдени, діни, тілдік және этника­лық ареалы ескерілген жоқ. Бұл жөнінде көптеген еңбек жазылды. Жаһандық деңгейдегі жоғары бі­лікті сарапшылар мен саясат­та­ну­шылар бір ғана қарапайым ақи­қатты айтады. Ол – «Африканы жайына қалдыру керек!» Тура осылай деп қазір азамат­тық соғыс жүріп жатқан Таяу Шы­ғыс пен сондағы елдерге қа­тысты да айтуға болады. Өткен ғасырдың басындағы «Сайкс-Пико» ли­ния­сы бойынша бөлінген мемлекеттер әлі күнге бір тыншымай, дүркін-дүркін іргесі шайқалып тұрады. Кейбір мемлекеттерді, айталық қазіргі Сирия мен Иракты тура мағынасында «файлед стейт», яғни құрдымға кеткен мемлекет деп атауға болады. Егер ашығын айтар болсақ , өз басым олардың сөгілген іргетасын қайта «жамайтындай» ешқандай «желім» көріп тұрған жоқпын. – Бір қарағанда, шекаралық мәселеге екі түрлі көзқарас тұрғы­сынан қарау бар екені байқалады. Айталық, Қазақстан тәуелсіздік ала сала өз шекарасын делимитация­лауға жедел кірісіп, қазіргі таңда оны аяқтап қойды. Мысалы, Қыр­ғызстан Тәжікстанмен арадағы белсенді келіссөздерді 2-3 жыл бұрын ғана бастады да, ортақ 970 шақырым шекараның тек 600 ша­қырымы ғана белгіленді. Қырғыз-өзбек шекарасының шамамен 5 па­йыздайы әлі күнге делимита­ция­ланған жоқ. Мұның себебі неде? Біреуіміз асықсақ, екіншіміз жай­басарлық таныттық... – Бұл жерде деректердің өздері-ақ сөйлеп тұр. Іс жүзінде шекара мәселесі біздің мемлекет пен халқымыз үшін салған беттен жүйе қалыптастырушы, айрықша мазмұны бар сипатқа ие болды. Мәселе біздің айрықша таны­мы­мызда, номад болғанымызда және басқа да факторларда емес. Енді бір сәт ойланайықшы, біздің тө­ңірегімізде кімдер бар, көрші­ле­ріміз кім, тарихымыз қандай бо­лып еді? Осы жайларды білу мен түсінудің өзі біздің сыртқы саяса­тымызды прагматикалық, мақсат­ты, мотивациялық, тіпті кей жер­лерде аздап әсірешілдік сипатта қалыптастарды. Естеріңізде болса, тәуелсіздік алар тұста, қателес­песем 1990 жылдың қыркүйегінде «Комсомольская правда» және «Литературная газета» басы­лым­дарында А.Солженициннің «Как нам обустроить Россию?» деген арамза пиғылдағы мақаласы шық­қан. Естеріңізде болса, мақалада өзге де мәселелермен қатар «Қа­зақстанды бөліп алайық» деген ұсыныс айтылды. Қараңыздар, Қырғызстанды, Өзбекстанды емес, бізді! Осылайша, тәуелсіз елдің дүниеге келуі бірден «қатер-қорғаныс» координаты жүйесіне, өзгеше бір мазмұндық шеңберге енгізілді. Сол кезде күллі әлем, ай­талық погрессивті адамзат «Та­рихтың соңы» тақырыбына, Хан­тингтон мен Фукуяма арасындағы пікірталас төңірегінде ой толғап жатқанда, біз, біздің халқымыз, әсіресе қазақ социумы ресейлік жазушының интенциясына жауап беріп, сол жайында пікір талас­ты­рып жатты. Сол кездегі өткір пі­кір­таластар, республикалық және аймақтық баспасөзде жарық көр­ген ондаған, жүздеген мақала әлі күнге есімде. Сол пікірталастар жай­дан-жай пайда болған әрі ой­дан шығарылған дүниелер емес еді. Қалай айтсақ та, сол пікірта­ластар әрекеттердің катализато­рына айнала білді, олар біздің Үкіметті, дипломатиялық кор­пусты, тұтас қоғамды қамшылап отырды. Олар біздің сыртқы саяси стратегиямызға зор әсер етті. Бәлкім, біздің бауырлас-көрші­лерімізге қазақтың ынтасы, іштей қайралуы мен мотивациясы жетпей қалды ма, кім білсін?! Ал шекараны белгілеу тұрғысынан қарастырсақ, көршілеріміз олар мен Ресейдің арасында Қазақ­станның орнала­суына байланысты «қорғалған» еді, демек оларға тікелей қатер төн­бейтін, екінші жағынан барлығы да бұрынғы империяның ядролық шатырының және келісімшарттар мен құқық­тық базасының қорға­уында бол­ғандықтан, «кеңестік емес» көр­шілерден төнетін қатер­ден аса көп емес еді. Бірақ қалай болғанда да, шекараға қатысты дәл қазақтарда байқалған ұлттық мотивация Ор­талық Азияның өзге халықтарында болмағанын атап өту керек. Олар үшін қуатты Қытаймен арадағы шекараны бекітіп алу өзекті болды да, өзге шекаралар супермаңызды саналмады. – Жалпы, қазақстандық ше­караны делимитациялауда Нұр­сұлтан Назарбаев факторы, атап айтқанда оның саяси беделі мен президенттік билігінің табандылығы қаншалықты әсер етті? – Қалай десек те, тарихтағы тұлғалар факторын ешкім, ешқа­шан жоққа шығара алмайды. Ха­лықаралық-құқықтық келісімдер, Қазақстанның қазіргі мемлекеттік шекарасын делимитациялау Тұң­ғыш Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың табысы. Көп жағдайда про­цестердің басталуына тұлға­лардың өзара қатынастары, Қа­зақстан мен Қытай, Қазақстан мен Ресей басшыларының достығы әсер етті. Біз Қытай көшбасшысы Цзянь Цземиннің ешқандай дип­ломатиялық хаттамасыз, бүкпесіз Орталық Азия елдеріндегі әріптес­теріне шекараны шегендеп алуды өзінің кезінде аяқтауды сұрағанын, өйткені кейін жаңа буынның өз­деріне тым сенімді, прагматик әрі қатал саясаткерлері билікке кел­генде бұл мәселеде жетістікке жету қиын болатынын айтқаны есімізде. Іс жүзінде қарт саясаткердің айт­қаны рас болып шықты. Қытайдың қазіргі басшылары Дэн Сяопиннен кейінгі үшінші буын саясаткерлер. Олардың бойында ұлтшылдық басым, келіссөздерде бұрынғы­ларға қарағанда өздерін тым қатаң позицияда ұстайды, бойларында мотивация да толып тұр. Сонымен қатар Ресеймен ара­дағы келіссөздер де оңайға соқ­пағанын атап өту керек. Өйткені теріскейдегі көрші өзінің бұрынғы отарын бірден еркіне қоя беруді қаламады. Сөйтіп, болашақта бәрінің түрлі мәселемен бетпе-бет келуін «қамтамасыз» етіп, дамудың іргетасына «мина төсеп» кетті. Сон­дықтан шекараны делимита­циялау мәселесін шешу үшін көп жағдайда мейлінше күрделі гео­саяси конструкция жасауға, мем­лекетаралық форматтан интерна­ционалдыққа, аймақтық деңгейге өтуге мәжбүр болдық. Айталық, бір ғана ШЫҰ форматы ұйымға мүше елдер арасында шешілмеген территориялық дау болмауы керек деген қағидаға негізделді. Осы формат аясында Ресей Қытаймен арадағы жер дауын реттеп алды. Сәйкесінше, Қазақстанның Ре­сеймен арадағы мәселелерді рет­теп, шекараны шегендеуді жедел­дететін мүмкіндіктері мен негіздері пайда болды. Егер аймақтың жаңа тарихына назар аударсаңыз, шекараны де­лимитациялауда Қытай мен Өз­бекстан арасындағы мәселелердің күрделі әрі шулы болғанын бай­қаймыз. Мұнда таразының бір жа­ғында қуатты ішкі контекст болса, келесі жағында сыртқы фак­тор болды. Мұның қайдан бас­тау алатыны да белгілі еді. Айталық, Қазақстан мен Ресейдің ортақ шекарасы өте үлкен, бірақ делими­тация мәселесі қандай да бір дау-дамай мен пікірталас туғызған жоқ. Тек аймақтық деңгейде ұсақ-түйек мәселелер кездесті. Сонымен болды. Мемлекеттік шекараны де­лимитациялау кезінде көлемі бірдей аумақтарды айырбастау деректері тіркелді, бірақ аталған мәселеге қатысты қоғам ішінде наразылық пен бұрқ еткен ашу байқалған жоқ. Керісінше, қазақ-қытай және қазақ-өзбек келіссөз­деріне қатысты қоғамда түрлі са­уал туындады. Мұны тек сине­фо­бия­мен және қазақ-өзбек бәсе­кесімен түсіндіру қиын. Бұған қа­тысты түр­лі нұсқа айтылып жүр, – Осы тұста мына бір жайды сұрамауға болмайтын сияқты. Өзіңізге мәлім, ел ішінде делими­тация процесінде, жұмсартып айтсақ, Қазақстан ештеңе ұтқан жоқ дейтіндер бар. Біздің ұтқан тұсымызды, олжалы болған немесе ұтылған сәтімізді көрсететін қандай да бір нақты есеп-қисап бар ма? – Бұл – өте күрделі сауал. Сая­саткерлер мен атқамінерлер, әсіресе дипломаттар мәселені тура осындай категорияда талқылай алмайтынын ескеру керек. Бірақ қарапайым әрі салыстыруға болатын мәліметтер бар. Мысалға Қазақ КСР мен қазіргі Қазақстанға қатысты ресми деректерді салыс­тыра салуға болады. 1989 жылы Қазақ КСР-нің ресми террито­рия­сы 2717,3 мың шаршы шақырым болды. Қазір, арада 31 жыл өткенде еліміздің территориясы 2724,9 шаршы шақырымды құрап отыр. Айырмашылық – 7,6 мың шаршы шақырым. Аз ба, көп пе? Бұл де­геніңіз – Кипрдің территориясы­нан сәл ғана кіші аумақ. Біз еш­кімге соғыс жариялап, ешкімнің жерін басып алған жоқпыз. Тер­риториялық өсім – дипломаттар­дың, тарихшылардың, архивші­лердің, қысқасы білікті мамандар армиясы еңбегінің жемісі. Бірақ мемлекеттік, елдік деңгейде қа­растырсақ, делимитация еліміз үшін таза механикалық, математи­калық тұрғыда пайдалы болды. Бірақ бұл жерде маңыздысы басқа мәселе. Біз өз позициямызды бекемдеп, елді инвестиция үшін тар­тымды ете білдік, сөйтіп аза­маттарымызға кең көкжиек ашып бердік. Осы тұста шекаралық мә­селелердің шешілмеуі көптеген ел­дің арасында толыққанды ынты­мақтастық орнатуға кедергі жасай­тынын ескеруіміз қажет. Мысал ретінде Курил аралдарын қарасты­райық. Аталған аралдарға қатысты дау Ресей мен Жапония­ның ара­сындағы саяси, эконо­ми­калық, инвестициялық қатынас­тарды те­жеп отыр. Қос мемлекеттің арасын­да, тіпті бейбітшілік туралы келісім де жасалмаған. Соның ке­сірінен өзге бағыттарда ынтымақ­тастық орнатудың жолы жабылған. Ресей мен Жапониядағы қоғамдық ойдың қазіргі күйіне қарасақ, ешкім кері шегініп, бәрін таза парақтан бас­тауға даяр емес екенін көрсетеді. – Әдетте, мамандар Қазақ­станды аймақтағы өзге елдермен салыстырған кезде территориялық потенциалын, халықтың қоныстану тығыздығын, әсіресе шекара төңі­регіндегі тығыздықты, терри­то­риялық талаптардың тарихилығын немесе принциптілігін негізгі шарт ретінде алға тартады... – Әрине, бұл да маңызды фак­тор. Айталық, Ферғана алқабы мен Қазақстанның теріскейіндегі ха­лықтың тығыздығын салыстыра алмайсыз. Алайда қазақ-өзбек ше­карасындағы халықтың тығыз­дығы қырғыз-өзбек, өзбек-тәжік шекарасындағыдан төмен деп кім айта алады?! Бірақ Назарбаев пен Кәрімов тең шарттар арқылы ке­лісе алды, ал Ақаев пен оның орнын басқандар Кәрімовпен ондай келісімге келе алған жоқ. Бұл – нақты деректер. Қазақстан мен Өзбекстан мүм­кіндігінше тең көлемдегі аумақ­тарды алмастыруға келіскен еді. Иә, мұнда да түрлі мәселе туындап, дау-дамай, қақтығыстар шыққан кездер болды, жеке және отбасы­лық трагедиялар да кездесті. Бірақ, жалпы алғанда біздің елдер өзге­лердің жерінде анклавтар қалдыр­мастан, мәселені шеше білді. Бұл принцип еді, әрі өте маңызды принцип болатын. Жалпы, Орталық Азиядағы шекаралық қақтығыстар жайлы айтылғанда, отандастарымыз мә­селеге оқиғалардың бізге еш қаты­сы жоқ, алыста жатқан дүние тәрізді қарайды. Іс жүзінде дұрыс түсінетін болсақ, Ферғана алқабы аймақтың тура жүрегі. Құдай сақтасын, егер онда қандай да бір жанжал оты тұтанар болса, тұтас аймақты әбігерге салып, сілкіп алатындай қаупі бар. Осы тұста аймақтық ынты­мақтастыққа қатысты бірнеше мәрте жоба ұсынған Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін айрықша атап өткен дұрыс. Ал орталық азия­лық интеграцияның тиісті деңгейде қабылданбағаны тек біздің биліктің айыбы емес. Ол – баршамыздың ұжымдық қатеміз, аймақтағы елдердің, мәдени және бизнес элитаның қателігі. – Шекараны делимитациялау жөніндегі үкіметаралық келіс­сөз­дердің қызған кезінде Үкіметті бейресми түрде бірінші дипломат мәртебесіне ие болған Қасым-Жомарт Тоқаев басқарып тұрды. Егер мықты мамандардың көп еке­нін ескерсек, сол кезде Үкіметті сырт­қы саясат ведомствосының бас­шысына сеніп тапсыру нені білдіреді? – Меніңше, мұның да өзіндік астары бар. Айталық, Қазақстан­ның әрбір Үкімет басшысының қызметінде өзіндік мазмұн болды. Бізде тек халықтың тіршілігін қам­тамасыз етумен және қиын жағ­дайдан түрлі саланы құтқарумен айналысқан «өрт сөндіруші-құт­қа­рушы» премьерлер болды. Әке­жан Қажыгелдинге кеңестік эконо­миканы жерлеу рөлі бұйырды. Нұрлан Балғымбаевтан бастап шикізат, мұнай экономикасы алға шықты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың еншісіне Премьер-Министр ретін­де шекараны делимитациялау, халықаралық жобаларды реттеу мен оларды мойындату тиді. – Қазақстан өз шекарасын құқықтық тұрғыда заңдастырып алғандықтан, аймақтағы бұл мәсе­леден бойын аулақ салғаны дұрыс па? Әлде, керісінше осы мәселеге қатысты келіссөздерде шешуші рөл атқарып, «аймақтық бестікке» пікір алмасу алаңын ұсынғаны жөн бе? – Қазіргі таңда аймақтағы би­лік элитасы өзгеріп келеді. Аймақ­тағы көшбасшы елдер – Қазақстан мен Өзбекстанда саяси жетек­ші­лердің екінші буыны билікке келді. Бұрынғыдай амбициялар жарысы мен «кім аға болады» дейтін бәйге де жоқ. Керісінше, президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шав­кат Мирзиёевтің арасында өзара сенім мен түсіністіктің жаңа дең­гейі қалыптасты. Қазақстан мен Қырғызстан президенттерінің де өзара қарым-қатынасы тамаша деңгейде. Осынау сенім мен түсі­ніс­тік «Сардоба кейсін» реттеу мен Мақтааралдағы мәселені шешуде өз рөлін ойнады. Дәл осы байланыс коронавирус дағдарысы кезінде миграциялық ағын мәселесін реттеуге жәрдемдесті. Меніңше, қазір Қазақстан мен Өзбекстан басшылары жаңа саммит шақыруы керек. Үміт пен сенім саммиті. Жаңа принциптер мен тәсілдер таңдауы керек. Ең бастысы, біз сенім мен ынтымақ­тастық шараларын күшейтуге тиіспіз. Бізге мәдениет пен білімге қатысты жаңа һәм күшті біріккен жобалар керек. Әрі мұндай жоба­ларды үшінші тараптың қаты­суын­сыз жүзеге асыруымыз қажет. Олай болмайынша, біздің аймақ ұдайы сырттан төреші іздеуге мәжбүр болады. Ал тарих сырттан келген­дер араласқан оқиғалардың еш­қайсысы жақсылыққа апармай­тынын әлдеқашан дәлелдеген.  

Әңгімелескен Ардақ СҰЛТАН