Қазақстанда әлеуметтік шаралар тек нақты мұқтаж азаматтарды қолдауға ғана бағытталады. Бұл туралы Премьер Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәлімделді. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасының қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру стратегиясының жалғасы саналатын әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша тапсырмаларын орындау мәселелері қаралды.
Үкімет отырысы барысында қолданыстағы үшжылдық бюджетке және «Еңбек» өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін қаулы жобалары қабылданды. Жұмыссыздарды өнімді жұмыспен қамтуға тартудың маңызын ескере отырып, мемлекет «Еңбек» бағдарламасы құралдарын күшейтуге қосымша 50 миллиард теңге бөлуге ұйғарды.
– Қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыру – Үкімет жұмысының шешуші бағыты! Министрлер кабинетінің бірінші кезектегі міндеті – әлеуметтік қолдау шараларын іске асыруға дереу кірісу, оларды уақтылы орындау үшін қажетті барлық ұйымдастырушылық және құқықтық іс-шараларды жедел жүргізу. Бұл азаматтардың материалдық әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді, – деді А.Мамин.
Ол меморгандарға 1 апта ішінде аз қамтылған қазақстандықтардың борыш жүктемесін азайтуға бөлінген қаражатты пайдалану тетіктерін анықтауды; олардың кепілсіз тұтынушылық несиелері бойынша жинақталған айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығарып тастауды тапсырды.
Мұның сыртында Премьер-министр жұмысқа орналастыруды қажет ететін адамдарды іздеудің және бос жұмыс орындарын толтырудың проактивті форматына көшу арқылы «халықты жұмыспен қамту орталықтарының» жұмысын жетілдіруді жүктеді.
Жауапты меморгандар жұмыс істейтін жастар арасында тұрғын үйді бөліске салу және аз қамтылған отбасыларға баспана сатып алу үшін жеңілдетілген несие беру тетіктерін бекіту жұмысын жедел түрде аяқтауға міндеттелді.
–1 қыркүйектен бастап тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға 5 мың нысаналы білім гранты қосымша бөлінеді. Сондай-ақ жұмысшы мамандықтарының стипендиясы 30 пайызға артады, – деген А.Мамин осы гранттардың лайықты тағайындалуын қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді.
Барлық өңірлер әкімдеріне бүкіл нормативтік рәсімдерді қатаң сақтау, АӘК алушыларға пәрменді мониторинг жүргізу тапсырылды.
– Қабылданып жатқан шаралар, ең алдымен, нақты мұқтаж азаматтарды қолдауға, оның ішінде жастарды демеуге, сонымен бірге адамдарды жұмыспен қамтуға бағытталған. Азаматтарымыздың проблемаларын шешу көп жағдайда үйлесімді жұмысымызға байланысты, – деп түйді Үкімет басшысы Асқар Мамин.
Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, бүгінде жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек 285,7 мың отбасыға төленіпті. Салыстыру үшін келтірсек, 2018 жылы 109,2 мың отбасы алған. Көмек алушылардың жалпы саны 1,4 миллион адамға жетті. Былтыр бұл көрсеткіш 571,5 мың адам болған екен. Оның ішінде 900 мыңға жуығы – балалар (2018 жылы – 363,2 мың бала).
Бұл мақсатқа бюджеттен барлығы 124,3 миллиард теңге бағытталмақ. Жарты жылда оның 78 миллиарды төленді. АӘК орташа мөлшері 105 мың теңгені құраған.
Министр Б.Сапарбаев елімізде аз қамтылған және мемлекеттің әлеуметтік қорғауын қажет ететін жандар санын азайтуға болатынына сенімді. Бірақ оның байламынша, бұл үшін жалақы берешегін болдырмау; қазақстандықтардың еңбек қызметін заңдастыру; қауіпсіз және қолайлы еңбек жағдайын жасау керек.
– Осыған орай, келесі шараларды қабылдау, нақтырақ айтқанда, АӘК тағайындау тәртібін қатаң сақтау және заңсыз төленген сомаларды қайтару; еңбекке қабілетті алушыларды жұмыспен қамту және еңбек қызметін рәсімдеу; жасырын табысты анықтау бойынша жұмысты күшейту, жеке кәсіпкерлердің қызметін бақылау; жалақы берешегін және еңбек жағдайларын бақылау; ақпараттық жүйелердегі мәліметтердің өзектілігі мен дұрыстығын қамтамасыз ету ұсынылады, – деді ол.
Жергілікті атқарушы органдар алдына АӘК алатын отбасылардағы еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыс жасауын талап ету, олармен әлеуметтік келісімшарттар жасап, олардың орындалуына қол жеткізу міндеті қойылмақ.
Үкімет отырысынан кейін ұйымдастырылған баспасөз конференциясында министр осы ойын ары қарай өрбітті. Оның айтуынша, егер қол-аяғы сау адамы жұмыс істемесе, ол отбасыға АӘК төлеу тоқтатылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, қазір АӘК алушылар қатарынан 393 мың адам – еңбекке қабілетті. Олардың 81 мыңы міндетті түрде жұмысқа тұрғызылуға тиіс. Дегенмен әзірге олардың тек 38 мыңы жұмыс істейді. 30 мың адам мемлекет талабына келісіп, әлеуметтік келісімшартқа қол қойды.
– Бұл – өте төмен көрсеткіш. Ең басты міндет – АӘК алатын отбасыда еңбекке қабілетті адамдар болса, онда олар жұмыс істеуге тиіс. Сондықтан біз өңірлердің әкімдеріне үнемі айтып келеміз: алдымен, әлеуметтік келісімшартқа қол қою қажет, одан кейін міндетті түрде жұмысқа орналастыру керек. Егер азамат жұмыс істемей қойса, онда біз АӘК төлеуді тоқтатамыз. Осындай талап пен заң бар, – деді Бердібек Сапарбаев.
Ол жұмыс тауып беруді сұрайтын адамдар аз екеніне шағымданды.
«Барлығы тек АӘК алғысы келеді. Бұл мәселеде масылдыққа жол бермеу маңызды. Ақтауда сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз масылдық пен мұқтаждықтың аражігін айыра білуге тиіспіз» деп қадап айтты. Адамдардың үйде жатып алып, 100–180 мың теңге АӘК алуына жол бермеу керек. Сол себепті, заңды бұзу фактілері барын айтудамыз және АӘК төлеуді қысқартамыз, – деді Б.Сапарбаев.
Мемлекет өз тарапынан жұмыспен қамтуды қолдау шараларын ұсынады. Біріншіден, 505 мың теңге сомасында пайызсыз және комиссиясыз, әрі тегін, қайтарымсыз гранттар беріледі. Екіншіден, 6% мөлшерінде шағын несие таратылады. Үшіншіден, егер азаматтың мамандығы жоқ болса, онда ол қысқамерзімді курстардан өтіп, мамандық ала алады. Мамандығын алғаннан кейін және сертификат берілген соң, ол өзінің бизнес-жоспарын жасап, төл ісін бастай алады.
Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналарға әлеуметтік жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр. Бұл үшін қосымша қаражат бөлінеді.
«Егер жұмыс берушілер мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналарға жұмыс орындарын ашса, онда біз оларға 35% субсидия төлейтін боламыз», – деді министр..