Қазақстандықтар тұрғын үй кезегінің жылжуын online режимде бақылай алады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мәлім етті. Әкімдіктердегі баспана кезегінің ашық, айқын болмауы – көкейкесті мәселелердің бірі. Азаматтар таяп қалған кезегінің тосыннан жүздеген орынға кері сырғығанын бір-ақ біліп, наразы болып жатады.
Министр тұрғын үй беру тетіктерін жетілдіру, осы үдерістің ашықтығын қамтамасыз ету, заңбұзушылықтарды болдырмау, сондай-ақ азаматтардың ақпаратқа қолжетімдігін қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылдың соңына дейін кезектегілердің «Бірыңғай электронды базасы» құрылатынын хабарлады. Бұған дейін әр әкімдік өз аумағындағы тұрғындардың баспана кезегін жеке жүргізетін.
–Ал мына деректер базасы бүкіл ел үшін ортақ болады. Өйткені жасыратыны жоқ, азаматтарымыздың арасында тек бір елдімекенде емес, еліміздің түрлі қалаларында кезекте тұрғандары бар. Бұл жергілікті атқарушы органдарды жаңылыстырады. Қайшылықтар жетерлік, салдарынан деректердің сәйкессіздігі туындайды. Адам тұрғылықты жерін ауыстырады, немесе оның әлеуметтік мәртебесі өзгереді. Демек, оның ары қарай жергілікті кезекте тұруға құқығы жоғалады, бірақ ол сонда одан ары қала береді. Бірыңғай деректер базасын құру осындай жағдайларды болдырмайды, – деді Р.Скляр.
Бұл сондай-ақ азаматтарға өзінің кезегін онлайн режимде бақылауға да мүмкіндік береді екен.
Әкімдіктердің мәліметтері бойынша биылғы жылдың І тоқсанында елімізде баспана кезегінде тұрғандардың жалпы саны 496 мыңнан астам адамды құраған.
–2017 жылғы желтоқсанда түгендеу-инвентаризация жүргізу мақсатында біз «Кезектегілердің бірыңғай республикалық базасы» сервистік бағдарламалық өнімін жасадық. Нәтижесінде, 2018 жылы кезектен 30 мыңға жуық адамды алып тастай алдық, – дейді министр.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратына сәйкес, аз қамтылған азаматтар мен жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету ісін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қаржыландыру қарастырылған. Республикалық бюджеттен бұған жылына 50 миллиард теңгеден немесе 7 жыл бойында 350 миллиард теңге бөлу көзделіп отыр. Жыл сайын баспанамен 6 мың көпбалалы отбасы қамтылатын болады. Тиісінше, 7 жыл ішінде осы санаттардағы 40 мың адам қоныстойын тойламақ.
Биылғы мамырдан бері 1 480 көпбалалы отбасыға тұрғын үй берілді.
Жұмыс істейтін жастарды қолдау үшін бұған дейін 2019-2021 жылдары Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жылына 1 мың жалдамалы пәтер салу жоспарланған болатын.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жұмыс істейтін жастар үшін жалдамалы тұрғын үй сатып алуға және салуға қажетті қаржыландыру көлемі қосымша ұлғаюда. Нәтижесінде, жұмыс істейтін жастарға 2019, 2020 және 2021 жылдары 3 мың жалдамалы пәтерден бере аламыз», – деді Роман Скляр.
Оның мәліметінше, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» көпбалалы, толық емес отбасыларға және мүгедек балалары бар отбасыларға пәтер алу үшін жылдық 2% ставкамен жеңілдетілген несие беруді бастапты. Бұл мақсатта үш жыл ішінде 150 млрд теңге бөлу қарастырылған.