Nur Otan партиясының «Заңгерлік көмек» жобасы аясында Нұр-Сұлтан қаласында Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында қоғамдық қабылдау өтті
Қазақстан заңгерлер одағы, «Баспана» ипотекалық ұйымы, Әділет департаментінің өкілдері халықпен жүздесті.
Жиынға қатысқандар заңгерлерден құқықтық кеңес алды. Көшпелі қабылдауға келген елорда тұрғындары әлеуметтік, құқықтық мәселелерін айтты. Әділдік іздеген тұрғындардың мәселесі білікті мамандардың нұсқауымен шешімін табады. Nur Otan партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Бақыт Темірова бұған дейін халықтың құқықтық кеңесті көп сұрайтынын атап өтті.
– «Заңгерлік көмек» – халыққа ең қажет жобаның бірі. Оның ішінде, әсіресе, шалғай аймақтардың тұрғындары үшін өте өзекті болып отыр. Осыған дейін 1 260 қоғамдық қабылдау өткіздік. 3 000 астам адам қабылдауға келді. Олардың 454 жазбаша кеңес бердік. 138 адамның арызы бойынша іс соңына дейін жетіп, шешімін тапты, – деді Бақыт Темірова.
Ал «Баспана» ипотекалық ұйымының өкілдері халық баспаналы болуды қалағанымен, құжат тапсыруда салғырт екенін де атап өтті. Баспана алуға өтініш көптеп түседі. Тұрғын үй кезегінде тұрғандардың да қатары күн сайын артып келеді. Бірақ мемлекет тарапынан тұрғын үй саласын оңтайландыруға арналған бағдарламаларды көпшілік біле бермейді. Әлеуметтік желіде ресми парақшалар арқылы ақпарат таратылғанымен, мәліметтер шалғайдағы елдімекендерге дер уақытында жете қоймайды. Байланыс нашар аймақтарға ақпарат кеш жетеді. Алдағы уақытта партия филиалдары осы мәселенің де шешілуіне атсалысады.
Көшпелі отырысқа көмек сұрап келген Гүлнар Қашкенқызы заңгерлердің көмегімен жылдар бойы қордаланған мәселені оңтайлы жолмен жылдам шешуге болатынын айтты.
– Заңгерлік көмек көрсетеді дегенді теледидардан естідім. Тиісті мекемелердің табалдырығын тоздырып, уақыт өткізіп алғанымды заңды тұрғыда түсіндіріп берді. Заңгерлердің көмегімен көптеген мәселе тез шешілетініне көзім жетті. Партияның осындай бастамалары жалғасын тапса екен, – деді Гүлнар Қашкенқызы.
Қазақстан заңгерлер одағы төрағасының орынбасары Әбдікәрім Арынұлы халықтың тегін құқықтық көмекті біле бермейтініне де тоқталды.
– Біз партиямен бірлесіп аймақ тұрғындарына тегін құқықтық кеңестер бердік. Халықпен жүздескенде жер дауы, жесір дауы, әлеуметтік проблемаларға жиі шағым айтады. Оның ішінде, көпшілігі мерзімі өтелмеген несие, пайызы көбейген, төленбеген қарыздар жайы талқыланды. Тұрғындар несиені тұрмыстық қажеттілік үшін алғанымен, уақтылы төлей алмайды. Себебі, жұмыссыз қалғандар көп шағымданды. Әлеуметтік мәселелер жиналып, экономикалық проблемаларды туындатады. Сонымен қатар ел арасында салғырттық, несие төлеу мерзімін өткізіп алу мәселелерінде банкке немесе қарыз алған мекемеге барып өтініш жазуды білмей жатады. Жалақысы кешігіп төленетін мекемелердің қызметкерлері несие төлеуден кешігіп, шығынға жиі ұшырайды. Біз сондықтан түсіндіру жұмыстары арқылы халықтың құқықтық сауатын арттыруды да мақсат етіп отырмыз, – деді Әбдікәрім Арынұлы.
Көпбалалы ана Серікгүл Кенжехан жол-көлік апатынан анасынан айырылған. Оқиғаның ақ-қарасын айтса да, жүргізушінің көлікті мас күйінде басқарғанын дәлелдей алмай келген.
– Анамды көлік қағып кетіп, мерт болды. Құзырлы органдарға анамның жол-көлік апатынан қайтыс болғанын дәлелдеу үшін ұзақ уақыт кетті. Партияның қоғамдық қабылдауына келген соң, жүргізушінің көлікті мас күйінде жүргізгенін дәлелдей алдым. Түбінде әділдік жеңетініне көзім жетті. Партияның қоғамдық қабылдауына келгелі мәселенің барлығын заң шеңберінде шешуге болатынына көзім жетті, – деді Серікгүл Кенжехан.
Сондай-ақ әлеуметтік мәселемен қабылдауға келгендер баспаналы болу, жәрдемақы алу, денсаулығына байланысты шипажайларда жеңілдікпен демалу, тегін медициналық көмектер жайлы кеңес алды.