Ұлттық домбыра күніне орай Nur Otan партиясының Jas Otan Жастар қанатымен «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы бірлесіп, «Қасиетті домбыра» республикалық байқауын өткізді.
Байқаудың мақсаты – дарынды оқушыларды насихаттау, музыкалық шеберлікті шыңдау, жас музыканттардың шығармашылық әлеуетін дамыту, балалар мен жасөспірімдерді көркем өнерге баулу, елдегі ұлттық мәдениеттің дамуына үлес қосу, төл өнерді насихаттау.
Jas Otan Жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек төл өнерді дәріптеу жыл сайын дәстүрге айналатынын жеткізді.
– Қадыр атамыздың «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп ұлттық құндылығымыз домбыраны әр қазаққа аманат екенін айтып кеткен. Елбасы бекіткен Ұлттық домбыра күнінде 17 аймақтан талантты балаларды іріктеп байқау ұйымдастырып жатырмыз. Мақсат – төл өнерді жан-жақты насихаттау, жаңа есімдерді елге таныту. Байқауды жыл сайын өткізіп дәстүрге айналдырсақ деген ниетіміз бар. Жүзден жүйрік таланттар бүгін жеңімпаз атанды. Кең-байтақ қазақ даласында күй мектептері көне заманнан бері қалыптасқан. Атақты күйшілердің бүгінгі ізбасарларымен мақтанамыз. Бағзы заманда күйдің тілімен елдің тағдыры шешілген, халықтың мұң-мұқтажы қос ішектің көмегімен жеткізген. Әлеуметтік теңсіздікті жырлаған күйлердің өзектілігі – өз алдына бір бөлек әңгіме. Талантты жастар елдің рухын оятатын, жігерлендіретін, отаншылдықты насихаттайтын күйлерді ел арасына кеңінен насихаттайды деп сенеміз, – деді Дәулет Кәрібек.
Байқаудың 1-орын иегері Бекасыл Сабыров «Қасиетті домбыра» байқауы жыл сайын өтіп тұрса деген ұсыныстарын айтты.
– Байқауда «Үздік күйші» атанғаныма қуаныштымын. Атырау облысының атынан қатысқандықтан Құрманғазы бабамыздың күйлерін орындадым. Байқауға өзге аймақтардан қатысқан достарымнан жаңа күйлерді танып-біліп жатырмын. Осындай байқаулар жиі өткізіліп тұрса екен, – деді Бекасыл Сабыров.
Байқауға 12 жастан 16 жасқа дейінгі 51 бала қатысты. «Үздік күйші», «Үздік термеші», «Үздік дәстүрлі әнші» атанғандарға жалпы көлемі 1 млн теңге қаржылай сыйлық тапсырылды.