Арыс қаласының салық төлеушілеріне салықтарды өндіріп алудың мәжбүрлеу тәсілдері қолданылмайды.
Керісінше, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Арыс қаласының салық төлеушілеріне салық каникулын ұсынады деп хабарлайды Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.
Бұл Арыс қаласын қалпына келтіру және оның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін төтенше жағдай салдарын жою жөніндегі комиссияның отырысында Премьер-Министрдің тапсырмасында көрсетілген. Айта кетейік, Арыс қаласында 792 заңды тұлға, 3 085 дара кәсіпкер мен 65 465 жеке тұлға тіркелген.
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексіне сәйкес салықтардың және (немесе) төлемақылардың сомаларын бір мезгілде тең үлестермен ай сайын немесе тоқсан сайын төлей отырып, мерзімін ұзарту үш жылдан аспайтын мерзімге беріледі.
Салық төлеушінің және (немесе) үшінші тұлғаның және (немесе) банктік кепілдіктерге қойылған мүлкін кепілге қойып салық төлеушінің өтініші бойынша кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу ұсынылады.
Арыс қаласының салық төлеушісі кейінге қалдыруды немесе бөлік төлеуді алған кезде өсімпұл есептеуден босатылады.
Сонымен қатар Арыс қаласының барлық салық төлеушілеріне:
– дара кәсіпкерлердің жекелеген санаттарының қызметін оңайлатылған тәртіпте тоқтату үшін;
– электронды түрде қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою үшін қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебі туралы салықтық өтінішті беру құқығын ұсынуға;
– салық есептілігін табыс етудi ұзарту құқығын беру (ұзарту мүмкiндiгi 1 айға дейiнгі мерзiмге);
– салық есептілігін табыс етудi (ұзарту, қайта бастау) тоқтату мүмкіндігі берілді.
Мұндай салық төлеушiлерге салықтық әкімшілендіру шаралары қолданылмайды, салықтық берешектерді өтеу туралы хабарлама жолданбайды, салық төлеушiнiң (салық агентінің) кассасы бойынша, банктiк шоттары бойынша шығыс операциялары тоқтатылмайды, салық төлеушiнiң (салық агентінің) мүлiгiне шектеу өкімі шығарылмайды, салықтық берешектерді мәжбүрлеп өндіру шаралары қолданылмайды.
Бұдан басқа, Комитет барлық көшпелі салықтық тексерулерді, сондай-ақ басқа да салықтық бақылауларды шектейді.