Нұр-Сұлтан қаласының 21 жылдығына байланысты Nur Otan партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен партия қатарына өткендерге билет табыстады.
Партияның аймақта жүзеге асқан жобаларына ерекше тоқталып өтті.
– Нұр-Сұлтан күні қарсаңында партияға жаңадан қабылданғандарға сәттілік тілейміз. Партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің экономикалық дамуына үлес қосу, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылау, «Қазақстан – 2050» стратегиясын назарда ұстау керегін міндет етіп қойды. Облыста Nur Otan партиясы құрамында 35 276 адам бар. Nur Otan – еліміздегі ең үлкен саяси күш. Партияның ХVIII cъезінің қарарына сай әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға жәрдемдесу, тұрғындармен байланысты күшейту бағытында жаңа партиялық жобалар іске қосылды. Шілдеден бастап Үкімет тарапынан жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек берілуде. Әлеуметтік тұрғыда осал топтар санаты бойын-ша үй кезегінде тұрғандарға биыл 258 пәтер беру жоспарланып жатыр.
«Құтты мекен», «Бақытты отбасы», «Халыққа көмек» партиялық жобалары жүзеге асып келеді. Партия атынан қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылып, ақпан айынан бермен қабылдауға келген 1 500 адамның мұң-мұқтажын, арыз-шағымын тыңдап, 35 пайызының өтінішін орындадық. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ауқымында ауыл-аймақты аббаттандыруға көңіл бөлінеді. Партия ел әлеуетін арттыру бағытында қызмет ете бермек. Осы мақсатта облыстағы 273 бастауыш партия ұйымымен тығыз байланыста боламыз, – деді Серік Сүлеймен.
Ерекше айтып өтер жайт, Nur Otan партиясының қатарына облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұржан Мақсотов, облыстық тілдерді дамыту басқармасының маманы Баянгүл Семғалиева, «Квант» ЖШС-ның аға сатушысы Элеонора Строкова қабылданды.