Nur Otan партиясы халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, көмегін беруге әзір. «Халыққа көмек» – әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға, әсіресе, көпбалалы аналардың ұсыныс-пікірін тыңдайтын, шешетін бірден-бір жоба. Ұлттық жоба аясында Шымкентте көмекке мұқтаж азаматтарға қол ұшын созу мақсатында бірыңғай әлеуметтік терезе ашылып, халыққа қызмет көрсетіп жатыр.
Аймақтағы шешімін таппай келген мәселелер «Бір терезе» тәсілімен шешіле бастады. Қала тұрғындарын жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, денсаулық, білім басқармасы және заңгерлік көмек бойынша мекемелер жылдам қызмет көрсетуде. Партиялық жоба аясында Биыл алты айда 2 737 азамат қоғамдық қабылдауға келген. Оның ішінде, 1 333-і көпбалалы аналар. Қабылдауға келгендердің қатарында күнкөріс деңгейіне байланысты мемлекет тарапынан көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек алуға жәрдемдесу, жеке тұрғын үй салу үшін қолдау көрсету, баспанамен қамтуға қол ұшын созуды өтінген және материалдық көмек сұрай келген көпбалалы, жалғызбасты аналар көп болды.
Сондай-ақ тұрақты жұмыс және ауылдағы ауызсу мәселесі жөнінде көмек сұраған азаматтардың ұсынысы тыңдалды. Осы күнге дейін 619 проблема шешімін тапты. Мәселен, 9 баласы бар жалғызбасты ана Жанар Бердіқұловаға 150 мың теңге қаржы және материалдық көмек көрсетілді. Көпбалалы ана Мөлдір Диқанбаева баласын №41 Балбөбек балабақшасына орналастырды. Әлеуметтік мәселесі шешімін тапты. 3 087 мәселе талқылануда, қалған 326 проблемалар мекемелердің бақылауында. Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жас маман Гүлжан Ерімбетова тұрақты жұмысқа орналасты. Nur Otan партиясы тарапынан көптеген мәселе жүйелі шешімін тауып жатыр.