«Жастар жылында» жастарды қолдау мақсатында Жол картасы жүзеге асады. Баспанамен қамту мәселесі күзге дейін шешімін табады.
Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова жастардың идеялары мен жобаларын іске асыру, ғылым мен білім беруді дамытуға басымдық берілетінін атап өтті.
Тұрақты жұмысы бар жастарды жалдамалы пәтермен қамтамасыз ету жуық арада іске асады. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жыл сайын бір мың пәтер жалға берілмек.
Бұдан басқа, үш жылда 1 миллионға жуық жасты қамтитын «Жастар – ел тірегі» ұлттық жобасы іске асады. Жоба аясында жастар кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренеді. Қоғамды дамытатын жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік субсидияларды алуға мүмкіндік береді.
Жастар арасында білім беруді дамыту шеңберінде «Жас маман» бағдарламасы әзірленеді. 200-ден астам білім беру мекемесіне 400-ден астам заманауи техника сатып алынады. Сонымен қатар бағдарлама шеңберінде 210 мыңнан астам білікті кадр даярланады. 15 мыңнан астам оқытушы біліктілігін арттырады.
Сондай-ақ шәкіртақы 30 пайызға көбейеді. «Жасыл қала – жасыл ауыл» жалпыұлттық жобасын іске қосу жоспарда бар.
Болашақ жас кәсіпкерлерге арналған «Зерен – 2019» республикалық білім беру жастар лагерінде жастар бизнестің жаңа мүмкіндіктерін үйренеді.
Жастардың ең өзекті мәселесі – баспана. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова жастар жалдамалы баспананы 10-12 мың теңгеге қалай ала алатынын түсіндірді. Оның айтуынша, жастарға жалдамалы баспана беру бағдарламасы бойынша құжаттар қыркүйек айынан қабылдана бастайды.
– Баспана алудың ережелері 1 тамызда біздің сайтымызда жарияланады. Алдымен 29 жасқа толмаған жастар алады. Егер олардың отбасы болса, асырауында мүгедек ата-анасы немесе мүгедек балалары болса, қосымша бонус берілмек. Жалдамалы баспана 3 жылдан 5 жылға дейін беріледі. Жергілік атқарушы билікпен және басқа да министрліктермен бірге шарттарын дайындап жатырмыз. Жалдамалы пәтер алу үшін жекеменшік пәтер алатын қаржы жинауға арналған бағдарламаға қатысу қажет. Әзірге сол жалдамалы баспанада 3 жылдан 5 жылға дейін тұрып, 10-12 мың теңге төлейді. Ақша жинау үшін мүмкіндік жасалып отыр. Ең басты шарт –Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде есепшот ашу немесе қандайда бір мемлекеттік бағдарламаға қатысу. Ол сіздің ақша жинап жатқаныңызға көз жеткізу үшін қажет. Қыркүйектен бастап жүзеге асады, – деді Жұлдыз Омарбекова.
Сонымен қатар жастардың құқығын қорғауға ерекше көңіл бөлінеді.
– Жастар әрқашан әділдік іздейді. Бірақ олардың пікіріне үстірт қарайды. Біз әділеттілікті орнатамыз. Осы мақсатта «Адам құқықтары жөніндегі адвокат» жобасы іске қосылды. Кез келген жас құқы бұзылса, тегін кәсіби құқықтық көмек ала алады. Бұдан басқа, жастарды мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың тиімділігі мен тиімсіздігі туралы бізге хабарласуға шақырамын. Жастармен кері байланыс үшін @zhastar_jyly инстаграм беті және jastar@qogam.gov.kz электрондық поштасына хат жолдай алады, – дейді Жұлдыз Омарбекова.
Айтып өтер жайт, Нұр-Сұлтанда ерекше қажеттіліктері бар жастар үшін құрылған алғашқы театр ашылады. Актерлік шеберлікті оқып-үйренеді. Ауылда мәдени инфрақұрылым дамиды. Коуоркинг орталықтар, спорттық нысандар және аулалар клубтары толық жұмыс істеуі тиіс. Ауыл жастары қаладағыдай жеңілдіктерге ие болады.