Алматы қаласының төңірегінде рұқсат етілмеген митинг акциясын өткізуге әрекет еткен қылмыскерлер құрықталды. Олар акция өткізуге тыңғылықты дайындалған. Бұл туралы Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әзірбек хабарлады.
– Алматы қаласының Ішкі істер департаментінің Тергеу басқармасында ағымдағы жылдың маусым айында «Қылмыстық кодекстің» №405 бабының нормаларына сәйкес қылмыстық істің қозғалғанын бұдан бұрын да хабардар еткен болатынбыз. Сезікті ретінде төрт азамат ұсталып отыр. Олар – Жазира Демеуова, Гүлзипа Жәукерова, Әнуар Әшірәлиев және Оксана Шевчук. Оларға қатысты соттың бұлтартпау шарасы ретінде сотпен үй қамауы қабылданған болатын. Бірақ заңда көрсетілген талаптар мен ережелерді бұзып, бұл азаматтар қазіргі таңда Алматы қаласының төңірегінде рұқсат етілмеген акцияны ұйымдастырмақ болғаны туралы мәлімет келіп түсті. Шұғыл іздестіру және із кесу жұмыстарын жүргізу арқылы бұл мәлімет расталды. Шын мәнінде, бұл азаматтар рұқсат етілмеген акцияны жоспарлап, оған қатысы бар барлық тиісті құжаттама мен затты дайындап алған болатын. Осы топ мүшелерінің әрқайсысының өз рөлдері болған. Олардың мекенжайы бойынша тінту шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері заңға қайшы келетін заттарды тәркіледі. Оның ішінде арнайы жарылғыш затқа ұқсас заттар мен құрылғылар бар. Тәркіленген заттар арасында заңға қайшы келетін үндеулер де болған. Қазіргі таңда бұл азаматтар кінәсін толығымен мойындады. Сот шешімімен бұлтартпау шарасы өзгертілді. Олар үй қамауынан кәдімгі қамауға ауыстырылды, – дейді Салтанат Әзірбек.
Ресми өкілдің айтуынша, бұл азаматтармен қатар тағы бірнеше азамат ұсталып отыр. Олар «Әкімшілік кодекстің» №488 бабына сәйкес әкімшілік жазаға тартылып, соттың шешімімен тиісті шара қолданылды.