Қауіптен арылған жоқ

Қауіптен арылған жоқ

Құрманғазы ауданының 72 жастағы тұрғыны коронавирус инфекциясынан көз жұмды. Бұл дерек халықты ойландыруы да, сақтандыруы да қажет. Құрманғазы ауданы Ақкөл ауылының 1948 жылғы тұрғыны екіжақты пневмониямен аудан­ның орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне жат­қызылған. Зейнеткер әйелде ар­териалды гипертензия, та­мыр­­дан шыққан прогрессив­ті дис­циркуляторлы энцефало­патия, бауыр стеатозы, созылмалы панкреатит аурулары  болған. 4 маусым күні COVID-19  бар-жоғын анықтау үшін тексеруден өткізіліп, 6 маусымда талдау ко­ронавирус инфекциясы барын көрсетті. – Науқасты облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстыруға дайындап еді, бірақ кенеттен ауырып қал­ды. Дәрігерлер жүрек-өкпе реанимациясын жасады,  бар­лығы нәтижесіз болды. Өкінішке қа­рай, науқас қайтыс болды, – деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі. Маусымның 8-і күні Атырауда коронавирус індетін жұқтыру белгілері бар 11 адам тіркелді. Оның екеуі – Теңіз кенішінде жұмыс істейтін мер­дігер мекемелердің қызмет­керлері. Теңіз кеніші орналасқан Жылыой ауданының 7 тұрғы­ны­нан да аталмыш індет анық­талған. Олардың бесеуі  – індет жұқтырушылармен байланыста болғандар. Індет анықталған науқастардың барлығы жұқ­палы аурулар ауруханасына орналастырылды.   Қазіргі уақытта Атырау об­лысында коронавирус індеті көрсеткішін жоғарылатып жіберген аурудың ірі ошағы Теңіз кенішінде коронавирус инфекциясының 1 019 жағ­дайы тіркелді. Бүгінде Теңіз кенішінде ахуал тұрақтанып келеді.Теңіз кенішінде 230 орын­дық инфекциялық ста­цио­нар ашылды. Жұқпалы ста­ционар Атырау қаласында коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында ашылып отыр. №2 облыстық аурухананың филиалы сана­латын орталық  –  «ПТШО» вахталық лагерь аумағында ор­наласқан. Инфекциялық стационарда жұмыс істеуге №2  облыстық аурухананың 25 қызметкері жұмылдырылған. Жалпы, облыста вирус анық­талған – 19 әйел бар. Дәрігерлер жүкті 4 әйелді босандырып алды. Жаңа туған сәбидің бірінен вирус белгілері анықталған.  Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ержан Қалымбайұлының айтуынша, сәбидің денсаулығы жақсы. Ол  палатаға ауыстырылып, неоно­толог дәрігерлердің бақылауына алынған. Атырау облысында карантин талаптары жеңілдеген күні-ақ арқаны кеңге салған тұрғындар Исатай-Махамбет, Ретро парк,  Жеңіс саябағы секілді ашық алаңдарда топтасып жиыл­ғандықтан Атырау қала­сы­ның бас  санитарлық дәрігері  қау­лысымен көптеген нысандарда жүруге тыйым салынды. Эко­логиялық жағынан өте қолайсыз және жаз айларының ұзақтығы аптап ыстықпен өтетін Атырау облысы тұрғындары үшін қауіп сейілмей тұр. Бірақ оны ұғып, өзінің де, өзгенің де денсаулығын ойлайтындар аз.       Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы