Індеттің беті қашан қайтады?

Індеттің беті қашан қайтады?

Дегенмен каран­тин шектеулері әлі де жал­ғасып жатыр. Сондықтан тұр­ғындар сақтық шара­ла­рын қатаң ұстанғаны абзал. Бірақ қанша айтылып жатса да, көпшілік індет қаупіне көңіл бөлмей, көшеде бетпердемен жүру қажетін естен шығара бас­тады. Аймақта вирусқа қарсы шаралар жүргізілгенімен, қо­ғамдық орындарда, көліктерде, адам көп жиналатын жерлерде санитарлық талаптар сақтал-мауда. Тұрғындар бетперде тағу режимін бұзып, әлеуметтік қа­шықтықты ұстанбай, дезин­фекциялық талаптарды да орындамай отыр. Республика көлемінде 16 наурызда енгі­зілген төтенше жағдай 2020 жылдың 11 мамырынан бастап алынды. Алайда коронавирус инфекциясының тіркелуі әлі де жалғасып келеді. Аурудың екінші көтерілу кезеңі осы төтенше жағдай алынып тасталғаннан кейін басталды. Нақты айт­қанда, облыста коронавирус инфекциясының ең алғашқы оқиғасы тіркелген, 28 наурыздан бастап 2 мау­сым аралығында барлығы 448 дерек анықталды (100 мың халыққа шаққандағы ауру­шаң­дық көрсеткіш – 55,7). Ау­руға шалдыққандардың ба­сым көпшілігі – 20-29 (жалпы тіркелген науқастардың 24 процентін құрады) және 50-59 жас аралығындағы (25 %) ересектер. Ал ауруға шалдыққан науқастың ең кішкентайы 1 жасқа дейінгі сәби болса (Шиелі ауданы), ең үлкені – 81 жаста (Қызылорда қаласы). Аурудың максималды тіркелуі 8 сәуірге сәйкес келіп, 26 дерек есепке алынса, төтенше жағдай алынып тасталғаннан кейін ең көп (40 жағдай) тіркелген күн 31 мамыр екені анықталды. Облыс бойынша тіркелген 448 жағдайдың (кешеге дейін) 49%-ы немесе 218 дерек соңғы 23 күннің ішінде, яғни төтенше жағдай алынып тасталғаннан кейін тіркелді. Бұл – облыс тұр­ғындарының сақтық шараларына салғырттықпен қарағанының тікелей көрсеткіші. Сондықтан сақтық шара­ларын әлі де естен шығармау керек. Сонымен қатар жұмыс берушілер өз қызметкерлерін кәсіпорынның немесе нысанның меншік иесіне қарамастан, жеке қорғаныш құралдарымен қам­тамасыз етуі қажет. Барлық персонал бетперде, қолғап және өзінің технологиялық киімінде болуы тиіс. Дүкендер мен шаштараз қызметкерлері міндетті түрде бетперде, баскиім және фирмалық киімнің үстіне қолғап киіп жүруге міндетті. Барлық үй-жайлар үнемі желде­тіліп, жұмыс орындары дезин­фекциялау құралдарымен өңделуі керек. Карантин шараларын сақ­тау әлі де өзекті екенін ес­тен шығармағанымыз жөн. Өйткені қауіпті індеттің беті әлі қайтқан жоқ. Егер тәртіп бұзушылықтар сақталып, жағдай ушыға беретін болса, кейбір карантин ша­ра­лары қайта енгізіледі. Облыс тұрғындарына эпи­демиологиялық ахуалды тұрақты ұстап тұру үшін халықтың са­нитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету мақсатында заңнамамен белгіленген талаптарға құлақ асып, сақтық шараларын ең әуелі өзіміздің, жақындарымыздың қауіпсіздігі үшін сақтайық дегім келеді.         Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы