Жастар жылы деп жарияланды. Жастардың потенциалын көтеруге жол ашылады, жұмыла көтерген жүгіміз жеңілдейді дестік. Ендеше, арнайы белгіленген жылда ғылым мен білімге білек сыбана кіріскен жастар не бітіріп жүр, жоспарлары қандай, кедергілер бар ма – соны анықтау қажет. Біз айтып отырған сала бойынша мемлекет саясатын іске асыруда маңызды рөл атқаратын – жастар. Естеріңізде болса, 2011 жылы «Ғылым туралы», 2015 жылы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң қабылданып, бекітілген еді. Соған орай 2016-2019 жылдарға арналған Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы іске асырылатын болып шешім қабылданған. Сол бағдарламаның нүктесі қойылатын уақыт аяқталуға таяу, соңғы жылы да бел ортасына келді. Негізі «Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерциялау» туралы заң қабылданғалы отандық ғылымның жаңа тынысы ашылды деседі. Өйткені ғылымды басқарудың бұрын-соңды болмаған жаңа моделі жасалған болатын. Соның аясында ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың базалық, грант негізіндегі және бағдарламалық-арнаулы механизмдері анықталды.
Бағдарлама мен жоспарда мін жоқ. Орындалуы тиісінше өткенде, бәлкім өзгеріс те өзгеше болар ма еді. Қазақстанда ғылымның бір орында тежеліп, дамуда артта қалып жатқанын сынайтындар көп. Өйткені есеп түрінде атқарылған шаруа – көл-көсір, нақты көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын нәтиже – «нөлден жоғары бір шама». Ғылыми жаңалық ашып, ғылым жолында жоғары жетістігімен өзінен кейінгіге жігер беретіндер жоқ емес, бар. Тек саны аз. Бірақ ғылыммен «қағаз жүзінде» айналысатындар керісінше, өте көп.
Әдетте, бір ғылымның соңынан қуып, кәсібіне берілгендер жағдайының мәз емесін жиі айтады. Ғылыми қызметкерлер айлығы шайлығына жетпей, ақыры отбасы – ошақ қасының қамымен басқа салаға ауысып кетеді. Мысалы, 2017 жылы өткен EXPO – 2017 дүниежүзілік көрмесінде Қонаев атындағы Тау-кен ісі институты желэлектрстансасын таныстырды. Шетелдегі аналогтардан айырмасы сол – арзан. Әйтсе де, қымбатқа жүгіріп, испан технологиясын қолданып жүрміз. Егер өзіміздегіні әрмен қарай дамытсақ, ғылымға қызығушылар көбейіп, бұл салада биік бедел жинауы мүмкін жандар кетпес пе еді...
Шыны керек, ғылыми-зерттеу институттарының басым көпшілігінде кадр жаңармаған. Жаңармағанда, жастар келеді, табалдырығын аттайды, қандай жағдай жасалатынын көріп, есікті тарс жауып кетіп қалады. Бойындағы энтузиазм мемлекет сол күйі пайдалана алмаған күйі өшеді де қалады. Ғылымды шынында шыңға шығарғымыз келсе, осы «стратегиялық материалды» пісіру керек. Зоология институтының қызметкері Алексей Грачев БАҚ-қа берген сұхбатында былай деген екен: «Жануарлар әлеміне деген қызығушылық қанымда бар. Алты жасымнан зоологиялық экспедицияларға қатыстым. Өзімді басқа салада елестете алмаймын. Есімде, 2007 жылы бакалавриатқа түскен кезімде шәкіртақы 7 мың теңге болды. Бітіргенше 20 мыңға көтерілді. Магистратураны бітірер шақта 45 мыңдай болған еді. Зоология институтындағы жалақы 18 мың теңге дегенде естігенде таңғалдым. Одан бері бірнеше жыл өтті. Өзгерген нәрсе шамалы. Жас ғалымдардың айлығы – 16 мың мен 60 мың теңге аралығында. Бізге жыл сайын студенттер, оқу орнын тамамдаған түлектер жиі келеді. Жалақы туралы білген соң кетіп қалады. Өйткені оған отбасыны қалай асырайды?».
Таяқтың келесі ұшына қарасақ, ғылымның кадрлық потенциалы артып келеді деген де пікір бар. Соның ішінде жастардың көптеп келіп жатқаны туралы strategy2050.kz ақпарат агенттігі жазды. Енді қазақстандық жас ғалымдар көбейіп жатыр деуге қандай дерек бар деп ізденсек, мемлекеттік және БҒМ тарапынан берілетін премиялар, мемлекеттік ғылыми стипендиялар көп екен. Олардың ішінде М.Әуезов атындағы, Д.Қонаев атындағы шәкіртақы, «Дарын» жастар сыйлығы, Тұңғыш Президент – Елбасы қоры тағайындайтын премиялар бар. Осыны ескерсек, «ғылымға мүлдем көңіл бөлінбей жатыр» деп байбалам салу да бекер болар дейсің.
Қалай болған күннің өзінде, ғылымға қызықтыру, баулу – ақталатын еңбек. Жарқ-жұрқтың бәрі сәннен кеткенде қалатын сәуле де – осы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев іске кіріскен сәтінде алдағы жұмыс жоспарымен бөлісіп, басым он бағытты белгілеген еді. «Рухани жаңғыру» құндылықтарын басты бағдар ретінде қалдырып, тарихқа құрметпен қарау, ғылым-білімге деген ұмтылыс, Отанға деген адалдық керек. Бәсекеге қабілетті болуда жастардың үлесі де, маңызы да зор. Ендеше, жастардың білім мен ғылымға деген құлшынысы өскен сайын мемлекеттің дамуы еселеп жеделдей түседі деген сенім мол» деген еді Президент.
Айша ЕРСҰЛТАН