– Журналистер қашанда елдік мәселені қаламына арқау ете алады. Тіл мәселесіне келгенде де сіздердің алар орындарыңыз ерекше. Қоғамда болып жатқан жайттарға бірінші болып елеңдейтін, билік пен бұқара арасындағы алтын көпір, заман көшінің алға озуына ықпалын тигізіп жүретін журналистердің алар орны ерекше. Журналистер – қашанда жаңалықтың жаршысы, – деген Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова журналистерді төл мерекелерімен құттықтап, шығармашылық жетістік тіледі.
Мемлекеттік тілдің сойылын соғып жүрген журналистер арасындағы конкурстың салтанатты марапаттау рәсімінде мемлекеттік тілдің ахуалы туралы мақалаларымен, эфирге шыққан хабар мен бағдарламаларымен көзге түсіп жүрген журналистер «Үздік мақала», «Үздік телебағдарлама», «Үздік радиобағдарлама», «Үздік сайт мақаласы» номинациялары бойынша жүлделі орындармен марапатталды.
Дәстүрлі байқауға 118 автордан 246 материал келіп түсті. Ережеге сәйкес ел аумағындағы БАҚ-та жарияланған журналистік еңбектердің мазмұны мемлекеттік тілдің қызмет ету аясын кеңейтуге, мәртебесін нығайтуға, қазіргі мемлекеттік тілдің ахуалын талдау және оған мониторинг жүргізуге бағытталған.
Конкурсқа келіп түскен материалдарды елімізге белгілі қаламгер, журналистерден құралған арнайы қазылар алқасы сараптап, жеңімпаздарды анықтаған.
Осы конкурста «Үздік мақала» номинациясының жүлделі ІІ орынын әріптесіміз Халима Тәжіқұл иеленді. Жүлде қоры – 350 000 теңге.
Сондай-ақ жүлдегелердің арасында аттары озып, мерейі тасыған әріптестеріміздің қатарында «Қамшы» ақпараттық порталының бас редакторы Берік Бейсенұлы, «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Азамат Есенжол, «Қазақстан» ұлттық арнасының редакторы Нартай Аралбайұлы, «Огни Алатау» газетінің тілшісі Атсалим Идигов, «Шалқар» радиосының редакторы Гүлбану Мұхтарқұлова бар.
«Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының бас жүлдесін «Егемен Қазақстан» газетінің журналисті Бекен Қайратұлы жеңіп алды. Жеңімпазға 1 000 000 теңгенің сертификаты табысталды.
«Бүгінгі жеңімпаздар үшін лайықты жеңіс болды деп есептеймін. Тек тіл ғана емес, ұлтымыздың мүддесін қорғайтын журналистер әрбір мақаласын жанын жеп, қаламын қайрап жазады. Әсіресе, тіл мәселесіне келгенде табандап тұрып алады. Еңбектері жанды», – дейді қазылар алқасының мүшесі, «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі Талғат Батырхан.
Иә, айтса айтқандай, тілдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүретін әріптестеріміздің бұл жолда еткен еңбегі көзіқарақты оқырманға мәлім. «Мемлекеттік тілдің мәртебесін жүлде алу үшін көтермейміз. Ол – біздің міндетіміз. Дегенмен осылай еленгенімізге қуаныштымыз» дейді өзі.
Сондай-ақ шара барысында 2019 жылғы мәдениет, спорт, туризм, тіл салаларын бұқаралық ақпарат құралдарында жан-жақты насихаттауға үлес қосқан журналистерге Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың алғысхаты табысталды. Марапаттау кеші концерттік бағдарламамен жалғасты.