Екінші кім деп елеңдеп отырған шығарсыздар. Ол – Айтбай Сәулебек. Есіміне ел қанық. Кеудесі қандай кең болса, жүрегі де, пейілі де сондай кең. Қашан да, қайда да «Қазағым» деп жүреді. Кезінде «Жас Алаштың» Қарағанды, Жезқазған және Ақмола облыстары бойынша тілшісі қызметін абыроймен атқарды. Бірқатар республикалық басылымда жемісті еңбек етті. Жыл аралатып жаңа кітап шығарудан да кенде емес. Бір сөзбен айтқанда, қазақ журналистикасына олжа салған замандастарымыздың бірі.
Шиелі өңірі – талай тау тұлғалы азаматтарды дүниеге келтіріп, өсіріп-өндіріп, қанаттандырған қасиетті мекен. Алты Алаштың ардақтысы – Мұстафа Шоқай, атақты батыр – Иманжүсіп, Сыр сүлейлері – Бұдабай, ағайынды Мәнсұр мен Нартай, қазақ ғылымы, әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті өкілдері – Әуелбек пен Қалжан Қоңыратбаев, Әбілда Тәжібаев, Шахмардан Есенов, Қалмақан Әбдіқадыров және екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақаев бастаған 41 Еңбек Ерінің осы ауданнан шығуының өзі көп нәрсені айғақтаса керек.
Айтбай – бала кезден журналист болуды армандаған азамат. Күллі Қазақстан бойынша тек Алматыда – қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қарағанды мемлекеттік университетінде ғана Журналистика факультеті болатын. Бір орынға 10-12 талапкер таласады, конкурс деген сұмдық. Журфакқа тұяқ іліктіру – ғарышкерлер отрядына алынумен пара-пар нәрсе. Айтбай Сәулебек курстас достары Мұхтар Құл-Мұхаммед, Нұрғали Оразов, Қуаныш Махамбетов, Жағыппар Қарабала, Бақытжан Абызов, Орынбасар Әлжік, Қаршыға Есімсейітовамен бірге оқыған. Бәрі де дарынды.
Сол Айтбай да алпысқа келіп қалыпты. Айтбай Сәулебек Қызылорда облысы, Шиелі ауданына қарасты Тартоғай стансасында дүниеге келген. Қолына қаламнан бұрын қалақ алған. Туған ауылында құрылысшы болған. 1982 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Журналистика факультетін бітірген. Қарағанды облыстық телерадио комитетінде аға редактор, «Лениншіл жас» газетінде Қарағанды, Жезқазған және Ақмола облыстары бойынша меншікті тілші, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде бөлім меңгеруші, республикалық тәуелсіз «Азия транзит» басылымында редактор болды. Сондай-ақ «Қазақ Елі», «Заң» және «Дала мен Қала» газеттерінде жемісті қызмет атқарып, кейінгі жылдары «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі, «Сарыарқа» баспасы директорының орынбасары қызметтерін атқарды.
Публицист 2009 жылы жемқорлықпен күрес мәселелерін белсенді көрсеткені және жұртшылықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға қосқан үлесі үшін Қазақстан Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығын иеленген. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2008 жылы «Астанаға – 10 жыл» мерекелік медалімен, 2010 жылы «Құрмет» орденімен, ал 2011 жылы «Тәуелсіздікке – 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.
Айтбай Сәулебек – 12 кітаптың авторы. Оның ішінде 2011 жылы жарық көрген, Қазақстан Республикасының 20 жылдығына арнап жазылған «Елбасының алтын бесігі», («Золотая колыбель президента») атты тарихи-деректі кітабы бар. Сонымен бірге, Айткең Қарағанды өңірінің шежіресін хатқа түсіруден шаршаған емес. Айтбай Сәулебектің «Қазақтың қасиеті – Қарқаралы» атты шығармашылық кеші Қарқаралыда өткен еді. Ол осынау киелі аймақтың ардақты адамдары жөнінде арнайы жинақты әзірледі. 1992 жылы Қарқаралының тумасы, барша қазақтың мақтанышы, ұлтымыздан шыққан тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры, «Халық Қаһарманы», ұшқыш-сынақшы Тоқтар Әубәкіров туралы республикада бірінші болып «Ғарышта – Қазақ» («Айналайын, Земля!») атты екі тілдегі кітапты қос авторлықпен шығарды.
Бірден айтайық: Айтбай Арқаның төрінде еңбек етсе де, туған жерін ешқашан есінен шығарған емес; Сыр өңіріне ат басын жиі тірейді, қайсыбір жылы «Қаламы жүйрік қаламгер» атты шығармашылық кешін өткізді. Осы шара барысында ақынның өлеңдері оқылып, өткен шаққа саяхат жасалды. Сыр жұртшылығына алғысын білдірген кітап авторы Ә.Тәжібаев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасына естелік кітап табыстады. Сонда қаумалаған жұртшылықтың Айтбайдың қаламгерлігіне тәнті болғанын көзіміз көрді. Ол туған ауылы туралы «Тарихы терең Тартоғай» деген кітап жазды. Бұл – энциклопедиялық еңбек. Республикамызда облыс, қала мен аудан туралы жазылған энциклопедиялық кітаптар баршылық. Ал ауыл туралы жазылған энциклопедиялық еңбекті көріп пе едіңіз?..
Алақандай Тартоғай ауылының тарихы тым тереңде. Бір жағынан «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» тасжолы, екінші жағынан Қазақстанды Еуропаға жалғайтын теміржол, талай сырды толқынына жасырған Сырдария өзені ағып жатқан тұста Тартоғай деген ауыл бар.Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған осы ауылдан жеті бірдей министр шыққан! «Тарихы терең Тартоғай» энциклопедиясын жазу идеясы авторға қайдан келді? «КазГУ-де оқып жүрген кезімізде деканымыз, атақты профессор Темірбек Қожакеев бір лекциясында Қазақстандағы ең алғашқы көтерілістердің бірі Тартоғай стансасында болғанын айтқан еді. Содан күнделігіме: «1904 жылы Орынбор – Ташкент теміржолы бойынан Тартоғай стансасы пайда болады. «Бейресми» дерекке сүйенер болсақ, 1-ші орыс буржуазиялық-демократиялық революциясын Қазақстанда алғаш қолдап, ереуілге шыққан Тартоғай стансасының орыс мұжықтары мен қазақ шаруалары екен» деп жазып қойдым. Сол кезде туған ауылымды зерттесем деген тың ой басымда жылт еткен-ді. Уақыт өз дегенін істетеді екен. Туған елінің бостандығын, тәуелсіздігін ойлаған, қаһарлы Ресей патшасынан қорықпай, әділет үшін, ұрпағының бақыты үшін күрескен аталарымыз нағыз патриот болған екен ғой. Ендеше, киелі жерден сондай мемлекетіміздің мүддесін ойлайтын Мұстафа Шоқай, Сейітжан Полымбетов, Сейітбай Әлменов, Мүсілім Базарбаев, Шаһмардан Есенов, Фатыма Полымбетова сияқты тұлғалардың шыққаны кездейсоқтық емес».
Айтбай Сәулебек ауылдың Тартоғай деген атауына байланысты көптеген қызықты дерек келтіреді. Шыңғысхан заманында оның қарсыласының аты Тартугай деп аталғандығын, Қырымның Сиваш деген жерінде Тартугай деген шығанақ бар екенін, Ақтөбе облысы мен Оңтүстік Қазақстанда Тартоғай деп аталатын ауыл кездесетінін зерттеп жазған. 1870 жылы Петерборда шыққан «Средняя Азия. Водворение в ней русской гражданственности» кітабының (авторы – орыстың бас штабының капитаны Л.Костенко) «Несколько дорожников по Средней Азии» деген тарауының «Почтовые маршруты» тармағында Тартоғай ауылы аталған. 1904 жылы Орынбор-Ташкент теміржолы салынғанда, «Тартоғай стансасы» деп аталған. «Арада он бес жыл өткеннен кейін де большевиктер тарихи атқа оралған. Тартоғай атауы бұрыннан бар дегеніміз осы себептен. Алайда Қызылорда облысының энциклопедиясында жазылған мына бір құжатқа мән бермесе болмайды: «1919 жылы тамыз айының 17 жұлдызында Перовск уезі кеңестерінің V сьезінің қаулысымен Тугай-Барановск қыстағы Тартоғай ауылы боп өзгертіледі делінген». Қазіргі Тартоғай ХIХ ғасырдың соңына таман Гродеков болысына қараған. Түркістан өлкесі – Сырдария облысы – Перовск уезі (уезд) – Гродеков болысы. Көптеген зерттеушілер «Гродековск-Тартоғай стансасы – Мұстафа Шоқайдың туған ауылы» деп жазған.
Белгілі публицист, Қазақстан Президенті сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Айтбай Сәулебектің қаламынан туған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Құрыш тұлға» деген ерекше кітабы бар. Бұл еңбекте Тұңғыш Президенттің балалық шағынан ер жетіп, есейген кезіне дейінгі өмірі, Теміртауда құрыштай шыңдалған уақыты, Украинада алғашқы металлургиялық білім ала бастаған кезі, қызмет жолы, Президент болып, Қазақстанның мүддесін қорғап, істеген үлкен қызметтері жайында жан-жақты зерттеліп жазылған. Туындыда сирек кездесетін мұрағат қорларынан алынып, ақиқат-шындыққа негізделген тың деректерді, куәгер-тұлғалардың жүрекжарды сөздерін, бұрын жарыққа шықпаған түрлі құжаттар жинақталған. Кітап деректі негізде жазылған. Ол «От-өзен», «Білім белесінде», «Өсу жолында», «Өрлеу», «Шыңдалу», «Партком хатшысы» және «Самғау» деген жеті бөлімнен тұрады. Әсем безендірілген еңбекте Елбасының сирек кездесетін суреттері де берілген. «Құрыш тұлға» атты зерттеу кітабында Елбасы туралы, Елбасының Теміртаудағы 17 жылдық, Қарағандыдағы 2 жылдық, жалпы 19 жылдық өмірі қамтылады. Жинақ негізінен алғанда көптеген тарихи-деректі материалдарға, журналистік зерттеуге толы. Публицистің кітапты жазуда көп еңбек еткені Нұрсұлтан Әбішұлының туған жерінен бастап, Украинаның Днепродзержинск, Киев, Ресейдің Мәскеу, Омбы, қазақтың Теміртау, Қарағанды және Астана мен Алматы қалаларында іссапарда болып, материал жинақтағанынан көрінеді. Сол тұста «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған Мұхтар Құл-Мұхаммед осы кітапқа жазған алғысөзінде: «Қазақ елі өзінің бүкіл дүниежүзін мойындатқан асқаралы табыстары үшін Елбасы алдында қаншалықты қарыздар болса, Мемлекет басшысының қайраткер болып қалыптасуына Қарағанды өңірінің қосқан үлесі де аз емес. Ендеше, Елбасы өмірінің әр кезеңін үлгі-өнеге тұтатын қазақстандықтар бұл кітапты қызыға-құмарта оқитыны анық» деп жазыпты.
Тәуелсіздік – Тәңірдің бізге берген сыйы. Осы жылдарда Айтбай Сәулебек тек елдің жайын жазып келеді. Атпал азаматтың жүрегі қашанда ел деп соғады. Айтбай қазақ баспасөзінде ғана емес, әдебиетте де әдеби-көркем шығармаларымен танылған қаламгер. Қаламы мен қағазын жанына серік еткен Айтбайдың «Махаббатым менің», «Жүректегі қызғалдақ», «Ақ пен қара», «Тәуелсіздік нұры» сияқты кітаптары оқырман назарын өзіне үйіреді. Айтбайдың Қарағанды қаласының 60 жылдығына арналған «Қасиетті қала», 1930 жылдардағы ашаршылық куәгерлері туралы «Қожахмет әулеті», «Ақ пен Қара» атты кітаптары оның қаламы жүйрік публицист екенін айғақтайды.
Елбасы туралы жазу идеясы қайдан келді? Бұған не түрткі болды? «Қазақ мемлекеттік университетінің Журналистика факультетін бітіргеннен кейін жолдамамен Қарағанды облысына келдім. Сол кезде осы өңірдің барлық мекендерін аралап, адамдарымен таныстым. Соның арасында мен үшін Теміртаудың орны ерекше болды. Теміртауға әр барған сайын Елбасы жүріп өткен жолдарды көргендей болып, көп дерек жинап қайтатынмын. Соның бәрі менің шығармашылық қоржынымда жинақтала берді. Ақырында Елбасы туралы қалам тартуға бел будым. Алғашқыда Теміртаудың бүгіні, ондағы өндіріс мәселелері, еңбеккер адамдары туралы жазып жүрдім. Сол уақыттары Елбасымызға қатысты жайлар алдымнан жиі шығып жүрді. Бірте-бірте блокнотымда осы тақырып аумағында біраз деректер жиналып қалғанын байқадым. Елбасының өзі жазған естеліктерде, сондай-ақ әр жылдарда берілген сұхбаттарда оның дос-жолдастары туралы көп айтылады. Сол адамдардың бірқатарымен кездестім, өткен жылдарына ой жүгірткіздім. Солардың бірі — Қабидолла Сарекенов. Ол қазіргі Батыс Қазақстан облысына қарасты Шыңғырлау ауданының Шоқтоғай ауылында дүниеге келген. Ол қазақ жастарын Магниткаға жұмыс істеуге шақырғанда Днепродзержинскіде болашақ Президентпен бірге екі жыл оқып, сосын құрыш қорытуға бірге келген. Бір бригадада жұмыс істеген. Тіпті олар бір бөлмеде тұрған. Кейін домнаның балқыту технологиясы бойынша докторлық диссертация қорғаған ол Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанады. Ол өткен күндер туралы өз естелігінде: «Сұлтанның ата-анасы Алматының апортын пошта арқылы жіберетін, соны таласа-тармаса жеп, мәз болатынбыз» деп бір ақтарылды. Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі болған Төлеутай Сүлейменов бізге 1959 жылы Қазақстан Магниткасына келіп, алғашқыда Магнитогорскіде кәсіптік мамандықты игеріп, сосын домна цехында жұмыс істегенін айтты. Ол Нұрсұлтан Әбішұлымен екеуі екі бригадада жұмыс істесе де, бір-біріне ауысымды тапсырып жүріпті. Төлеутай Ысқақұлы маған Нұрсұлтан Назарбаевтың Хельсинкиде өткен жастар мен студенттердің Бүкілдүниежүзілік фестиваліне делегат болып қатысып қайтқаны жөнінде де әсерлі әңгімелеп берді. Шымкент облысының Сайрам ауданында дүниеге келген Сатыбалды Ибрагимовтың тағдыры да осы жолдастарына ұқсас. Ол да Днепродзержинскінің №8 техникалық училищесінде білім алады. Әрине, болашақ Президентімізбен осында жолығады, жақсы дос болады. Олардың 1960 жылы бірге түскен фотосуреті де маған ерекше әсер қалдырды. Сатыбалды ағамыздың да ақтарылып айтқан сырлары мен үшін үлкен олжа болды. Бір сөзбен айтқанда, болашақ Елбасының маңында болған көптеген адамдармен кездестім, олардың қай-қайсысы да іштеріне сыр бүгіп қалған жоқ. Сол адамдардың әрқайсысының ауыздарынан шыққан жылы лебіздер менің жүрегімді тебірентті. Және сол кісілердің де қандай жандар екеніне көзімді жеткіздім. Қазақстанның еңбек сіңірген металлургі, «Құрмет» орденінің иегері Алтынбек Асанов мартен цехында еңбек етіп жүргенде футболды шебер ойнаған екен. Содан «Қазақстан Магниктасының Пелесі» атаныпты. Елбасы да онымен кездескен сайын «Оу, Пеле, амансың ба?» дейді екен. Осы бір ерекше адам «Тағдырым маған Магниткадан сүйікті жар кездестірді. Жәмила жеңгең бір қыз, екі ұл сыйлады» деп сырын да айтты. Металлург Жанас Арысов «Нұрекеңмен 1960 жылдың жазына таман таныстым. Оның бір қасиеті — өмірінде жалғыз жүрмейді, қасында міндетті түрде жолдастары жүреді. Көңілсізденіп, не бір нәрсені ойлап, тұнжырап жүргенін көрген емеспін, керісінше, жарқылдап күліп жүретін» деп талай әңгіме шертті», – дейді Айтбай.
Елбасының өмір жолы туралы кітап жазу оңай емес. Журналист арнайы іссапармен ТМД елдерінің біраз қаласына барады. Мәскеуге барғанда Талдықорған қаласында дүниеге келген, Қарағанды металлургия комбинатының бас директоры қызметін атқарып, КСРО Қара металлургия министрі, Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары болған, Тауар өндірушілер одағының президенті қызметі тізгінін ұстаған Олег Сосковецпен жолығады. Ол Айтбайды Ресей Федерациясы Президентінің іс басқарушысы Павел Бородинмен таныстырады. Бұл кісі де Қазақстан, Елбасымыз туралы жүрекжарды пікірін білдіреді. 1987-1991 жылдары КСРО Қорғаныс министрі болған Кеңес Одағының маршалы Дмитрий Язовпен кездесу де есте қаларлық оқиға. Язов Қазақстан дегенде екі көзінен ұшқын атып, жүзінде қуаныш нұры ойнап, қазақ елі мен жері жөнінде көп әңгіме айтады. Елбасы туралы «Мен Орта Азия әскери округін басқарған тұста онымен тез таныстым. Өйткені ол әскери істі жақсы көрді, бірнеше рет Отарға бірге бардық. Мені таңғалдырғаны, оның әскери іске деген құштарлығы, қызыққаны еді. Армиядағы не бөлімшелердегі әскерилерді ол жатқа білді» деп біраз әңгіме шертеді.
Айтбай Сәулебек өз кітабында Елбасының сегіз қырын ашады. «Мәселен, бірінші қыры — қаламгерлігі деп таныдым. Ол оныншы сыныпта оқып жүргенінде аудандық «Коммунизм үшін» газетінде «Оның қуанышы» атты шағын мақаласын жариялапты. Кейіпкері — бала кезден бірге өскен досы Әуесхан Әжібаев. Әуесхан зерек, жақсы оқумен қатар колхоз жұмысына да белсене қатысады екен. Оның қуанышы — сайлауға алғаш рет қатысатыны. Міне, осы жайды жас тілші қаламына арқау етіпті. Содан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы қолынан қаламын тастамаған. Бұған бірер дәлел келтіре кетейін. 1962 жылы 28 ақпанда республикалық «Лениншіл жас» газетінде «Қазақстан Магниткасына келіңдер!», 1968 жылы 19 қыркүйекте «Темиртауский рабочий» басылымында «Первый чугун» мақаласы жарияланыпты. Сол тұстарда оның «Орталық Қазақстан», «Социалистік Қазақстан», тіпті «Правда» газеттерінде шыққан мақалаларын да таптық. Елбасының қалған жеті қыры деп — алғырлығы, өнерпаздығы, қайсарлығы, көрегендігі, достыққа беріктігі, ата дәстүрге адалдығы, даналығы туралы ойларымды тараттым. Әрине, мұның барлығын ойдан шығарғаным жоқ. Өзім әңгімелескен, сырласқан адамдардың ой-тұжырымдарын осы сипаттамаларыма негіз етіп алып отырдым. Президентіміздің әртүрлі жиындарда, кездесулерде аузынан шыққан даналық сөздерін де келтіріп отыруды дұрыс санадым. «Қазақтың бәрі де бір-біріне ағайын», «Ел бірлігі — ең асыл қасиет», «Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады», «Бірлігі жақсының тірлігі тапшы болмайды» деген сияқты нақыл сөздер осы кітапта жинақталған», – дейді.
Елбасы туралы жазуға өмірде көрген-түйгені мол, азулы журналистің ғана дәті барады. Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы, сарабдал саясаты мен батыл шешімдері арқасында ширек ғасыр ішінде елімізді барлық жағынан өркендете білген көреген саясаткер. Оның, әсіресе, ұлтаралық, дінаралық келісім мен бейбітшілікті сақтаудағы бітімгерлік рөлі елдің халықаралық қауымдастық алдында абыройын асқақтатты. Елбасы туралы жазылған том-том кітаптар оның тәуелсіз мемлекет құрудағы еңбегін, өмір жолын, адамгершілік, қайраткерлік қырларын суреттейді. Сондай туындылардың қатарында Айтбай Сәулебектің де еңбегі ерекше сүбелі деуге болады.
Мемлекет басшысының ерен еңбегін таразылау – жауапты тірлік. «Бұл тақырыпты игеруге іштей мол дайындықпен келдім десем де, көп қобалжығаным рас. Әсіресе, 2011 жылы «Елбасының алтын бесігі» атты тарихи-деректі кітапты жазғанда қатты қиналдым. Қателікке бой ұрып қалмасам екен деп қобалжыдым. Сосын бұрын-соңды жазылғандарды қайталамауға тырыстым. Өзімше жол іздедім. Тарихи еңбек болғандықтан, сұхбат алған кісілерімнің сөздерін таспаға түсіріп, қағаз бетіне хаттап отырдым. Сұхбаттастарымның айтқандары мен мұрағаттағы құжаттарды салыстыра отырып, олардың арасында алшақтық болмауына ден қойдым. Сонымен, «Құрыш тұлға» атты кітабым оқырманыма жол тартты. Бұл менің журналистік жолымдағы бір белесім, өзіндік асуым іспетті», – дейді Айтбай ағынан жарылып.
Қазақстан Президенті сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, ондаған кітаптың авторы Айтбай Сәулебектің есімі республикаға кеңінен танымал. Оның «Ғарыш-
та – қазақ!», «Ақ пен Қара», «Тәуелсіздік нұры», «Жүректегі қызғалдақ», «Махаббатым – өз жүрегім», «Елбасының алтын бесігі», «Золотая колыбель Президента», «Тарихы терең Тартоғай», «Қасиетті қала», «Қамшысөз» тәрізді туындыларын талай адам жата-жастана оқыған да болар-ау.
Айтбай – публицист, жазушы, ақын. Айтбай Сәулебектің Маңғыстаудағы пір Бекет ата, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан журналистерінің ұстазы Шерхан Мұртаза, қазақ елі мен жерінің тәуелсіздігі үшін аянбай күрескен ерлеріміз Ақжолтай Ағыбай мен Төлек Жәуке батыр, қазақтың тұңғыш ғарышкері – Тоқтар Әубәкіров, ғұлама ғалымдар Ақжан әл-Машани мен Евней Бөкетов, әлемдегі 100 атақты ғалымның бірі, «ХХ ғасырдың аса көрнекті адамы» атанған Темірғали Көкетаев, Қарқаралы аудандық газетінің тұңғыш редакторы, 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен атылған Медеш Оралдиев, Ұлы Отан соғысының ардагері, барлаушы Зайролла Нығматулин, ақындар Еркеш Ибрагим, Шынболат Ділдебаев, Нұртас Исабаев, сазгер-әнші Жақсыкелді Сейілов, тұңғыш гитарисіміз Қорабай Есенов тәрізді талантты тұлғалар туралы эсселері өте тартымды дүниелер.
Тәуелсіздік – Тәңірдің бізге берген сыйы. Осы жылдарда Айтбай Сәулебек тек елдің жайын жазып келеді. Атпал азаматтың жүрегі қашанда ел деп соғады. Айтбай қазақ баспасөзінде ғана емес, әдебиетте де әдеби-көркем шығармаларымен танылған қаламгер. Қаламы мен қағазын жанына серік еткен Айтбайдың «Махаббатым менің», «Жүректегі қызғалдақ», «Ақ пен қара», «Тәуелсіздік нұры» сияқты кітаптары оқырман назарын өзіне үйіреді. Айтбайдың Қарағанды қаласының 60 жылдығына арналған «Қасиетті қала», 1930 жылдардағы ашаршылық куәгерлері туралы «Қожахмет әулеті», «Ақ пен Қара» атты кітаптары оның қаламы жүйрік публицист екенін айғақтайды.