Елордада 270 бала коронавирус жұқтырған

Елордада 270 бала коронавирус жұқтырған

Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова елордада жалпы 2 600-ден астам адамда коронавирус анықталғанын айтты. «Елордада вирус жұқтырған жалпы 2 620 адам анықталды. Оның ішінде 270-і бала. 1 829 науқас немесе 70 пайызы жазылып шықты. Өкінішке қарай, толық көлемде жүргізілген медициналық көмекке қарамастан, 14 адам қайтыс болды. Жасы шамасы бойынша 40-50 жас аралығында 2 адам, 50-ден 60 жасқа дейінгі 4 адам, 60 жастан жоғары 8 адам», - деді С. Қисықова Орталық коммуникациялар қызметінде. Оның айтуынша, науқастардың көпшілігінде қант диабеті, гипертония, жүрек ырғағының бұзылуы мен жүрек ауруы, қатерлі ісік, сондай-ақ зат алмасуының бұзылуы сияқты жанама аурулар анықталды. «Сонымен қатар, кеш қаралу, өзін-өзі емдеу жағдайлары олардың денсаулығының нашарлауына әкеліп соқтырды. Науқастар дереу жансақтау бөліміне жатқызылды», - деді Сәуле Қисықова.