Жиынға Мәжіліс депутаты Бақтияр Мәкен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Жылқыбаев және Білім және ғылым министрлігі, Жастар және отбасы істері жөніндегі комитеті, «Атамекен» ҰКП, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Парламент Мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен Жастар жылындағы іс-шаралардың санына емес, сапасына мән беру керегін баса айтты.
– Жастар жылы нақты жобалар іске асқаны жөн. Себебі, бір жылдың аясында жастардың көптеген мәселесін тиімді, нәтижелі шешуге болады. Мемлекет тарапынан берілген мүмкіндікті әрбір жас пайдалана алады. Ақпараттық мәліметтер қазіргі жастардың барлығына қолжетімді. Сондықтан біз нақты іске көшейік, – деді депутат.
Жиында негізінен, жастарды жұмыспен қамту, баспанамен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды.
«Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында іске асатын жобаларға мемлекет тарапынан бөлінетін гранттар 100 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Вице-министр Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, биыл 183 жас қайтарымсыз грантқа ие болған. «Бастау» бағдарламасы шеңберінде 60 мың жас кәсіпкерліктің қыр-сырын оқып, меңгерген.
– Оқыған, білімді, қолынан іс келетін, кәсіпкерлікке бейім жастарды қолдауға әрдайым әзірміз. Тұрақты жұмысы бар жастардың баспаналы болуға мүмкіндігі көп. Президенттің тапсырмасына сәйкес, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жыл сайын 1 мың жалдамалы пәтерлер қолданысқа беріледі. Тұрғын үйге қажетті құжаттардың тізімі мен талаптары 1 тамызға дейін нақтыланады. Құжаттар қабылдау басталады. Сондықтан жастардың мүмкіндігіне қарай барлық жағдайы ескеріледі, – деді Ержан Жылқыбаев.
Тікелей эфирде байланысқа шыққан аймақтағы жастар шешілмеген мәселелерді жеделдетіп шешуді де сұрады. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысынан Жастар жылының жартысы өтсе де, тиісті қаржының жүйелі бөліну тетіктері жуық арада қарастырылса деген ұсыныс айтты.
«Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан жобалардың сапалы болуы мемлекет тарапынан қатаң қадағаланады. «Атамекен» ҰКП-ның қолдауымен жүзеге асып жатқан жобаларға жастар белсенді қатысқанымен, нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Сондықтан әрбір гранттың пайдасы, қоғамның дамуына қосқан үлесі сараланбақ.