Негізгі мақсат – еліміздің әр облысының шалғай бекеттерінде тұратын тұрғындарды тегін медициналық қызметпен қамту.
Қазақстанның шалғай бекеттерінің 7 мыңнан астам тұрғыны мамандандырылған пойызда тегін медициналық көмек алды. «Медициналық пойыз» Алматы, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының шет аймақта орналасқан бекеттерінде болды. Қазіргі уақытта ол Ақмола өңіріне келді. Медициналық пойыз шалғай станция тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсететінін ерекше атап өткен жөн. Медициналық пойыздың бас инженері Асқар Өмірбайдың айтуынша, вагондар С.Асфендияров атындағы ұлттық медицина университетінің заманауи диагностикалық құрал-жабдықтарымен жабдықталған. Аппаратуралар пациенттерге қажет болған жағдайда толық жалпы және биохимиялық талдау жасауға, ренгенография және флюрографиядан өтуге, ішкі органдарға және қан тамырларына УДЗ жүргізуге, электрокардиограмма, гастрофиброскопия жасауға және басқа да диагностикалық зерттеу жүргізуге барлық жағдай жасалған.
Бұған дейін медициналық пойыз Алматы, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының ең шалғай бекеттерін аралап келген. 7 шілдеге дейін пойыз Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының 24 теміржол бекетін аралайды. Акция басталғалы бері 7 420 адам, оның ішінде 1 465 бала дәрігерлердің қабылдауына келген. Жалпы, дәрігерлерге қаралғандардың саны 20 000-нан асады, 623 кіші хирургиялық ота, 283 ФГДС процедурасы, 2 416 УДЗ жасалған. Флюрографиядан 1 324 адам өткен.