4 күн бойы Шымкент қаласы мен облыстың өзге де аудандарындағы эвакуациялық орталықтарда күн кешкен тұрғындар ұйымдасқан түрде автобус колонналарымен туған жерлеріне оралды.
Қазіргі таңда Арыс қаласы мен әскери қоймада оқ-дәрілерді тазалау және қаланы дезинфекциялау шаралары аяқталды. Тұрғындар өміріне еш қауіп жоқ. Сондай-ақ бүгін ғана ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Арыстағы атмосфералық ауаның таза, су және топырақтың ластанбағанын, радиацияның жоқтығын айтқан болатын.
Тұрғындар үйіне оралғанда бекітілген қызметкерлер фото-видеофиксация жасап, шығындарды есептеуге көмек береді. Жайғасу барысында облыстық полиция қызметкерлері мен дәрігерлер, төтенше жағдай департаменті мен құзырлы мекемелер үздіксіз қызмет көрсетеді.