Апатқа бейжай қарамаған азаматтар мен белсенді кәсіпкерлер, өнер және спорт жұлдыздары мен еріктілер бір кісідей қолдан келген көмегін көрсетуде. Мемлекет тарапынан қалпына келтіру жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр.
Nur Otan партиясының бастамасымен аймақтағы барлық филиал күні-түні жұмыс істеуде. Арыс жұртына халық жан-жақты қолдау көрсетуде. Бүгінге дейін жарты миллиардтан астам қаржы жиналған. 500 тоннадан астам азық-түлік, киім-кешек, күнделікті қажетті керек-жарақ заттар, дәрі-дәрмек, көрпе-төсек жабдықтары, құрылыс материалдары Арысқа жеткізілді.
Арыстың халқына көмек көрсету мақсатында Қостанай облысының кәсіпкерлері бастаған жүк көліктері мен гуманитарлық жүк көліктері жетті. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің басшылық етуімен арнайы жедел штаб құрылды. Азаматтарға көмек көрсету мақсатында 20 тонна ұн,
7 тонна макарон мен 3 тонна кондитерлік өнім жіберілді. Облыстық кәсіподақтар орталығы «Сәби» гуманитарлық көмек беру акциясының аясында 1 жасқа дейінгі балаларға қостанайлықтардың атынан қажетті заттарды аймаққа жөнелтті.
– Мұндағы мақсат – уақыт оздырмай төтенше жағдайға тап болған Арыс тұрғындарына қолдан келгенше жәрдемдесу. Осы оқиғадан кейін бірінші күні-ақ көптеген мемлекеттік мекеме, кәсіпорындар біркүндік жалақы аудару мәселесін қолдады. Тек қана мемлекеттік органдардың қызметкерлері зардап шеккендерге 20 миллион теңгеден астам қаржы аударды. Қазір игі іс одан ары жалғасып жатыр. Бұдан жекеменшік мекемелер де бас тартып жатқан жоқ. Мәселен, «Қарасу» холдингі – 3,5 миллион теңге, «Милх» ЖШС – 1 миллион теңге, «БК-Строй» құрылыс компаниясы 2 миллион теңге аударды. Сондай-ақ «Олжа-агро» ЖШС, «Баян Cұлу» кондитер фабрикасы тәрізді ірі өндіріс орындары да бастамаға үн қосып жатыр. Қазіргі таңда Түркістан облысына 20 тонна ұн, 7 тонна макарон өнімі, «Баян Cұлу» АҚ 3 тонна контидерлік өнім жөнелтті. Қандай жағдай болмасын, көмек беруге дайынбыз. Қиын сәтте қол ұшын созу – парыз. Сондықтан осы сәтті пайдаланып, барша қостанайлықты Арыстағы ағайынды қаржылай қолдауға шақырамын. Бірлігі бекем ел ғана алға озады, – деді Архимед Мұхамбетов.
Қостанай облысының әкімі Арыс қаласындағы қирап, бүлінген 450 үйді қалпына келтіріп беретінін айтты. Қазір онда облыс әкімінің орынбасары Сергей Карплюк бастаған делегация жұмыс істеп жатыр. Олар бір апта ішінде қираған, бүлінген үйлердің шығынын есептеп, құрылыс жұмыстарына қанша қаражат қажет екенін анықтайды. Содан кейін құрылысшылар нақты іске кірісетін болады.
Nur Otan партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңабай Бисімбаевтың айтуынша, Арысты қалпына келтіруге қостанайлықтар белсенді атсалысуда.
– Жайсыз хабар жеткен кезде Қостанай өңірінің жұрты қиналған ағайынға қолдау білдіріп, қол ұшын беруге асықты. «Көп түкірсе – көл» дегендей, мұқтаж жандарға қол ұшын созғысы келетін азаматтар әлі де Nur Otan партиясының филиалы жанынан құрылған арнайы бекетке бара алады. Қазірдің өзінде қала-аудандардан, кәсіпкерлердің атынан жеткен жүктер бекет басына жинақталып жатыр. Осындай сәтте ынтымақ танытуымыз қажет, – деді Жаңабай Бисімбаев.
Сондай-ақ партия қызметкерлері біркүндік еңбек жалақысын көмектесу үшін аударды. Қаржылай көмек көрсеткендердің арасында қостанайлық кәсіпкерлер де бар. Мәселен, жергілікті кәсіпкер, Nur Otan партиясының мүшесі Сергей Блок – бір миллион теңге, Еңбек Ері Алмат Тұрсынов 3,5 миллион теңге аударды.
Қостанайлықтардың қолдауы Арыс қалпына келгенше жалғаса бермек.