Атырауда 20 тонна гуманитарлық жүк жиналды. Атап айтқанда, азық-түлік, жеке гигиена құралдары және бірінші кезекте қажетті заттар жинақталған.
«Дина» сауда орталығы директорының айтуынша, мұнайлы өңірден алғашқы гуманитарлық жүк Арысқа жеткізілді. Көмекке сауда орталығынан жалға алып отырған 100-ден астам кәсіпкер атсалысты.
– Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Арыс қаласындағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерді қолдауға және тұрғындарға көмек көрсетуге шақырды. «Арыс, біз біргеміз!» атты жалпы республикалық акцияға қатысуға шешім қабылдадық. Осының арқасында 20 тонна қажетті жүк жиналды. Қазір барлық жүкті тиеп жатырмыз. Жақын арада гуманитарлық көмек жөнелтілетін болады. Бұдан бөлек, БАҚ жариялаған банктегі есепшоттарына қаражат аударуда, –деді «Дина» сауда орталығының директоры Нұрлан Тәуекел.
Арыс қаласында әскери бөлімнің қоймасында жарылыстан зардап шеккен тұрғындарға көмек күні-түні жеткізіліп жатыр. Алдағы уақытта да жеткізілген құрылыс материалдарымен тұрғындардың баспанасы қалпына келтіріледі.