Қазақстан Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының дерегіне сүйенсек, соңғы 10 жылда тұрғын үймен қамтамасыз ету 30 пайызға өскен. Алдағы 12 жылда бұл көрсеткішті 40 пайызға арттыру жоспарланған, яғни баспанамен қамтуды жылына 3,3 пайыздан өсіріп отыру көзделген. Бұл жерде өсіп келе жатқан демографиялық динамика есепке алынған: 2007-2017 жылдар аралығында халық саны 1,5 пайызға артты. Ал тұрғын үй құрылысына бөлінген инвестициялар орта есеппен жылына 8,7 пайызға өскен, сонымен бірге құрылысы аяқталған тұрғын үйді тапсыру 5,5 пайызға көбейді.
Мемлекеттің әлеуметтік саясатының бір тармағы – қолжетімді баспанамен қамту. Мемлекет тұрғын үй құрылысына қаржы беру арқылы әлеуметтік мәселелерді ғана шешпейді, экономиканың құрылыс, құрылыс материалдарын өндіру, құрылыс саласына қатысты өңдеу секторларын, көлік, банк секторларының дамуына да ықпал етеді. Сондықтан халықты баспанамен қамту мәселесінде осалдық танытуға болмайды.
Елімізде баспанаға мұқтаждар өте көп. Банктердің пайыздық үстемені там-тұмдап азайтуы мен мемлекеттік бағдарлама бойынша салынатын үйлердің көбеюі мәселені шеше алмай отыр. Себебі, бізде баспанаға сұраныс көп болғанымен, сауда аз – халықтың төлем қабілеті төмен. Осы саланың сарапшылары баспана бағасын халықтың төлем қабілеті мен екінші деңгейлі банктердің ипотекалық несиелендіру саясаты анықтайтынын айтады. Халықтың төлем қабілеті артуы үшін табысы көбеюі керек. Бұл ретте, ел Үкіметі екі-үш жыл сайын жалақы мен әлеуметтік жәлдемақыларды көбейтіп келеді. Бірақ одан халық табысы артып, төлем қабілеті көтерілмей отыр. Себебі, жалақы мен жәрдемақы қалай өссе, азық-түлік пен өзге де тауарлар құны солай өседі де, салдарынан табысты инфляция жұтып қояды. Сондықтан сала мамандары ипотекалық қарызды субсидиялауды ұсынады. Осы арқылы мемлекет халыққа дайын үй салып бергеннен гөрі, сол қаражатқа халықтың ипотекалық қарызын төлеуге көмектессе, сол тиімді болады дейді. Бұл тәжірибенің Ресейде сәтті жүзеге асып жатқанын алға тартады.
Қазақстандағы құрылыс саласында бәсекенің жоқтығы да тұрғын үймен қамту саясатына кедергі болып отыр. Өйткені жетекші құрылыс компаниялары тек жоғарғы сыныпты үйлер салғысы келеді. Неге? Жауабы белгілі: арзан үйден табыс жоқ. Бірақ солай екен деп ел қарап жатқан жоқ. Қалталы азаматтар мен ел тұрғындары асарлатып баспанаға аса мұқтаж адамдарды қуанышқа кенелтіп жатыр. Бұл көрініс, әсіресе, Ораза айында ауқымды сипат алды. Тіпті осынау игілікті іске мектеп бітіруші түлектер де кіріскеніне куәміз. Бірақ, олардың бұл қарекеті теңіз тамшысындай ғана көмек. Тұтас халықтың баспана мәселесін шешуге тиімді мемлекеттік саясат қажет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ұлықтау рәсімінде ел назарын тұрғын үй мәселесін шешуге аударды.
«Түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аударамын. Біздің алдымызда Бірыңғай тұрғын үй саясатын жасақтау міндеті тұр. Үкімет осы бағытта нақты шаралар қабылдайды», – деді Президент. Бірыңғай тұрғын үй саясаты жасалғанға дейін жұмыс тоқтап тұрмайды.
Ұлықтау рәсімінен бірер күн өтісімен ел алдында есеп берген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр көпбалалы аналарды баспанамен қамту жоспарымен бөлісті. Бүгінгі таңда елімізде 31 мың көпбалалы және тұрмысы төмен отбасы баспана кезегінде тұр.
«Алдағы 7 жылда 42 000 арендалық пәтер салынбақ. Биылдан бастап жыл сайын 6 мың пәтер беріліп отырады. Сәуір айында заңнамаға өзгеріс енгіздік. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Бұдан бөлек «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы жеңілдетілген несиемен ипотека беру көзделген. Бюджеттен бұл мақсатқа да жыл сайын қаржы бөлінеді. Жергілікті әкімдік тізімі бойынша 10 пайыз алғашқы жарнамен 20 жылға 2 пайыздық ипотека беріледі. Осылайша, ары кетсе 6 жылдың ішінде барлық көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды түгелдей баспанамен қамтып бітіреміз», – деді Роман Скляр.
Министрдің айтуынша, аталмыш санаттағы отбасылар мемлекет ұсынған екі жолдың қайсысын таңдайтынын өздері шешеді.
Жастар жылында баспанаға зәру жастарымызға қандай игілік жасалады? Бұл сауалдың жауабын да күні кеше білдік. Министрі Роман Скляр 2021 жылға дейін жұмысшы жастарға 3 мың пәтер берілетінін айтады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істеп жатқан жастарға арнап, 1 мың пәтер салуды жоспарлап отырмыз. Енді бұл жоспарлар қайта қаралды. Бұл қалаларда 2019, 2020 және 2021 жылы 3 мың пәтер беріледі», – дейді министр.
Мұғалімдер мен дәрігерлерді жалға берілетін пәтермен қамту үшін Білім және ғылым министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан ипотекалық компаниясымен келісім жасасып, мұғалімдер мен дәрігерлерге бастапқы жарнасыз 3 мың пәтерді жалға бермекші. Ол пәтерлер кейін сатып алу мүмкіндігімен беріледі.
Ресми дерекке сүйенсек, бүгінде 15 мың медицина қызметкері мен 10 мың мұғалім пәтерге қол жеткізе алмай жүр. Баспананы министрліктің және ведомствоның бағынышты ұйымдарының қызметкерлері кезек тәртібі бойынша алады. Соңғы бес жылда олардың атында тұрғын үй болмауы тиіс және төлем қабілеті расталуы қажет.
«Меморандумға 5 маусымда қол қойылды. Министрліктер бір-екі аптаның ішінде тізім беруі тиіс (кезекте тұрғандардың). Осыдан кейін біз кезекте тұрған мұғалімдер мен дәрігерлердің төлем қабілетін тексереміз. Керек құжаттар бар ма, жоқ па – анықтамалардың бәрі зерделенгеннен кейін осы жұмысты бастаймыз», – дейді «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ атқарушы директоры Мақсат Меңдібаев. Оның айтуынша, тізімде Қазақстанның барлық аймақтарында пәтер кезегінде тұрған азаматтар бар. Пәтерлер алдағы 2-3 айда беріле бастайды.
Ішкі істер министрлігі де ішкі істер қызметкерлеріне тұрғын үй бойынша берілетін төлем механизмдерін анықтап жатыр. Себебі, Ішкі істер министрлігінде өзіндік тұрғын үй қоры жоқ. Сол себепті, қазіргі таңда қызметкерлерге қызметтік тұрғын үйдің орнына айына жалға берілетін үй үшін өтемақы беріледі. Ол ақша айналып келгенде жалға беретін үй иесінің қалтасына кетіп жатыр. Зейнетке шыққан кезде біздің қызметкерлер үйсіз қалады. Ішкі істер вице-министрі Алексей Калайчиди әскери қызметшілер секілді ішкі істер органдары қызметкерлеріне де екінші деңгейлі банктен арнайы шот ашу арқылы өтемақы беру механизмін әзірлеу ұсынылғанын айтады. «Бұл келісім ІІМ, банк пен құрылыс компаниясының арасында жасалуы мүмкін. Осыған байланысты «Тұрғын үй қатынастары» туралы және «ҚР Ішкі істер органдары туралы» заңға өзгерістер енгізіліп жатыр. Аталған заңдар арқылы үй алу құқығына ие қызметкерлердің тізімін жасаймыз. Бұл үшін қосымша қаражаттың керегі жоқ», – дейді вице-министр. Оның айтуынша, егер осы жүйе іске асса, 15 мыңға жуық қызметкер баспаналы болады екен. Олардың қатарында жедел қызметкерлер, тергеушілер, учаскелік полицейлер, патрульдік полиция қызметкерлері мен жасөспірімдер ісі жөніндегі тәртіп сақшылары бар.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ төрайымы Ләззат Ибрагимова Алматыда журналистермен кездесу өткізіп, баспана алудың жолдары туралы кеңес берген болатын. Оның айтуынша, қазіргі таңда рекордты көлемде баспана салынып жатыр. «Былтыр 12,5 млн шаршы метр пайдалануға берілсе, 2006-2007 жылдары бұл көрсеткіш 5-6 млн шаршы метр ғана болған еді. Тұрғын үй қоры артып келеді. Нарықта ұсыныс көбейсе, бағаның түсетіні заңдылық. Қазір қайталама нарықта көріп отырғанымыздай, баға төмендеді. Жастар өз қалауындағы пәтер алғысы келсе, ақша жинауға кеңес берер едім. Себебі, нарықта ұсыныс көбейеді», – дейді.
Міне, жоғарыда айтылғандарға назар аударсақ, әр саланың, әлеуметтің осал топтарының баспаналы болуына мүмкіндік беретін бағдарламалар бар. Бағдарламалардың көптігі адамды жаңылыстырып та жібереді. Енді сол бағдарламалардың басын біріктіріп, бірыңғай тұрғын үй саясатын жасайтын уақыт жеткен сияқты. Себебі, бүгінге дейін тұрғындарды баспанамен қамтудың түрлі тәжірибесі жасалды, соның озығын алып, тозығын тастап, тиімді алтын аралықты жасау – уақыт талабы.