Бүгінде тегін медициналық көмек пакетіне барлық қызмет енген. Өкінішке қарай, ол тек қағаз жүзінде ғана. Ал мемлекет бөлетін қаржы халықтың сұранысын толық қанағаттандыруға жетпейді. Оның үстіне, медқызмет құны үнемі қымбаттап отырады, ал онсыз да арзан тұрмайтын қондырғылар қосымша қызмет көрсетіп, жиі-жиі жөндеуді талап етеді.
«Бөлініп отырған қаржы медициналық қызметтерге сұранысты толық жабуға жетпейді. Салдарынан халық денсаулығына жұмсалатын шығынның бір бөлігін өз қалтасынан шығаруға мәжбүр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуіне осы жағдай түрткі болды. Өйткені жаңа жүйе денсаулық сақтау саласына қосымша қаржы тартып, халыққа сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді», – дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарушы директоры Забира Оразалиева.
Оның айтуынша, жүйе сақтандырылған азаматтарға жарнаны мүмкіндігіне қарай төлеп, медициналық көмекті қажетінше алуға көмектеседі. Себебі, таразының басында ақша табу емес, барлық азаматтарды қолжетімді, сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету мәселесі тұр.
Қаржы жетпегендіктен, тегін көмек тізіміне енген қызметтердің көбі қағаз жүзінде қалып қойды. Қаражат тапшылығы, әсіресе, оңалту, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, паллиативтік көмек сынды салаларда ерекше байқалады. МӘМС енгізілгеннен кейін аталған қызметтердің қолжетімділігі артып, сапасы жақсара түсуі тиіс. Өйткені оның бәрі міндетті сақтандыру пакеті есебінен көрсетілетін болады.
«Бізде оңалтуға жұмсалатын шығын 2,5 есе артқан. Бастапқы медициналық-санитарлық көмекке бөлінетін қаржы көлемі 50 пайызға көбеймек. Осындай градациялардың арқасында белгілі бір қызметтерді толыққанды қаржыландыруға мүмкіндік туады. Мысалы, бұрын мұның бәрі мемлекеттің мойнында болса, енді оның қомақты бөлігі МӘМС арқылы іске асырылады», – дейді Забира Оразалиева.
Бастапқы медициналық-санитарлық көмек бұрынғыша тегін көмек пакетінде қалады және енгізілгеннен кейін де өзгеріссіз көрсетіле береді. Яғни, емханалар тіркелген пациенттерге бұрынғыша қызмет көрсете береді, үйге шақырған пациенттерге барады, балалар мен жүкті әйелдерді бақылайды. 4 санаттағы жедел жәрдем шақыртуларына да солар барады. Және мұның бәрі міндетті түрде тегін көрсетіледі.
Қазіргі талап бойынша бір жалпы практика дәрігеріне тіркелген пациенттер саны 1 700-ден аспауы тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі 2023 жылға қарай бұл көрсеткішті 1 500-ге дейін төмендетуді жоспарлап отыр. Нәтижесінде, емханалардағы кезек азайып, учаскелер саны артады. Бұл үшін қосымша учаскелер ашуға күш салуы керек.
Тегін медициналық көмек, ең алдымен, Қазақстан азаматтарына, оралмандар мен елімізде тұрақты тұратын шетел азаматтарына көрсетіледі. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар аурулар мен динамикалық бақылауға жататын сырқаттар да тегін емделеді. Ал Қазақстанда уақытша тұратын шетелдіктер кепілдендірілген тегін медициналық көмекті пайдалана алмайды. Егер шұғыл операция қажет болмаса пациентке жоспарлы медициналық көмек көрсетіледі. Мысалы, кардиолог, невропатолог, окулист сынды салалық мамандарға жоспарлы түрде қаралып, емделу керек. Пациентке қымбат зерттеулер жасау қажет болса, қосымша бірнеше маманға қаралу қажет. Осының бәріне жұмсалатын шығын сақтандыру есебінен жабылады.
Мысалы, науқасқа операция жасау қажет болды делік. Бірақ шұғыл операцияның қажеті жоқ. Сондықтан дәрігерлер ота жасалатын күнді белгілеп, операцияны жоспар бойынша жасай алады. Мұндай жағдайда қызмет ақысы МӘМС қаражаты есебінен өтеледі. Ал егер пациентті жедел жәрдеммен әкеліп, оның өміріне қауіп төнетіндей жағдай болса, операция мемлекеттік тапсырыс шеңберінде, тегін жасалады.
Жалпы, оңалту – шұғыл көрсетілетін қызмет түріне жатпайды. Оңалту бұрын тегін медициналық көмек пакетінде болды, бірақ қаржы тапшылығы салдарынан ешқашан толыққанды көрсетілген емес. Ал МӘМС енгізілгеннен кейін бұл қызмет қолжетімді бола түсті. Әсіресе, мемлекет тарапынан сақтандырылатын жеңілдігі бар 15 санатқа кіретін мүгедектер, зейнеткерлер, балалар тарапынан оңалту қызметіне деген сұраныс жоғары. Бұл санаттағылардың жалпы саны халықтың 60 процентіне жетіп жығылады.
«Мысалы, мен еш жерде ресми түрде жұмыс істемейтін үйбикесімін делік. Табыс көзі бар. Бірақ мен ресми жұмыс істемеймін, жұмыссыз ретінде тіркелгім келмейді. Үйде, бала тәрбиесімен айналысамын. Сонда мен медициналық қызмет пакетін толыққанды пайдалану үшін не істеуім керек? Мұндай азаматтар ең төменгі жалақының 5 проценті мөлшерінде, айына шамамен 3 000 теңгеге жуық төлем жасап, сақтандыру жүйесіне қатыса алады. Есесіне, қажет болған жағдайда сақтандыру пакетіндегі барлық қызметті пайдалануға болады», – деді Забира Оразалиева.
Жарнаны Медициналық сақтандыру қорына төлеуге немесе бірыңғай жиынтық төлем ретінде төлеуге болады.