Қармақшыда жарқын бастамалар жүзеге асады

Қармақшыда жарқын бастамалар жүзеге асады

Оған  аймақтарда атқарылып жатқан  келелі істер дәлел. Айталық, Қызылорда облысы Қармақшы ауданында жоспар­ланған  жұмыстардың өзі біздің осы сөзіміздің айғағы. Биыл  «Жұмыспен қамту жол карта­сы» бағдарламасы аясында Қармақшы ауданы бойынша 3 млрд 550 мың теңгенің көлемінде 40 жоба іске асырылады. Осы жобалар аясында жалпы 804 жұмыс орны ашылып, жұмыспен қамту орталықтары арқылы тіркеуде тұрған 409 адам жұмыспен қамтылатын болады. Сөйтіп, Қармақшыдан 103 адам, Байқоңыр қаласы, Төретам кенті мен Ақай ауылдық округінен 306 адам екі қолға бір күрек тапқалы отыр. Одан бөлек, «жұмыс орындарын мониторингтеу интеграцияланған картасы» ақпа­раттық жүйесіне жұмыспен қамту орталығы арқылы қамтылатын 391 жұмыс орны енгізіліп, тіркеуде тұрған 382 жұмыссыз азаматқа жолдама берілді. Соның ішінде Байқоңыр қаласы бойынша жұмыспен қамту орталығы арқылы 295 жұмыссыз азаматқа, Қармақшы аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 87 жұмыссыз азаматқа жолдама берілді. Сөйтіп, 15 мердігер мен қабылданған жұмысшылар арасында  жасалынған 71 еңбек шарты «Enbek.kz» дерекқорына енгізілді. Ал бұл деректер ұдайы бақылауда болмақ. «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында ауданда 8 әлеуметтік нысанның, елді мекендердегі 9 көшеге орташа жөндеу жұмыстары, 2 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салуға, 14 көшеге жарықтандыру жұмыстары, 3 нысанға абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жосалы кенті мен Төретам кен­тіне спорттық тренажерлық және стритболдық алаңдар құрылысы, Төретам кенті мен Ақай ауылдық округіндегі 6-10/0,4 кВ электр желілерін кеңейту және қайта жаңғырту,  Төретам кентіндегі №22 35/10 кВ қосалқы стан­сасын кеңейту және қайта құрылымдау құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. Төретам кентіндегі бірқатар электр желісінің 80 пайызының тозығы жеткен. Қыс айларында соққан жел мен боран кезінде электр желілері сөніп  немесе электрдің кернеуі көбейіп, тұрғындарды әбігерге түсіретін еді. Осы мәселелерді шешу мақсатында биылғы жылы тапсырысты облыстық Энергетика басқармасы арқылы Төретам кенті мен Ақай ауылдық округіндегі 6-10/0,4 кВ электр желілерін кеңейту және қайта жаңғырту,  Төретам кентіндегі №22 35/10 кВ қосалқы стансасын кеңейту және қайта құрылымдау құрылыс жұмыстары басталды. Карантин  жағдайына қарамастан  Қармақшы өлкесінде жыл басынан бері жақсы әлеуметтік-экономикалық көрсеткішке қол жеткізілді. Қармақшы ауданы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 565,0 млн теңге болып, былтырғы жылдың  тиісті кезеңімен салыстырғанда 129,1 пайызды құрады. Ауданның өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындары 1172,0 млн теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың есепті мерзімімен салыс­тырғанда бұл көрсеткіш 161,1 пайызды құрады.  Өңдеуші өнеркәсіпте ағымдағы жылдың 4 айында 958,0 млн теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 170,4 пайызды құрады. Бір сөзбен айтқанда, ауданда халық­тың әл-ауқатын төмендетпеуге бағыт­талған шаралар мен өнім өндіру ісі көңілден шығатындай деңгейде. Әрине, коронавирус пандемиясы жергілікті биліктің біраз жоспарына өзгеріс енгізгені рас. Алайда халық та,  басшы мен қосшы да  өңірді дамытуда аянып қалмақ емес.  

Миуа БАЙНАЗАР