Жеке кәсіпкер, «Қалқа» шаруа қожалығының қожайыны Сағадат Мадалиев көпбалалы отбасы Қасымбек Дәрменбековке баспана сыйлады. Қуаныш иелерін Шу аудандық «Жұмыспен қамту орталығының» басшысы Садықбай Көпбаев арнайы құттықтады.
– Ауылдың бірлігі бекем, тірлігі мығым, татулықты ту еткен тұрғындары кез келген сәтте «бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» бола білді. Ауылда әкім болғанда көзім жеткен. Баспанаңызға бақ-береке дарып, бау-бақшаңыз жайнай берсін. Алты балаңыз елдің азамат болсын, – деді аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Найман Сұлтанбаев. Сондай-ақ ақжаулықты әже Шымшық Мадалиева бастаған «ауылдың жеті қазынасы» атанған Нұржамал, Үміт, Тұрсынкүл, Орынкүл, Күлән, Дәмегүл сынды аналар және ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Марат Сағындықов жаңа қоныс берекелі болсын деген тілек айтты. Сауапты іске атсалысқан Сағадат Мадалиевтің жомарттығын ауылдағылар жақсы біледі.
– «Жақсылық жасаңдар, қайырын өздерің көресіңдер» деп отыратын, анам жарықтық. Ол кісінің өсиеті біз үшін алтыннан да қымбат қазына. Балалардың шат күлкісін көру – қуаныш, – деді Сағадат Мадалиев
.
Ерман Әбдиев,
Жамбыл облысы