«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Instagram желісіндегі өзінің парақшасында Медицина қызметкерлерінің күнімен құттықтаған жазбасында осылай деді. «Құрметті ақ халатты абзал жандар! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Медицина қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қай кезеңде де көнермейтін, қайта күн өткен сайын құны арта түсетін бір мамандық болса, ол – дәрігерлік. Қазіргі таңда әр адам шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап бүкіл өмір бойы осынау абзал жандардың қамқорлығында болады десек, артық айтпаймыз. Бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайтын мына жалғанда әрбір жанның алдымен іздейтіні – дертке дәру, жүрекке жылу сыйлар дәрігер. Қанатымен су сепкен қарлығаштай әркез жанымыздан табылып, ауруға шипа, көңілге шуақ ұялататын да – Сіздерсіздер. Сондықтан да дана халқымыз «Әуелгі байлық – денсаулық» деп тұжырымдап, қашанда дертке дауа, көңілімізге дем берер шипагер жандарды ерекше қадірлеген. Осынау қастерлі жолды жалғап жүрген Сіздер қандай құрметке болсын лайықсыздар. Дүниені дүрбелеңге салған қатерлі індет өршіп тұрған кезеңде мылтықсыз майданның алдыңғы шептегі жауынгерлеріне айналдыңыздар. Үй бетін көрмей, өз өмірлеріңізді қатерге тіге отырып, күні-түні індетпен күресіп жүрсіздер. Әрбір науқастың өмірі мен саулығы үшін жан аямай арпалысқан Сіздерге айтар алғысымыз шексіз. Сондықтан да «Nur Otan» партиясы әрдайым ұлт денсаулығы, оның ішінде шипагер мәртебесі мәселесін өз күн тәртібінен түсірмей, басты басымдық ретінде ұстайды. Жақында қабылданған Кодекс – осының шын көрінісі. Статистикалық деректерге жүгінсек, елімізде 74 мыңдай дәрігер, 180 мыңға жуық орта буын медицина қызметкері бар. Гиппократ антын бекем ұстанған, Отанға, елге қалтқысыз қызмет етуші қаншама тағдыр. Заманымыздың шын батырлары – дәрігерлерге Мемлекетіміз де, партиямыз да тиісінше қолдау көрсетуге ұмтылуда. Қызығы мен шыжығы қатар жүрген мына өмірде бұл үрдіс әрі қарай да жалғасын таба бермек. Сіздердің күш-жігерлеріңіздің арқасында қатерлі дертті ауыздықтап, қалыпты тіршілігімізге тезірек оралатынымызға сенімдімін. Ақ халатты, абзал жүректі барша дәрігерлер қауымын тағы да құттықтай отырып, мықты денсаулық, отбасыларына амандық, істеріне береке тілеймін. Біз біргеміз!», - деп жазды ол.