– Президент Қ.Тоқаевтың халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын реформалау туралы тапсырмасы бар. Сондықтан шалғайдағы ауыл тұрғындарын жұмысқа тұрғызу үшін «мобильді жұмыспен қамту орталықтары» құрылады. Бұл мақсатқа 381 миллион теңге бөлу жоспарлануда, – деді министр.
Оның айтуынша, «Еңбек» бағдарламасы аясында жастарды, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды, мүгедектігі бар азаматтарды оқытуға, жұмысқа орналастыруға және қолдауға ерекше назар аударылады.
Жастар жылы аясында жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Жас маман» және «Жас кәсіпкер» жобаларын іске асыру басталды. 3 жыл ішінде барынша сұранысқа ие мамандықтар бойынша 200 мың жас маманды даярлау жоспарланды.
– Жастар практикасымен қамту жоспары кеңейтілді. 2019 жылы тағы 10 мың адамды практикаға қосымша жібереміз. Бұл 25 мың жас буын өкілін жұмыспен қамтуға жол ашады, – деді министр.
Сондай-ақ оқыту шаралары күшейтіліпті. Биыл қысқамерзімді курстарда 100 мың, ал «Бастау – Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне 75 мың адам оқытылмақ.
Сонымен қатар 2019 жылы қосымша 28,3 мың адамға тегін гранттар беру, 5 мың адамға жеңілдетілген микрокредиттер ұсыну көзделіп отыр. Осылайша, бұған дейін көзделгенін есепке алғанда, 57 мыңнан астам қазақстандық өз кәсібін ашуға немесе қолданыстағы бизнесін кеңейтуге мүмкіндік алады. Бұл ретте қосымша қаражаттың 70%-ы ауылдық жерлерге арна тартады.
«Тұрақты жұмыс орындарына орналастыру – «Еңбек» бағдарламасының басты нысанасы. Бұл жұмысты «Атамекен» ҰКП-мен бірге жалғастырамыз», – деді Бердібек Сапарбаев.
Оның айтуынша, 2019 жылы жаңа бастамалар арқасында көмек пен әлеуметтік қамсыздандыру көлемі шамамен 700 миллиард теңгеге ұлғайды. Бүгінде мемлекет қазақстандықтарға ұсынылатын әлеуметтік көмектің 39 түріне кепілдік береді.
– 2019 жылы әлеуметтік қамсыздандыруға және әлеуметтік көмекке көзделген қаражат көлемі тағы 674 млрд теңгеге өсіп, 3,3 триллион теңгені құрады. Бұл республикалық бюджет шығыстарының 28%-ына тең. Соның ішінде әлеуметтік төлемдерге 2,9 триллион теңге бөлінді, – деп атап өтті министр Б.Сапарбаев.
Ол журналистерге өзі басқаратын министрлік жұмысының жеті басым бағытын жария етті. Ведомство басшысының байламынша, бірінші және ең маңызды міндет – Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын іске асыру. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау жүйесін жақсартуға да баса мән берілмек. Осыған байланысты министрлік мүгедек азаматтардың құқын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі «Ұлттық жоспар» қабылдады.
Халық табысын арттыру және еңбек құқығын жүзеге асыру үшін қазақстандықтарды нәтижелі жұмысқа тарту; жаңа экономика үшін кадрлар даярлау; лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау; көші-қон процестерін реттеу – басымдық ретінде белгіленіп отыр.
Бұдан бөлек, әлеуметтік еңбек саласын цифрландыру да негізгі міндеттер қатарына жатқызылған.