Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованы қабылдады. Мемлекет басшысына министрліктің атқарып жатқан қазіргі қызметі және ортамерзімді жоспары жөнінде мәлімет берілді.
Қазақстан Президенті жаңа министрге заңнамалар мен нормативтік-құқықтық базаны одан ары жетілдіру, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» және «Киелі Қазақстан» бағдарламаларын, туризм, спорт, мәдениет және тіл саясаты салаларындағы жобаларды іске асыру жөнінде бірқатар міндет қойды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және спорт қайраткерлерінің әлеуметтік тұрмыс жағдайын жақсарту, жергілікті атқарушы органдармен және бизнес-құрылымдармен өзара ықпалдастықты нығайту бойынша жұмыстарды жандандыру қажеттігін айтты.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханды қабылдады. Кездесу барысында халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, жұмыссыздықты жою, жемқорлықты ауыздықтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сөз болды. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тарапынан жасалып жатқан қадамдарды халыққа жеткізу, түсіндіру мәселелеріне мән беру керектігін айтты. Депутат Бекболат Тілеухан рухани саланы дамытуға, оның ішінде «Абай жылын» атап өтуге қатысты өз ұсыныстарын білдірді.