Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Түркістан облысы Арыс қаласында болған төтенше жағдайға байланысты аймаққа арнайы барды.
Сапар барысында ол апат зардаптарын жою жұмыстарымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Зардап шеккен халықпен кездесуде Бауыржан Байбек бұл төтенше жағдайдың бүкіл халықты алаңдатқан ауыр оқиға болғанын атап өтті.
– Қазіргі таңда барша қазақстандық жұдырықтай жұмылып көмек қолын созуда. Мемлекет тарапынан да нақты шаралар қолға алынып жатыр. Осыған байланысты Елбасының тапсырмасымен қалпына келтіру жұмыстарына партия тарапынан қоғамдық бақылау күшейтіледі. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының да басты назарында, – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.
Бүгінгі таңда Арысты қалпына келтіру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Қала 17 секторға бөлініп, әрқайсысы еліміздің әр аймағына бөлініп берілген. Бауыржан Байбек бұл жұмыстар партияның басты назарында болып, апта сайын аймақтардың атқарған жұмыстарының нәтижелері жарияланатынын жеткізді.
– Әр аптаның соңында Арысты қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы мәліметтерді жинақтап, оның нәтижесін ашық түрде халыққа жариялап отырамыз. Қай облыстың қалай жұмыс істеп жатқанын халық көріп, білуі керек. Әрине, әр аймаққа бөлініп берілген секторлардың жағдайы біркелкі емес. Сондықтан нақты нәтиже мен дәйекті деректерге сүйеніп әрекет етеміз, – деді Бауыржан Байбек.
Сондай-ақ ол Nur Otan партиясының гуманитарлық көмекті қабылдап, арыстықтарға жіберу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізгенін атап өтті.
– Мұндай жағдайда елдігімізді көрсетіп, осы қиындықты бекем бірлігімізбен еңсеріп шығуымыз керек. Бұл жұмыстарда партия тарапынан тұрақты қолдау болады. Осы ретте жасотандықтардың белсенділігін де ерекше атап өткім келеді. Біздің партияның жастары еріктілерді бастап, өздері осы жаққа келіп, тікелей үлес қосып жатыр, – деген Бауыржан Байбек бүгінде кейбір жастардың атқарылып жатқан жұмыстарды сынап, елдің арасына іріткі салып жатқанына да назар аударды.
Айта кетейік, төтенше жағдай болған күннен бастап Nur Otan партиясы «Арыс, Біз біргеміз!» жалпыұлттық акциясын қолға алды. Партияның 17 аймақтық және бір аумақтық филиалының базасында гуманитарлық көмек қабылдайтын орталықтар ашылып, аймаққа арнайы автокеруендер жөнелтілді. Сондай-ақ партияның Орталық аппараты мен барлық аймақтық және аумақтық филиалының қызметкерлері арыстықтарға көмек ретінде біркүндік жалақыларын аударды. Партия жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің білікті мамандары зардап шеккен көпбалалы отбасыларға психологиялық қолдау көрсетіп, балаларының жазғы демалысын ұйымдастыру үшін аймақта жұмыс істеуде.
Сапар барысында Бауыржан Байбек Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге апаттан зардап шеккен әлеуметтік нысандарды да аралады. Оларды қалпына келтіру жұмыстарының жай-күйімен танысты. Атап айтқанда, қаладағы «Алтын тұмар» балабақшасына арнайы барып, жарылыс кезінде балаларды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстарын жедел әрі жүйелі түрде жүргізген тәрбиешілер, ата-аналар, психолог мамандар және жергілікті ақсақалдармен кездесті.
Сондай-ақ Алматы қаласына бекітіліп берілген секторда орналасқан үйлердің біріне арнайы ат басын бұрып, тұрғындарымен тілдесті. Қазіргі таңда аталған баспана тұруға жарамсыз деп танылған. Соған байланысты Алматы қаласы үйді қайта салып бермек.
Өз кезегінде үй иесі Талғат Ибрагимов қолдау білдірген барша қазақстандықтарға және мемлекет пен Nur Otan партиясына алғысын білдірді.
– Біз тұрған ауданның құрылыс жұмыстарын Алматы қаласы жүргізіп жатыр. Соған байланысты аталған қаланың басшылығынан, облыстық және жергілікті әкімдіктен, Nur Otan партиясының өкілдері келіп, үйімізді бір айдың ішінде салып беретінін айтты. Қиын сәтте жалғыз қалдырмай, көмек көрсетіп жатқан барша халыққа шексіз алғысымызды білдіреміз. Қираған үй қалпына келер. Ең бастысы, басымыз аман, еліміз тыныш болсын, – дейді Талғат Ибрагимов.
Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Шымкент қаласында өткен митингке қатысты. Бейбіт шеруге қалалық мәслихат депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және жергілікті белсенді азаматтар да қатысып, елдің арасына іріткі салып, халықты арандатып жүрген алаяқтарға қарсы пікірлерін ашық айтты. Сондай-ақ Бауыржан Байбек партияның Шымкент қалалық филиалында орналасқан Құқық қорғау қызметтерінің орталығы мен Қоғамдық қабылдау бөлмесінің «Халыққа көмек» бірыңғай әлеуметтік терезесінің жұмысымен танысты. Одан бөлек, партияның қалалық филиалының активімен кездесті.
Митинг кезінде Бауыржан Байбек партияның Арыстағы ағайынға қолдау көрсету мақсатында қолға алған игі бастамаларына кедергі келтіріп, барлық жұмысты жоққа шығарғысы келетін арандатушылардың да бар екенін айтты.
– «Оян, қазақ!» деп өтірік ұрандап жүрген арандатушылар да бар. Өздері Арысқа келіп, бір адамға көмектескен жоқ. Қазақ тілін де білмейді. Сөйтіп жүріп, халықтың атынан сөйлеген болады. Қазіргідей дамудың жаңа кезеңінде ондай бос сөз керек емес. Сондықтан біздің партия нақты істерге арқа сүйейді. Бос уәде бермейміз, – деді Бауыржан Байбек.
Бейбіт митингке арандатушылардың айтағымен көшеге шығып, Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалының алдындағы партия туын жұлмақ болған жігіт те қатысты. Ол халқымыздың бір атаның баласындай бірлік танытып, Арыстағы ағайынға қолдау көрсетуі бүкіл әлемге үлгі екенін жеткізіп, өзінің сол күнгі әрекетіне қатты өкінетінін айтты және соған байланысты барша қазақстандықтардан кешірім сұрады.
Іс-шара соңында партиямыздың туы көтерілді. Бұл рәсімге Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасарымен бірге туды орнынан алмақ болған Ниязбек Ерлан да қатысты.
Сонымен қатар Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары партияның Шымкент қалалық филиалында орналасқан Құқық қорғау қызметтерінің орталығы мен Қоғамдық қабылдау бөлмесінің «Халыққа көмек» бірыңғай әлеуметтік терезесінің жұмысымен танысты.
Бауыржан Байбек Шымкентке сапары кезінде партияның қалалық филиалының активімен кездесіп, Nur Otan-ның жаңа кезеңдегі міндеттеріне тоқталды.